Осыдан 30 жыл бұрын, 1996 жылғы 3 шілдеде Борис Ельцин сайлаудың екінші турында коммунистердің кандидаты Геннадий Зюгановты жеңіп, президент болып сайланды.
Осыдан 30 жыл бұрын, 1996 жылғы 3 шілдеде Борис Ельцин сайлаудың екінші турында коммунистердің кандидаты Геннадий Зюгановты жеңіп, президент болып сайланды.
Ресей тарихы үшін бұл бетбұрыс кезең болды. Бұл сайлау тартысқа толы шиеленіс, қатысушылардың көптігі және астыртын жүрген қатал күреспен ерекшеленді. Сонымен қатар бұл оқиғаның бұрынғы КСРО аумағындағы барлық жаңа тәуелсіз мемлекетке, соның ішінде Қазақстанға да қатысы бар еді. Саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков Tengrinews.kz авторлық бағанында бұл сайлауды бізде неге үлкен қызығушылық, тіпті алаңдаушылықпен бақылағанын және арада 30 жыл өткен соң бұл оқиғаны неге еске алу керек екенін айтады.
КСРО ыдырағанына бес жыл өткен кез
Бұл сайлауды бізде де жіті қадағалап отырды, өйткені 1996 жылға қарай КСРО-ның ыдырағанына көп уақыт өте қоймаған еді - небәрі бес жылға жетер-жетпес уақыт. Оның үстіне, осы мемлекеттің тарихына нүкте қойған Беловеж келісіміне дәл осы Ельцин қол қойған болатын.
1996 жылға қарай Украинада да, Беларусьте де КСРО тарихын аяқтаған бұл аса маңызды құжатқа қол қойған мемлекет басшылары билікте қалмаған еді. Украина президенті Леонид Кравчук 1994 жылы сайлауда Леонид Кучмадан жеңілді. Сол жылы Беларусь Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы төрағасы Станислав Шушкевич алғашқы президенттік сайлауда тек 4-орын алып, Александр Лукашенко жеңіске жетті.
Осылайша, 1996 жылға қарай Беловеж келісіміне қол қойған үшеудің ішінен тек Ельцин ғана билікте қалды. Бірақ оның жағдайы онша тұрақты емес еді, түрлі сауалнамаларға сәйкес рейтингі 3–9 пайыз аралығында құбылып тұрды. Бұған қоғамда қолдау таппаған Шешенстандағы соғыс пен алдымен Егор Гайдар, кейін оның орнын басқан Виктор Черномырдин үкіметі жүргізген либералдық экономикалық реформалардың салдары әсер етті.
Жоспарлы экономикадан нарыққа өту Ресей қоғамының басым бөлігі үшін үлкен соққы болды. Көптеген адам жұмыссыз қалды. Бұл жағдай, сонымен қатар, негізінен қала зиялыларынан тұратын либералды электораттың азаюына әкеп соқты.
90-жылдардың ортасында Одақтың қайта оралуынан кімдер және неге қорықты?
Бұған дейін, 1995 жылы Мемлекеттік Думаға сайлау өткен еді. Оның қорытындысы бойынша:
- Гайдар бастаған "Ресейдің демократиялық таңдауы - біріккен демократтар" либералдық партиясы жалпыұлттық тізім бойынша сайлаушылардың 3,86 пайыз дауысын жинап, бес пайыздық кедергіден өте алмағандықтан Думаға кіре алмады;
- Григорий Явлинскийдің "Яблоко" атты тағы бір либералдық партиясы 6,89 пайыз дауыс жинап, парламенттегі жалғыз либералды күш болды;
- ең көп дауысты Зюганов бастаған коммунистер иеленді - 22,8 пайыз;
- Владимир Жириновскийдің Либералдық-демократиялық партиясы (ЛДПР) - 11 пайыз;
- Черномырдиннің "Біздің үй - Ресей" билік партиясы 10 пайыз дауыс алды.
Сондай-ақ сайлауға қырыққа жуық ұсақ партия қатысып, олар барлығы 49 пайыз дауыс жинады, бірақ бұл дауыстар бес пайыздық межеден өткен төрт партияға бөлініп берілді. Нәтижесінде парламенттің пропорционалды тізіммен сайланатын бөлігінде мандаттардың басым көпшілігі коммунистер мен ЛДПР-ға бұйырды.
Реванш алудың тікелей әрекеті жасалады деп қауіптену екіталай, бірақ жағдайдың көпшілік үшін қолайсыз болатыны анық еді. Оның үстіне, либералдық экономикалық реформалар кезінде көптеген елде жағдай айтарлықтай нашарлап, КСРО-ны аңсайтын көңіл-күй байқала бастаған еді.
Бұдан бөлек, Шешенстандағы соғыс әскерилердің ықпалының артуына әкелді - олар іс жүзінде саяси сахнаға шыға бастады. Армия мен әскери-өнеркәсіп кешенінің КСРО-да қандай рөл атқарғанын ескерсек, ел ыдырағаннан кейін олардың арасындағы түңілу деңгейін елестетуге болады. Негізінде, 1996 жылғы сайлауға генерал Александр Лебедьтің қатысуы қоғамның белгілі бір бөлігінің көңіл-күйін білдірді.
Грозныйға шабуыл, 1995 жылғы қаңтар. Шешен жауынгері ұрыс қимылдарының қысқа үзілісі кезінде Үкімет сарайы ғимаратының жанында тұр. Фото авторы: Михаил Евстафьев. Лицензия бойынша пайдаланылды: CC BY-SA 3.0
Мұндай жағдайда Зюгановтың 1996 жылғы президенттік сайлаудағы жеңісі әбден мүмкін сценарий ретінде қарастырыла бастады.
КСРО-ны қайта тірілту әрекеттеріне қатысты қауіптер асыра сілтелген болуы да мүмкін еді. Зюганов Давосқа барып, өзінің қалыпты социалистік бағыттағы бағдарламасын таныстырды. Оның үстіне Шығыс Еуропаның кейбір бұрынғы социалистік елдерінде либералдық экономикалық реформалардың бірінші толқыны мен соған байланысты қиындықтардан кейін билікке қалыпты солшыл партиялар келген болатын, бұл үлкен дүмпулерге әкеле қойған жоқ.
Бірақ 1996 жылдың көктемінде Ресейде жағдай дәл осындай сценариймен өрбиді деп ешкім сеніммен айта алмады. Посткеңестік кеңістікте Ресейде коммунистер билікке келуі мүмкін деген үрей - мейлі ол негізді болсын, мейлі қолдан жасалсын - кең таралған еді.
Сайлау алдындағы күрес, ықпалды топтар және 95-жылғы кепілдік аукциондары
Парадокс мынады - Ресейдегі ықтимал коммунистік реваншқа қарсы, өзара айтарлықтай қайшылықтары бар әртүрлі күштер шықты. Соған қарамастан, олар өз іштерінде астыртын күрес жүргізіп жатса да, Ельциннің айналасына бірікті.
Бір топты күштік құрылымдар арасындағы президенттің ең жақын айналасы құрады. Бұл сол кездегі ресейлік саясаттың "көлеңкелі кардиналы" саналған президенттің күзет қызметі басшысы Александр Коржаков болатын. Сонымен қатар ол өз адамы Михаил Барсуков басқарған ФСБ-ны да бақылауда ұстады.
Олармен үкімет төрағасының бірінші орынбасары, шартты түрде "қызыл директорлар" тобының мүддесін қорғайтын Олег Сосковец те тығыз байланысты болды. Бұл - нарықтық экономикаға әлдеқашан бейімделіп үлгерген, бірақ либералдық экономикалық саясаттың радикалды нұсқасы аясындағы "есеңгірету терапиясына" қарсы және мемлекеттік қолдауды қажет ететін өнеркәсіптік дамуды жақтаған кеңес дәуірінің басшылары еді.
Айта кететін жайт, Сосковец 1992 жылы біраз уақыт Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары болған. Ол жергілікті "қызыл директорлар" мен еліміздің басшылығы арасындағы өзара іс-қимылда өз рөлін атқарды.
Екінші топ биліктегі либералдар еді. Кейінірек Ресейде оларды жүйелі либералдар деп атап кетті. Олардың бейресми көшбасшысы Анатолий Чубайс болды. Олар коммунистердің реваншына жол бермеу керек деген ортақ ұстанымда болды. Сонымен қатар классикалық либералдық идеялардың халық арасындағы танымалдығы төмен екенін жақсы түсінді. Гайдар партиясының Мемлекеттік дума сайлауындағы нәтижелері мұны анық көрсетіп берді. Тиісінше, олардың батысеуропалық демократия моделіне тән әдістерге сенім артуға мүмкіндігі болмады.
Бәлкім, дәл осы себепті олар 1995 жылы кепілдік аукциондарын ұйымдастырды, соның нәтижесінде ірі кәсіпорындар, соның ішінде мұнай өндіруші компаниялар су тегін бағаға жаңа олигархтардың қолына өтті. Бұл жердегі қисын - бәрібір коммунистердің қайта келуінен осы жақсы деген ой болуы мүмкін. Өйткені олигархтар теориялық тұрғыда саяси бәсекелестікті қолдауы мүмкін еді.
Кейіннен, президент Владимир Путиннің тұсында бұл Ресейде Михаил Ходорковскийдің ЮКОС компаниясы төңірегіндегі қақтығысқа әкелді, ол сол коммунистерді де қаржыландырған болатын.
Бірақ сол кезде, 1995 жылы, кепілдік аукциондары қоғамдағы либералдық экономикалық реформалар мен Ельцин тұлғасына деген теріс көзқарасты күшейте түсті. Сонымен қатар, олар коммунистердің реваншына мүлдем мүдделі емес ықпалды бизнесмендер тобын қалыптастырды. Оларға Зюганов тіпті қалыпты солшыл күн тәртібін жүзеге асырған күннің өзінде, бұл бәрібір кепілдік аукциондарының нәтижелерін жоюға әкелетіні анық еді.
Олардың Ельциннің жеңісін қалауы қисынды еді. Сонымен қатар жүйелі либералдар да, жаңа олигархтар да күштік құрылымдардың күшеюін және сайлаудың тоқтатылуын қаламады. Мемлекеттік Дума 15 наурызда Беловеж келісімдерін мойындамау туралы шешім қабылдағаннан кейін, бұл өте танымал идеяға айналды.
Ельцин сайлауды тоқтату және коммунистік партияға тыйым салу нұсқасын қарастыруды тапырды. Бұл идеяны Сосковец пен Коржаков қолдады. Олар сайлауды 1998 жылға ауыстырып, сол кезде Ельциннің мұрагерін ұсыну керек деп есептеді.
Ресей президенті Борис Ельцин 1996 жылғы 7 қаңтар. Мәскеудегі "Храм Христа Спасителя" шіркеуінің сыртқы қабырғасына соңғы тасты қалау сәті. Фото: Алексей Сазонов/Б.Н. Ельцин Президенттік орталығы
Бірақ 23 наурызда Ельциннің қызы Татьяна Дьяченко оны Чубайс пен Черномырдин ұсынған нұсқаға - бәрібір сайлауға түсуге және олигархтардың көмегін қабылдауға көндірді деп есептеледі. Сол күні Сосковец сайлау штабының басшысы қызметінен босатылып, оның орнына Чубайс келді.
Сайлау науқанының басында Ельциннің рейтингі небәрі 3–4 пайыз болған еді. Алайда халықтың түрлі топтарының үміт-тілегін жіті талдауға негізделген қуатты насихат жұмысы жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді. Мұнда, сөзсіз, либералды көзқарастағы электорат өз рөлін атқарды. Реформалардың нәтижесіне көңілі қатты қалғанына қарамастан, олар коммунистердің қайта келуін және теориялық тұрғыда КСРО-ның қайта жаңғыруын қаламады.
Мұндай қауіптің болуы мүмкін емес екені түсінікті еді, бірақ бұл адамдарға жағдай дәл осылай түсіндірілді. Сонымен қатар, олар бұрынғы үміттерінен бас тартуға дайын емес болатын.
Қолдаушылардың тағы бір тобы - мүлік иелері болды. Нарықтық реформалар барысында ұсақ және орта буржуазияның айтарлықтай үлкен тобы қалыптасты. Олар үшін меншігінен айырылып қалу қаупі, тіпті ол екіталай болса да, үлкен мәселе болғаны анық.
Әдеттегі жағдайда ұсақ және орта буржуазия саяси тұрғыдан аса белсенді емес. Бірақ мәселе олардың меншігіне қатысты болып, ақпарат тиісті деңгейде ұсынылса, жағдай мүлдем өзгереді. Сондықтан Ельцин ұсақ буржуазиялық дауыстардың тағы 10–15 пайызынан үміттене алды.
Ельцин 96-шы жылғы сайлауда жеңіске жетті, бәрі жеңіл тыныстады
Жалпы алғанда, оның 1996 жылғы сайлауалды науқаны негізінен халықтың коммунистік реванштан қорқуына бағытталды. Оған қоса, олигархтардан түскен қомақты қаржы көптеген танымал әртісті тарта отырып, тиісті әсер қалдыруға мүмкіндік берді. Әрине, олардың көбі нарықтық кезеңнің өкілдері болғандықтан, КСРО заманына гипотетикалық түрде болса да қайтуды қаламады. Осылайша, олардың идеялық ұстанымдары мен қомақты қаржыландыру бір арнада тоғысты.
Сол кезде Ресейде кейінгі кезеңдегідей орталықтандырылған билік вертикалінің болмағаны назар аудартады. Өңірлердің сайланбалы басшылары айтарлықтай дербес еді, олардың көбі Зюгановты қолдауға ниетті болды. Сондықтан классикалық әкімшілік ресурсты пайдалану оңайға соқпады. Мұнда "көлеңкелі" келіссөздер үлкен рөл атқарды. Нәтижесінде, күрделі келіссөздерден соң негізгі аймақтық лидерлер қазіргі президентті қолдады. Барлық күш-жігердің арқасында Ельцин 1996 жылдың 16 маусымында өткен сайлаудың бірінші турында бірінші орынға шықты.
- Ол 69,81 пайыз сайлаушының қатысуымен 35,28 пайыз дауыс жинады.
- Коммунистер көшбасшысы Зюганов 32 пайыз дауыс алды.
- Үшінші орынды 14,5 пайызбен генерал Лебедь иеленді.
Либерал Явлинскийдің 7,34 пайыз, ал Жириновскийдің 5,7 пайыз жинағанын ескерсек, теориялық тұрғыда Ельцин кем дегенде Явлинскийдің сайлаушыларына сенім арта алар еді. Алайда Лебедьке дауыс бергендер нағыз мәселеге айналуы мүмкін еді. Бұл - шартты түрде болса да - наразы электорат болатын. Оларға "темір жұдырық" идеясы жақын болғанымен, популизмге бейім еді.
Нәтижесінде Ельциннің штабы тәуекелге бармауды жөн көріп, Лебедьпен мәміле жасасты. 18 маусымда ол Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды - қауесеттерге қарағанда, сол кезде оның болашақ мұрагер болу мүмкіндігі туралы сөз болған. Қалай болғанда да, бұл Ельцинге екінші турда Лебедьтің дауыстарының көп бөлігін иеленуге мүмкіндік беріп, Явлинскийдің дауыстарын қоса алғанда, жеңісті қамтамасыз етті.
Бірақ бірінші және екінші тур арасында жағдайды түбегейлі өзгерте алатын бірқатар оқиға болды. 19 маусымда үкімет үйінен шығаберісте политтехнологтар Сергей Лисовский мен Аркадий Евстафьевті ұстау оқиғасы болды, олардың қорабынан "көлеңкелі кассаның" жарты миллион доллары табылды - бұл оқиға тарихта "ксерокс қорабы туралы іс" деген атпен қалды.
Сол баяғы ксерокс қорабы. Жедел түсірілімнен кадр
Осылайша Коржаков Ельциннің сайлау штабындағы либералдарды ұрлық жасады деп айыптап, оларды ойсырата жеңбек болды. Бұл іс жүзінде қамтамасыз етілген жеңіс қарсаңында оларды президенттің алдында қаралау әрекеті еді. Коржаков екінші турдағы жеңістен кейін жүйелі либералдардың Ельцинге ықпалы тек арта түсетінін түсінді.
Бұл саяси дағдарысқа әкелді, бірақ Ельцин либералдар жағын таңдап, Коржаковты, Сосковецті және Барсуковты қызметтен босатты. Алайда 26 маусымда Ресей президенті инфаркт алды - бұл 1995 жылдың жазынан бергі бір жыл ішіндегі алтыншы инфаркті еді. Бұл ақпаратты жасыру әрекеті сәтсіз аяқталды. Соған қарамастан, монтаждың көмегімен Ельцинді теледидардағы бірқатар бейнежазбадан көрсетті.
3 шілдедегі сайлауға ол келе алды және соңында 53,82 пайыз дауыс жинап, екінші турда жеңіске жетті. Зюганов 40,31 пайыз дауыс жинады.
Бұл нәтиже белгілі бір мағынада Ельциннің өзі үшін де, оның жеңісіне бәс тіккендердің бәрі үшін де ерлікпен тең болды. Әрине, коммунистік реванш қаупі тым асыра сілтелген болуы мүмкін, бірақ соған қарамастан, басында танымалдылығы мүлдем төмен болған кандидаттың жеңісін іс жүзінде нөлден бастап ұйымдастыру - үлкен нәтиже. Барлық қатысушының өз уәждері болды және олар өте салмақты еді.
Ельциннің өзі де, биліктегі либералдар да, олигархтар да Беловеж келісімінен кейінгі алғашқы бес жылдың қорытындысын қайта қарауды қаламағаны түсінікті. Сондықтан посткеңестік кеңістікте және одан тыс жерлерде көпшілік жеңіл тыныстап қалды.
Кейін 1998 жылғы дағдарыстан соң экономикалық өсім басталды, бірақ бұл - басқа әңгіме.
Редакцияның көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін
Аударған: Дина Шәріпхан