Еуропада биылғы жаз аптап ыстықтан басталды: синоптиктер бірнеше елде рекорд көрсеткіштерді тіркеді. Жағдайдың күрделілігі сонша, билік футбол трансляцияларын тоқтатып, мектептерді жабуға және теміржол рельстерін деформациядан сақтауға мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды Tengri Travel.
Испания
SCMP мәліметінше, Испанияның AEMET метеорологиялық агенттігі Пиреней түбегі мен Майорканың көптеген аймағында қауіптің "қызыл" және "сарғылт" деңгейін жариялады. Синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы күндері термометр бағанасы 44 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Мадридте Әлем чемпионатының финалдық матчін қалалық көрсету шарасы тоқтатылды, бұл ойында Испания құрамасы Сауд Арабиясын жеңген болатын. Жергілікті шенеуніктер мыңдаған жанкүйердің аптап ыстықта болуы өміріне тым қауіпті деп шешті.
Күн тек бейсенбіге қарай салқындай бастайды - сол кезде температура төмендегенімен, далада жүру бәрібір қиын болады.
Италия
DW мәліметінше, Италияда ауа температурасы тұрақты түрде 35 градустан жоғары болып тұр. Осыған байланысты елдің Денсаулық сақтау министрлігі Милан, Турин, Болонья және Флоренцияны қоса алғанда, сегіз ірі қалада қауіптің "қызыл" деңгейін енгізді.
Германия
DW мәліметінше, Германияның метеорологиялық қызметі сәрсенбіге қарай 39 градусқа дейін аптап ыстық болатынын болжап отыр, алайда елдің оңтүстігі мен батысын бір мезгілде жойқын дауыл, найзағай мен бұршақ басты.
Өткен жұмада қатты дауыл бірнеше фестивальдің өткізілуіне кедергі келтірді. Спорт саласы да зардап шекті: Berlin Open теннис турнирінің ұйымдастырушылары екпінді жел мен нөсер жауын салдарынан көрермендер мен ойыншыларды корттардан шұғыл эвакуациялауға мәжбүр болды.
Америкалық Джессика Пегула мен чехиялық Линда Носкова арасындағы әйелдер арасындағы жекелей сынның финалын тоқтата тұруға тура келді.
Франция
БАҚ мәліметінше, қауіптің "қызыл" деңгейі енгізілген материктік департаменттер саны 35-тен 49-ға дейін өсті - бұл ел аумағының жартысынан астамы. Кейбір аймақта маусымдағы температура 40 градустан асып кетті.
Осыған байланысты мұнда қатаң шаралар енгізілді:
- 845 мектеп жабылатыны жарияланды, тағы 1 800 оқу орнында балаларды үйге ерте қайтуға рұқсат берілді;
- бірқатар қалада жыл сайынғы ауқымды музыкалық фестиваль тоқтатылды;
- үкімет азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында "қызыл" аймақтардағы қоғамдық орындарда алкоголь ішуге тыйым салды;
- Париж бен оның маңындағы елді мекендер рельстердің деформациялануын болдырмау үшін қала маңындағы пойыздар қозғалысын шектеді.
Бельгия
SCMP мәліметінше, IRM метеорологиялық институтының болжау бөлімінің басшысы Дэвид Дехенау осы аптадағы температура елдегі "бақылау тарихындағы ең жоғары" көрсеткіш болуы мүмкін екенін ескертті.
Рельстерде апатты болдырмау үшін Бельгияның ұлттық теміржол компаниясы (SNCB) дүйсенбі және сейсенбі күндері қарбалас уақытта пойыздардың бір бөлігін тоқтатты.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар 2026 жылы қай елдерге визасыз бара алады?