Ұлттық құрама бапкерлері 2020 жылғы Токио ойындары қарсаңында есеп берді

30 Мамыр, 13:49
0
Ұлттық құрама бапкерлері 2020 жылғы Токио ойындары қарсаңында есеп берді - © thekievtimes.ua
© thekievtimes.ua

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бірлескен жиынында ұлттық құрама командалардың 2020 жылғы Токиодағы Олимпиада ойындарына дайындығы талқыланды. Олимпиадалық спорт түрлеріндегі ұлттық құрама бапкерлерімен кездесу Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының басшылығымен өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жиында жеңіл атлетика, каратэ, қазіргі бессайыс, гимнастика түрлері, үстел теннисі, каноэ мен байдаркада есу, волейбол және садақ атудан команда бас бапкерлерінің есебі тыңдалды. Айта кетелік, сәуір айында өткізілген кездесуде өзге тоғыз спорт түріндегі бас бапкерлер өз жұмысын қорытындылаған болатын. Мұндай бағыттағы басқосулар олимпиадалық спорт түрлеріндегі бас бапкерлермен түгел өткізіледі. Жиын кестесі құрама командалардың спорттық күнтізбесін есепке ала отырып құрылған. 

2019/2020 жылғы маусымда барлық командалар үшін басты міндет - 2020 жылғы Токио Олимпиадасына мейілінше көп жолдама алу болмақ. Бүгінде қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика, жүзу және велоспорттан төрт лицензия иеленді. 

"Федерациялармен жұмыс барысында жүйелі түрде кездесу бапкерлердің есеп беруімен ғана шектелмейді. Мұнда атқарылған жұмыстан бөлек, түйіні шешілмеген мәселелерді көтеруге мүмкіндік бар. Өйткені, еліміздегі спорт саласының басшылары тегіс жиналған. Олимпиада қарсаңындағы жыл біз үшін өте маңызды. Спортшылар да, бапкерлер де жаттығу кезеңі мен іріктеу сындарынан өзге ешнәрсеге алаңдамауы тиіс. Барлық ұйымдастыру жұмыстары бірлесіп шешілуі керек", - деді жиында сөз алған Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев. 

Осы орайда, ҰОК президенті ұлттық федерация басшыларына аймақтағы спортты дамыту мәселесін ұмытпай, спорттық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған сауалдарды жауапсыз қалдырмауды тапсырды. 

Сондай-ақ, жиын барысында халықаралық федерациялардағы Қазақстан өкілеттігі туралы мәселе көтерілді. Халықаралық қатынастарды дамыту Қазақстан ҰОК президентінің негізгі ұстанымдарының бірі, Тимур Құлыбаев барлық ұлттық федерацияларды осы бағыттағы жұмысты күшейтуге шақырды. 

"Бүгінде ҰОК, спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі Комитет пен федерациялар арасындағы бірлескен жүйе өз жемісін беруде. Бұл спортшылардың халықаралық деңгейдегі дайындығына әсер етті. ҰОК бізді дәрігерлер мен массажшылардың толық құрамымен қамтамасыз етті. Біздің спортшыларымыз бен бапкерлеріміз ҰОК тарапынан үлкен қолдау сезінеді", - деді Қазақстан гимнастика федерациясының бас хатшысы Айгүл Дүкенбаева.

"Биыл біздің спорт өкілдері үшін 2020 жылғы Токио ойындарына іріктеу кезеңі басталды. Қытайда өтетін Азия чемпионатында Олимпиадаға тікелей жолдама алу мақсаты тұр. Азия құрлығынан Олимпиадаға бес жолдама беріледі, яғни, әр елге бір лицензия тиесілі болмақ. Биыл алғашқы жолдамаға қол жеткіземіз деген үміт бар. Сондай-ақ, рейтингілік ұпай жинап, әлем чемпионатында сәтті өнер көрсету арқылы да лицензияға иелік ететін мүмкіндік қарастырылған. Бүгінде біздің спортшылар осы ірі жарыстарға дайындалуда. Жаттығу кезінде қандай да бір қиындықтар кездеспеді", - дейді қазіргі бессайыстан Қазақстан командасының бас бапкері Оксана Дмитриенко. 

Каратэден Қазақстан командасының бас бапкері Жасталап Санауов спортшыларды Токио Олимпиадасына дайындау барысында ҰОК тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды. 

"Каратэ Олимпиада бағдарламасына алғаш рет еніп отыр. Осыған қарамастан, біздің спортта төртжылдық додасына іріктеу жүйесі күрделі. Бүгінде спортшыларымыз қатысатын жарыстар тізбегі көп. Бұрын каратэшілер үшін басты дода Азия ойындары болатын. Каратэ Олимпиада бағдарламасына енгелі бері біздің қарсыластарымыздың қатары көбейді. Әсіресе, әлемдік жарыстарда көп жолықпаған еуропалық спортшылармен текетірес басталды.  Біз Еуропадағы жарыстарға мүлде қатыспадық десем, артық емес. Қазақстан ҰОК қолдауымен командаға Франциядан кеңесші бапкер келген соң, кәрі құрлықтағы қарсыластарымыз туралы құнды ақпараттар біле бастадық. Осыдан соң, Премьер-лига турнирлерінен жүлде алу маусымы басталды. Олимпиадалық рейтинг күшіне енгелі бері біз 17 медаль жеңіп алдық. Бүгінде Олимпиада жолдамасына иелік ету үшін мақсатты түрде жұмыс істеудеміз", - дейді Жасталап Санауов. 

Бапкерлер спортшылардың шетелге шығуына қосымша қаржы қарастыру керектігін айтты. Аталған мәселе жұмыс барысында шешіледі. Кездесуге қатысушылар спорттағы допинг мәселесін айналып өткен жоқ. Олимпиада қарсаңында бұл өз маңызын жоғалтпайтын басты мәселелердің бірі болып қала бермек. 

Қазіргі таңда ҰОК олимпиадалық спорт түрлеріндегі командалар арасында допингке қарсы семинар өткізуде. Сондай-ақ, допингке қарсы іс-шаралар жоспарында допингке қарсы Ұлттық орталық пен спорттық федерациялардың әр спортшымен жекелей жұмысы қарастырылған. Яғни, жыл бойына жарыстан тыс уақытта спортшылар бақылауда болмақ.

Еске сала кетейік, биыл құрама командалар 28 лицензиялық әлем чемпионатына, 19 Азия біріншілігіне, Олимпиада ойындарына жолдама таратылатын 12 әлемдік іріктеу турниріне қатысады. 2020 жылы біздің командалар 3 әлем чемпионаты, 19 азия аймақтық, 18 әлемдік іріктеу турниріне қатысып, олимпиадалық рейтинг бойынша ұпай беретін 50-ден аса әлем кубогі кезеңдерінде бақ сынайды. Лицензиялық жарыстар тізбегі 2020 жылдың 25 маусымында аяқталады. 

Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Олимпиадада спорттың 33 түрінен 339 жүлделер жиынтығы сарапқа салынады. 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай