Тоғыз айлық піл Бани Уттаракханд штатында жүрдек пойыздың астына түсіп, ауыр жарақат алған. Оқиғадан кейін бір жыл өткен соң оның тағдыры қалай өзгерді? Толығырақ - Tengritravel.kz материалында.
Бани қалай аман қалды?
The Independent басылымы мәліметінше, бір жыл бұрын тоғыз айлық піл Бани ауыр апатқа ұшырады – оны Үндістанның Уттаракханд штатында жүрдек пойыз қағып кеткен. Соққыдан кейін ол алысқа ұшып, ауыр жарақат алып, сал болып қалды. Оның толыққанды өмір сүруіне ешқандай мүмкіндік жоқ сияқты көрінген.
Алайда Бани Үндістандағы алғашқы мамандандырылған пілдер ауруханасына жеткізілді. Бұл Матхурадағы (Уттар-Прадеш штаты) емдеу орталығы, онда ветеринарлар оны аяғына тұрғызу үшін бар күш-жігерін жұмсаған.
Пілді емдеу барысы
Ветеринарлар қалпына келтірудің барлық әдістерін қолданды: гидротерапия, аюрведа, ине терапиясы және басқа да тәсілдер.
Шешуші сәт 2024 жылдың ақпанында болған – ұзақ уақыт бойы жасалған май массаждары мен судағы жаттығулардан кейін Бани алғаш рет аяғына тұрған. Осы сәттен бастап оның оқиғасы нағыз сенсацияға айналды – оның алғашқы қадамдары, суда ойнаған сәттері мен тамақтану сәттері түсірілген бейнелер әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.
Бүгінде Бани қандай жағдайда?
Қазір екі жасар Бани қысқа қашықтыққа еркін қозғалады және айналасын қызығушылықпен бақылайды. Ол аяқтарын қорғау үшін арнайы аяқ киім киеді.
Қамқоршылары оған ерекше күтім жасап қана қоймай, ыңғайлы жағдай жасап қойған.
"Бани өзіне күтім жасайтын адамдармен ерекше байланыс орнатты. Ол олардың мейірімін сезіп, өз сенімімен жауап береді", – деді Wildlife SOS ұйымының тең құрылтайшысы Карттик Сатьянараян.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!