Еуропаның танымал елінде туристерге байланысты алкоголь сату ережелері қатаңдатылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Еуропаның танымал елінде туристерге байланысты алкоголь сату ережелері қатаңдатылды Фото:depositphotos.com

Туристік маусымның қызған шағында Хорватия алкоголь сату ережелерін қатаңдату туралы шешім қабылдады. Жаңа шаралар курорттық аймақтардағы шу мен тәртіпсіздікке қатысты ескі мәселені шешуге бағытталған, - деп хабарлайды Tengri Travel тілшісі Daily Express-ке сілтеме жасап.


Туристік маусымның қызған шағында Хорватия алкоголь сату ережелерін қатаңдату туралы шешім қабылдады. Жаңа шаралар курорттық аймақтардағы шу мен тәртіпсіздікке қатысты ескі мәселені шешуге бағытталған, - деп хабарлайды Tengri Travel тілшісі Daily Express-ке сілтеме жасап.

Не өзгерді?

Сауда туралы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, жергілікті билік енді "шамадан тыс шу, тәртіпсіздік және түнгі тыныштықты бұзу" жағдайлары тіркелетін аудандарда түнгі уақытта - сағат 20:00-ден 06:00-ге дейін алкоголь сатуға өз бетінше шектеу енгізе алады.

Билік бұл өзгерістерді танымал курорттық аймақтарға түсетін салмақты азайту және жыл сайын миллиондаған турист келетін орындарда "қоғамдық тәртіпті қорғау" қажеттілігімен байланыстырады.

Бұл ретте шектеулер барлар, мейрамханалар және лицензиясы бар мекемелерге қолданылмайды. Тыйым қарапайым дүкендерге, тәулік бойы жұмыс істейтін дүңгіршектерге және алкоголь жеткізу қызметтеріне қатысты болады.

Басылым мәліметінше, бұл шаралар кейінгі жылдары елдің бірқатар жағалаудағы аймағы үшін мәселеге айналған party tourism (кешкілік ойын-сауық туризмі) деп аталатын құбылысқа қарсы бағытталған кең ауқымды саясаттың бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.

Сатып алушылардың жасын бақылауды күшейту

Жаңа ережелер кәмелетке толмағандарға алкоголь сатуды бақылауды да қатаңдатады. Енді сатушылар жасын растайтын құжаты жоқ 18 жасқа толмаған тұлғаларға алкоголь және энергетикалық сусындарды сатудан бас тартуға міндетті.

Бұл норма өзіне-өзі қызмет көрсету кассаларына да, автоматтандырылған жүйелерге де таралады. Онлайн-сауда да қатаң бақылауға алынды: сатып алу үшін e-Građani цифрлық сәйкестендіру жүйесі арқылы жасты міндетті түрде тексеру қажет болады.

Билік бұл реформалар "қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға", жастарды қорғауға және муниципалитеттердің туристік ағындарды басқару мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын алға тартады.

Танымал туристік орталықтар бұл жаңашылдықтарды қолдап үлгерді. Мәселен, Сплит қаласының жергілікті тұрғындары мас саяхатшылардың көптігіне және терезе алдындағы толассыз шуға бұрыннан шағымданып келген.

"Өзгерістер қоғамдық тәртіпті жақсартуға көмектеседі және сонымен қатар ірі туристік орталықтарда тұратын адамдардың өмір сүру сапасын сақтап қалады", - деп қала тұрғындары өз ұстанымдарын негіздеді.

Мұндай шаралардың қажеттілігі әлдеқашан пісіп-жетілген. Хорватияның, әсіресе оның Адриатика жағалауының танымалдылығы жыл өткен сайын артып келеді.

Тек 2025 жылдың ішінде ел 21,8 миллионнан аса туристі қабылдап, рекорд 110 миллион қонақ түнеуін қамтамасыз етті. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштерден 2 пайызға артық. Дегенмен, туризмнен түсетін табыспен бірге инфрақұрылымға салмақ түсіп, қонақтардың әдепсіз мінез-құлық көрсету жағдайлары жиіледі, бұл заң шығарушыларды қатаң шараларға баруға мәжбүр етті.

TengriTravel
;