EasyJet әуекомпаниясының Хургададан Манчестерге бағыт алған рейсі пилоттардың бірінің есінен танып қалуына байланысты Афинаға шұғыл қонуға мәжбүр болды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Оқиға рейс ұшқаннан кейін екі сағат өткен соң болған.
Daily Mail мәліметінше, экипаж мүшелері кенеттен пилоттар кабинасына қарай жүгірген, бұл жолаушылар арасында алаңдаушылық тудырған. Біраз уақыттан кейін экипаж бортта медицина қызметкерлері бар-жоғын сұрай бастаған. Бірнеше жолаушы көмек көрсетуге ұмтылды.
Кейінірек жолаушыларға медициналық көмектің ұшақ капитанына қажет екені хабарланды.
"Бұл мәселе жолаушыға емес, пилотқа қатысты екенін білгенде, көптеген адам, соның ішінде мен де, үрейлене бастадым", – деді жолаушылардың бірі.
Ұшақ ішінде дүрбелең күшейе түскен, тіпті жолаушылардың бірі үрейленіп, оған оттегі маскасы берілген. Алайда екінші пилот басқаруды өз қолына алып, Афинаға қонуды сәтті орындады. Жерде ұшақты жедел қызмет өкілдері күтіп алған.
Стресс жағдайына қарамастан, жолаушылар экипаждың және екінші пилоттың кәсіби әрекетін жоғары бағалады.
"Барлығы оған шапалақ соғып, алғыс айтты", – деп бөлісті жолаушылардың бірі.
EasyJet өкілі оқиғаны растады және қону стандартты қауіпсіздік процедураларына сәйкес жүргізілгенін мәлімдеді. Жолаушылар қонақүйлерге орналастырылып, оларға тамақ берілді.
Келесі күні жолаушылар сапарын жалғастырып, Манчестерге ұшып кетті. EasyJet компаниясы қолайсыздық үшін кешірім сұрап, жолаушылардың шыдамдылығы мен түсіністігіне алғыс айтқан.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!