Францияның танымал блогері Алвин Маңғыстау облысына жасаған бір апталық экспедициясынан кейін бұл өңір оның планета туралы түсінігін түбегейлі өзгерткенін мәлімдеді. Саяхатшы Tengri Travel тілшісіне сапарының барлық жақсы тұстары мен қиындықтарын айтып берді.
Қазақстанға жасалған үшінші сапар
Франциялық блогер Алвин саяхат пен сән әлемін ұштастырған бейнероликтер түсіреді. Ол өз жобаларында ерекше образдар мен түрлі елдің табиғи локацияларын үйлестіруге тырысады.
"Мен осының бәрін үйлесімді түрде біріктіруге тырысамын. Мақсатым – өз стилімді көрсету ғана емес, адамдарға бірегей орындарды таныстырып, өзім барған елдердің әсемдігін таныстыру", – деді ол.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
Ол Қазақстанға үшінші рет келіп отыр. Бұған дейін Алвин Алматыда екі рет болып, өз сөзінше, дәл сол сапарлардан кейін қайта оралуды ұйғарған.
"Былтыр мен Алматыда екі рет болдым және бұл елге, әсіресе оның адамдарына бірден ғашық болдым. Мұнда өзімді өте жайлы сезіндім. Маңғыстау туралы көп еститінмін, бірақ Алматыдан ол жаққа жету тым алыс болды. Сондықтан Батыс Қазақстанды зерттеу үшін міндетті түрде қайта келетінімді білдім", - деп түсіндірді Алвин сапарының себебін.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
8 күн ішінде франциялық саяхатшы мына жерлерге барып үлгерген:
- Ақтау, Жаңаөзен, Қарынжарық;
- Қызылкүп ("Тирамису" шатқалы + Боқты тауы);
- Бозжыра, Тұзбайыр, Сенек;
- Шерқала, Айрақты және Торыш.
Әрбір орын блогерге өзінше әсер қалдырған: айбынды Бозжыра өмір туралы қайта ойлануға мәжбүр етсе, Қызылкүп каньоны ерекше толқыныс сыйлаған, ал Қарынжарық ойпатының пейзаждары оған ғылыми-фантастикалық блокбастердің декорацияларын еске түсірген.
"Түрлі түстердің қанықтығы, күн батқандағы аспанның құбылуы бойымда өте қуатты сезім оятты. Ал Қарынжарық ойпатына жеткенде - мен бұл көрініске таңдай қағып, қайран қалдым, бұл нағыз ғылыми-фантастикалық фильмге лайық көрініс екен. Сондықтан менің үздік үштігім - Қызылкүп, Қарынжарық және Бозжыра", - деп бөлісті Алвин.
Ең көп ұнағаны
Алвин Маңғыстау сапарының басты артықшылықтары ретінде тыныш, жабайы және мүлдем қол тимеген табиғатты атап өтті. Сондай-ақ, ол туристер қарасы аз екенін, жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығы мен мейірімділігін, соның арқасында өзін үйіңдегідей сезінгенін және әрине, дәмді тағамдарды тілге тиек етті.
Ең жарқын естеліктердің бірі - Қарынжарық ойпатының маңында алғаш рет шатырда түнеуі. Қазақстанға келгенге дейін Алвин ешқашан шатырда қонып көрмеген, сондықтан бұл сынақ ол күткеннен де қиынырақ болып шықты.
"Мен Қарынжарық ойпаты маңында қас қарая шатыр тіктім. Түн өте ауыр болды: қатты жел соғып, дауыл тұрды, ал мен бұған үйренбегенмін, өйткені бұл менің шатырдағы алғашқы түнім еді! Кейін жануарлардың қорқынышты дыбыстарын естідім - олар өте жақын келіп, шатырға келді (меніңше, олар қорқаулар болды). Сол түні мен шынымен өліп кетемін деп ойладым", - деп бөлісті ол.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
Тілдік кедергі
Қиындықтар да болған. Блогердің айтуынша, ең байқалған қолайсыздық тілдік кедергі болған.
"Мен қазақша сөйлей алмаймын, сондықтан ойымды түсіндіру қиынға соқты. Егер тіл білгенімде, сапар бұдан да керемет өтер еді деп ойлаймын", - деді Алвин.
Аймақтың тағы бір ерекшелігі - қашықтық пен жолдардың күрделілігі.
Көрікті жерлердің арасындағы жол көп уақытты алды, ал жолсыз жерлермен жүру сапарды нағыз шытырман оқиғаға айналдырды.
Бұдан бөлек, Алвин ұшып келген кезде кедендік бақылауда кішкене кідіріс туындаған.
"Офицерлер сөмкемді тексеру және келу мақсатымды сұрау үшін мені шетке шығарды. Олардың жай ғана өз жұмысын істеп жатқанын түсінемін, бірақ өзімді біртүрлі сезіндім", - дейді франциялық саяхатшы.
Елдің батысына бармас бұрын Алвин үшін Қазақстан ең алдымен Алматы және таулармен байланысты болатын. Маңғыстау оның бұл ел туралы түсінігін толығымен өзгертті.
"Мұнда мен мүлдем басқа, бұдан да жабайы Қазақстанды аштым. Мен айналаның бәрі орасан зор масштабта болған кинофильмнің ішінде жүргендей болдым", - деді Алвин.
Оның айтуынша, дәл осындай жерлер Жер бетінде әлі де қаншама таңғажайып мекендердің барын еске салады.
"Ғарышкерлер ғарышты зерттеуді армандайды, бірақ дәл осы жерде, Жер бетінде ғаламдағы ең әдемі жерлер жасырылған. Мен Қазақстанның кішкентай ғана бөлігін көрдім. Мұнда әлі де ашылмаған дүниелер өте көп", - деп түйіндеді блогер.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
Маңғыстаудан кейін Алвин Қазақстанға төртінші сапарын жоспарлап қойған.
Оның барғысы келетін жерлер тізімінде мыналар бар:
- Барсакелмес қорығы;
- Қызылорда;
- Байқоңыр ғарыш айлағы;
- Астана;
- Тарбағатай;
- Алтай.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
Қазақстанға сапар шегуді жоспарлағандарға кеңес
Сапар қорытындысы бойынша француз жиһанкезі саяхатшыларға бірнеше ұсыныс айтты:
- қазақ тілін аздап үйренуге тырысыңыз. Бұл адамдарды жақсырақ түсінуге көмектеседі және саяхатыңызды одан әрі қызықты ете түседі;
- ашық болыңыз. Мәдениетке бойлаңыз, жергілікті тағамдардан дәм татыңыз және қазақтар сияқты өмір сүріп көріңіз;
- арақашықтықты ескеріңіз. Қазақстан өте үлкен, сондықтан бәрін бірден көру мүмкін емес. Не көптеген аялдамасы бар бір ұзақ тур жоспарлаңыз, немесе бағыттарды бірнеше сапарға бөліңіз: Шығыс, Батыс, Солтүстік және Оңтүстікке бөлек барыңыз.