Алматыдағы Әуежай көліне және оны мекендеушілерге қандай қауіп бар?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыдағы Әуежай көліне және оны мекендеушілерге қандай қауіп бар? Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

60-қа жуық құс түрі, балықтар, жайқалған жасыл желек және қауіпті абаттандыру жоспары - назарларыңызға Алматы су айдындарына төнген қауіп пен су тапшылығына арналған топтаманың келесі материалын ұсынамыз.


60-қа жуық құс түрі, балықтар, жайқалған жасыл желек және қауіпті абаттандыру жоспары - назарларыңызға Алматы су айдындарына төнген қауіп пен су тапшылығына арналған топтаманың келесі материалын ұсынамыз.

Кейінгі жылдары Алматыдағы "Әуежай көлі" деген атпен танымал Кіші тоғанына көпшіліктің назары ауып отыр.

Ол Түрксіб ауданында, әуежайға тиіп тұрған жерде орналасқан. Бейресми атауы да содан шыққан. Көл жасанды жолмен 1963 жылы жасалған. Сол кездері бұл жер өте танымал болатын - жаз айларында оның жағажайында мыңдаған алматылық демалатын.

Көл Кіші Алматы өзенінен келетін тау суымен үнемі толығып отырады. Оның сыйымдылығы 1 250 000 текше метрді құраса, орташа тереңдігі - сегіз метрге жуық. Көл жасанды болса да, Сайрандағыдай қыс мезгілінде суы ағызылмайды, ал жергілікті жағажайларды әлдеқашан қамыс басқан. Мұның бәрі табиғатқа оң әсерін тигізді: мұнда балықтың көптеген түрі, қосмекенділер, сондай-ақ қала жағдайында сирек кездесетін құстар мекендейді.

Tengrinews.kz редакциясы қазіргі уақытта Әуежай көлінде не болып жатқанын, жергілікті биліктің қандай жоспары барын анықтап, қаланың шағын су айдындарына қатысты мәселелер неге маңызды екенін еске түсіруді жөн көрді. Бұл - Алматы су айдындарына арналған топтаманың екінші материалы.

Тазарту және абаттандыру жоспары

2023 жылы Алматы әкімдігі Әуежай көлінің түбін механикалық жолмен тазарту туралы сөз қозғаған болатын. Сол кезде бұл жұмыстар соңғы 60 жылда алғаш рет жүргізілетіні және іргелес аумақтың абаттандырылатыны айтылды. Алайда ол уақытта суды ағызу мүмкін болмай, жұмыстар кейінге қалдырылды.

Үш жылдан кейін, 2026 жылдың сәуірінде, Алматы әкімдігі Әуежай көлін абаттандыруды қайтадан бастауға ниетті - жоспарда жаяу жүргіншілер аймағын, жаңа көпірлерді, тоған ортасындағы субұрқақты, демалыс орындары мен дәмханалар салу қарастырылған. Бұл жаңалықтың астындағы пікірлер екіге бөлінді. Кейбіреулер жергілікті табиғат пен жануарлар дүниесі үшін алаңдаушылық білдірді.

"Біздің көлімізде ештеңе істеудің қажеті жоқ, бүкіл экологияны құртасыздар, ол жерде қырғауылдар мекендейді. Көлімізге, Маяк пен Авиатор шағынаудандарына тиіспеңіздерші! Көлді тек тазарту керек, басқа ештеңе істеудің қажеті жоқ, тым болмаса табиғаттың бір бұрышы сол күйі қалсын!" - деп жазды Instagram әлеуметтік желісінің қолданушыларының бірі. Оның пікірі 350-ден аса лайк жинаған.

Ал кейбіреулер абаттандыруды қолдаған.

"Кім айтты жаман болады деп? Өздеріңіз үшін, әдемі жерде ыңғайлы серуендеп, көлдің рахатын көру үшін жасап жатыр ғой. Осы адамдарға ештеңе жақпайды: істемесе - жаман, істесе - тағы жаман", - деп жазды бес лайк жинаған тағы бір қолданушы.

Журналистер анықтай алған мәлімет бойынша, жаңғырту жобасында да көл түбін механикалық тазарту қарастырылған. Алайда экологтар мұндай тәсілді сирек қолдайды және көбінесе табиғи әдістерді - балық жіберу, балдырлар отырғызу, аэрация жүргізуді ұсынады.

Мәселе мынада: механикалық тазарту кезінде биосфера зардап шегеді - су ағызылып, балықтар, балдырлар мен микробактериялар қырылып қалады. Мысалы, 2024 жылы Алматыдағы Қарасу көлінде дәл осындай жағдай болды. Оны қалпына келтіру үшін екі жылдан аса уақыт қажет болды. Бұл ретте жергілікті белсенділер мен балықшылардың көмегінсіз қалпына келтіру мүмкін емес еді.

Біз Қарасу туралы Алматы су айдындарына арналған топтаманың алғашқы материалында жазғанбыз.

Жайқалған табиғат пен балықшылар

Ал Әуежай көліне келетін болсақ, жылдың бұл мезгілінде ол ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Мұндағы жасыл желектің молдығы таңғалдырады. Көлдің ауқымы да сондай әсер береді. Қасынан көлікпен өткенде, ол кішкентай болып көрінуі мүмкін. Алайда олай емес.

Егер көлге Бұқтырма көшесі жағынан келсеңіз, оның айтарлықтай үлкен екенін көресіз.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Аумақ мүлдем абаттандырылмаған деп айтуға келмейді. Мұнда төселген тастар да, орындықтар да, жарықтандыру да бар. Иә, олардың ескіргені көрініп тұр, бірақ толық ауыстырмай-ақ, жөндеу жүргізуге болады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Мұнда жағажай атаулы қалмаған. Тақтайшалардағы жазуға қарағанда, суға түсуге де тыйым салынған. Бірақ суға қарай апаратын соқпақ жолдар көп. Бұл жергілікті балықшылардың салған жолы болса керек. Айтпақшы, мұнда үлкені де, кішісі де бар, балықшылар өте көп.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Жағалаулардың бірінің бойымен пирс пен көпір салынған, ол арқылы бүкіл көлді бойлап өтіп, Майлин көшесіне жақын орналасқан "Желтоқсан" саябағына шығуға болады.

Пешеходный мост на Аэропортовском озере в Алматы Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Пирсте Евгений есімді орта жастағы балықшымен таныстық. Ол мұнда кем дегенде екі аптада бір рет келетінін, жылдың бұл мезгілінде Әуежай көлі ол үшін таптырмас демалыс орны екенін айтады. Өйткені Қапшағай мен Балқашта балық аулау маусымы әлі басталған жоқ, ал ақылы аймақтарда баға тым жоғары.

"Мұнда мөңке балық, дөңмаңдай кездеседі. Бірақ қазір қысым төмен, сондықтан ірі балықтардың бәрі түбіне кетіп қалды. Тек ұсақ мөңкелерді аулауға болады. Ал кеше мен мынадай дөңмаңдай ұстап алғандарын көрдім", - деп ер адам қолын шамамен 30–40 сантиметрге жайып көрсетті.

Әңгіме барысында ол жергілікті жасыл желек пен ауаның тазалығына да тәнті болды.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Көпірмен әрірек жүргенде, қармақтарын сайлап қойып, жаңбырдан қолшатыр астына тығылған екі жас баланы көрдік.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Тіпті күн райы қолайсыз болса да, Әуежай көлі тек балықшыларды ғана емес, көптеген алматылықты да өзіне тартады. Бұл жерден ғашықтарды, жүгіріп жүргендерді, спортшыларды және ит серуендеткендерді кездестіруге болады.

Әуежай көліндегі құстардың 60 түрі

Мұнда сирек кездесетін құстарды суретке түсірумен айналысатын энтузиастар да бар. Солардың бірі - бізге жолыққан саяхатшы әрі фотограф Андрей Осокин. Оның үстінде қалың су өткізбейтін плащ, ал қолында үлкен объективі бар кәсіби фотокамера.

Фотограф Андрей Осокин снимает редких птиц на Аэропортовском озере Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Көктарғын - қалада сирек кездесетін құс

"Осыдан жарты жыл бұрын таңғажайып табиғатты көру үшін қаладан алысқа шығудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Мұқият қарасақ, мұның бәрі қасымызда. Осылайша мен құстарды суретке түсіре бастадым. Бүгін маған әдемі көктарғындарды суретке түсірудің сәті түсті. Кейде Қызыл кітапқа енген дарақтарды да кезіктіріп қаламын", - деп саяхатшы кішкентай сары-көк түсті құстың фотосын көрсетті.

Зимородок на Аэропортовском озереӘуежай көліндегі зымыран құсы. Фото: Андрей Осокин / Instagram.com/wildlifemoscow

Көктарғындардың көлемі торғайдан сәл ғана үлкен. Олар негізінен ұсақ балықтармен қоректенеді, сондықтан көбіне су қоймаларының маңында тіршілік етеді. Қала жағдайында бұл құсты кездестіру мүмкін, бірақ өте сирек.

Зоологтардың бағалауынша, Әуежай көлі кем дегенде 60 құс түрі үшін, атап айтқанда, суқұзғындар мен құтандардан бастап, үйректер мен қырғауылдарға дейін мекен ету ортасын қалыптастырған. Бұл - бірегей құбылыс, демек, ерекше ұқыптылықты қажет етеді.

Қызыл кітапқа енген кіші куақ

Саяхатшы фотограф құтандар тұқымдасына жататын өте сирек кездесетін кіші куақты да суретке түсіріп алыпты.

Малая выпь из семейства цаплевыхӘуежай көліндегі кіші куақ. Фото: Андрей Осокин / Instagram.com/wildlifemoscow

Осокин Әуежай көлінің табиғатына тәнті екенін жасырмайды. Сонымен қатар, ол тек құстарды ғана емес, басқа да көптеген жануарларды таспалап үлгерген.

Фото: Андрей Осокин / Instagram.com/wildlifemoscow

Көл түбін механикалық тазалау жоспары туралы жаңалықты фотограф өкінішпен қабылдады.

Біз онымен қоштасып, әрі қарай жол тарттық. Көлдің бір бөлігін қалың қамыс басқанын байқадық. Бірақ бұл құстар үшін шынымен де қолайлы жағдай жасайды. Мұнда біз де қала үшін сирек кездесетін дарақтарды, мысалы, қамыс тауығын өз көзімізбен көрдік.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Сондай-ақ алдымыздан бір топ балапанын ерткен ана-үйрек шықты. Жоспарланған тазалау жұмыстарына байланысты бұл жануарлардың бәрі өз мекенін тастап кетуге мәжбүр болатынын елестету қиын.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Әрине, бақылдаған  бақаларсыз да болмайды.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Мұнда басқа да қосмекенділер бар:

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Механикалық тазалау емес, сенбілік қажет

Алайда табиғаттың құлпырған сұлулығы көлдің қараусыз қалғанын жасыра алмайды - суда қоқыс өте көп. Олардың арасында бөтелкелер де, қармақ қалтқылары да бар.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Тіпті автокөлік шиналары да кездеседі.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Көлді құрғатпай, механикалық тазалаусыз-ақ, сенбіліктер өткізіп, қоқысты арнайы сүзгілермен жинау арқылы тазалықты сақтауға болатындай әсер қалды.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Айтпақшы, түсірілім кезінде екі рет айтарлықтай үлкен өлі балықты кезіктірдік. Су қоймасының басқа тұрғындары оған ешқандай қызығушылық танытпады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Содан кейін тоғанның жоғарғы бөлігіне өттік - онда оқшау, тыныш атмосфера орнаған. Айнала қамыс пен ағаштар, олардың арасынан көпір өтеді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Осылайша Кіші Алматы өзені көлге құятын жерге де жеттік. Өзеннің екі жағынан ағаштар иіліп тұр. Бұл - қаладағы өзен арнасының жағалауы бетонмен қапталмаған сирек орындардың бірі. Содан ба, бұл жер өте көрікті көрінеді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Өзен ағысымен сәл жоғары жүргенде, баяғы "Желтоқсан" саябағына тап болдық. Мұнда да жасыл желек көп, бірақ заманауи балалар алаңқайлары мен жаттығу құрылғылары орнатылған.

Парк Желтоксан рядом с Аэропортовским озером в АлматыФото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин

Қала көлдерін қалай сақтау керек: урбанист пікірі

Қала жағдайында су ресурстарын басқару - қазіргіден әлдеқайда көп көңіл бөлуді талап ететін күрделі мәселе. Біз өткен материалымызда Алматы экологиялық даму қорының директоры Сергей Васильевпен Қарасу көлінің мысалында алматылық су қоймаларының проблемаларын талқылаған едік. Сол кезде әкімдіктердің жұмысы негізінен аумақтарды абаттандыруға бағытталғанын, ал су қоймаларының жай-күйін, олардың экожүйесін қадағалау және биоалуантүрлілікті дамыту іс жүзінде олардың функцияларына кірмейтінін айтқан едік.

Сондай-ақ алдыңғы материалда бірнеше қордың проблеманы кешенді шешу бойынша жергілікті билікпен диалог орната алатын сарапшылар қауымдастығын құру үстінде екені айтылған болатын.

Бұл жолы Tengrinews.kz тілшісі қала зерттеушісі, урбанист және "Gorozhanym" қорының жетекшісі Алеся Нугаевамен қазіргі уақытта биліктің су ресурстарын қалай басқарып отырғаны және бұл процесті қалай жақсартуға болатыны туралы сөйлесіп көрді.

"Қаланың әзірленген бірнеше құжаты бар: бұл - су бойынша бас жоспар мен су бойынша мастер-жоспар, - дейді ол. - Бұл жоғары деңгейдегі тұжырымдамалық құжаттар екенін түсіну керек. Олар іске асыру бойынша нұсқаулықтары нақты жазылған жол картасына ұқсамайды. Қазір біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатер - жергілікті қауымдастықты, сарапшылар қауымдастығын, бизнес пен әкімшілікті тарта отырып, қала суын басқаруды іс жүзінде төменде қалай жүзеге асыруға болатынында".

Аудандық әкімдіктердің жұмысына тоқталған Нугаева олардың су ресурстарын басқару функциялары расында да шектеулі екенін растайды.

"Әрине, оларда су қоймаларының экожүйесіне мониторинг жүргізу тұрғысынан мұндай құзырет жоқ. Олар көбіне ауданды дамыту жоспарын орындаушы операторлар ретінде әрекет етеді. Көбіне бұл тек аумақтарды абаттандыруға ғана бағытталады", - дейді "Gorozhanym" қорының жетекшісі.

Мұндай жағдай қаланың ірі институттарында да байқалады - ол жақта да шенеуніктер әрбір жеке су айдынына мониторинг пен бағалау жүргізе алмайды. Нугаеваның пікірінше, бұл үшін қоғамдық делдал ретіндегі орындаушылар қажет. Сарапшы бұған Қарасу көліне жергілікті қауымдастық пен белсенділердің араласқаны туралы оқиғаны мысал ретінде келтіреді. Ол осы жағдайды кейс-стади ретінде пайдалануды ұсынады.

"Судың сапасы, айналадағы экожүйенің сапасы, әлеуметтік-мәдени көрсеткіштер бойынша мониторинг, өлшеу жұмыстары жүргізіледі... Біз барлық жиналған мәлімет бойынша чек-лист құрамыз. Бұл бағытта әкімшіліктен бөлек жұртшылық та қосылуы керек. Мұны бір рет жасау оңай. Бірақ жүйелі түрде жүргізу - қиынырақ. Біз мұны тоқсанына бір рет жасау маңызды деп есептейміз. Бәрін өлшейміз, қандай көрсеткіштерге қол жеткізгіміз келетінін түсінеміз. Мысалы, бес жыл ішінде. Содан кейін бұл мониторингті жүйелі түрде жүзеге асырамыз", - деп түсіндіреді Нугаева.

Оның пікірінше, мұндай мониторингке қоғамдық бақылау функциясы бар Алматы қаласының қоғамдық кеңесі де, жергілікті комьюнитилер мен қорлар, қала әкімшілігі және су ресурстарына бағытталған ведомстволық квазимемлекеттік ұйымдар да қатыса алады.

Мұның бәрі сараптамалық топты, яғни қоғамдық мониторинг комиссиясын құруды көздейді.

"Қоғамдық мониторинг комиссиясына кімдер кіруі керек? Бұл - көлді тұтас экожүйе ретінде түсіну үшін қажетті жоғары деңгейдегі сараптамасы бар әртүрлі бейіндегі адамдар. Сонымен қатар, комиссия құрамында урбанистика, архитектура, абаттандыру, тіпті айналадағы қауымдастықта не болып жатқанын түсіну үшін қала әлеуметтануы саласындағы сарапшылар болуы тиіс, өйткені көлдің жағдайына дәл осы қауымдастық үлкен әсер етеді. Бұл - біз қолжеткізгіміз келетін мақсат", - дейді урбанист.

Нугаева бұл жұмыстағы шешуші сәт ретінде жергілікті қауымдастықтар мен қалалық институттардың ынтымақтастығын атайды.

Қазақстандағы су тапшылығы: қала көлдерінің бұған қандай қатысы бар?

Соңғы уақытта редакция су мәселесін белсенді зерттеп жүр. Оның тапшылығы шынымен де ең өткір экологиялық, тіпті әлеуметтік проблемалардың біріне айналып барады. Бұл барлық деңгейде мойындалып отыр, ал Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі тіпті азаматтарды сирегірек жуынуға шақырып, "тұрмыста суды үнемдеу бойынша" ұсынымдар әзірлеп, оны белсенді насихаттап жатыр. Сонымен қатар, еліміздегі бұл ресурстың 65 пайызын аграрлық сектор тұтынатыны баршаға аян. Ол жақтағы шығынның көптігі - тозған каналдар, фермерлердің аз ғана бөлігінің үнемдеу технологияларын қолдануы былай тұрсын, Қазақстанда судың қара базары да бар. Онда су орасан зор көлемде ұрланады; бұл нарықта үлкен ақша айналып жүр.

Бұл ретте су мәселесін Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі көтеріп жүр. Ол 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында осы тақырыпқа қатысты айтарлықтай кесімді пікір білдірді. Оның "Бізде, шынын айту керек, бұл салада түйткілдер көп. Онда, былайша айтқанда, әлі ешқандай жұмыс істелмеген" деген бейнелі сөзі жаңалықтар таспасына тарап кетті.

Әрине, мұндай жағдайда шағын көлдердің мәселесі соншалықты маңызды емес болып көрінуі мүмкін, бірақ сарапшылардың айтуынша, қазіргідей жағдайда кез келген су көзін көздің қарашығындай сақтау қажет. Сондықтан олар қалалық және басқа да шағын су қоймаларына назар аударып отыр.

Сонымен қатар экологтар Қазақстан Республикасындағы биологиялық әртүрлілікті сақтау мен ұтымды пайдаланудың 2026–2035 жылдарға арналған таяуда қабылданған тұжырымдамасын еске салады, ол қалалық су айдындарын қорғалатын табиғи парктер, қорықтар және ормандармен бірдей деңгейде қорғауы мүмкін. Тіпті олардың арнайы қорғау мәртебесі болмаса да, биологиялық әртүрлілікті сақтауда үлкен рөл атқарады. Әсіресе табиғи аумақтар аз қалалық жағдайда бұл өте маңызды.

Авторы: Никита Данилин

Дайындаған: Дина шәріпхан

Тағы оқыңыз:

 Қарасу мысалындағы су тапшылығы. Алматы көлдеріне қандай қауіп бар?

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 472.64   551.26   6.61 

 

Ауа райы

Алматы
А
Алматы +21
Астана +27
Ақтау +21
Ақтөбе +30
Атырау +30
Б
Балқаш +28
Ж
Жезқазған +27
Қ
Қарағанды +28
К
Көкшетау +30
Қ
Қостанай +32
Қызылорда +28
П
Павлодар +29
Петропавл +26
С
Семей +28
Т
Талдықорған +28
Тараз +29
Түркістан +26
О
Орал +25
Ө
Өскемен +28
Ш
Шымкент +24

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер