Астанада шетелдік инвесторлар не туралы сөйлесті?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Астанада шетелдік инвесторлар не туралы сөйлесті? Фото:Tengrinews.kz/Айсултан Кульшманов

1998 жылдан бері Қазақстанда заң қабылдамайтын, бюджет бөлмейтін және өзі шешім шығармайтын бір орган бар. Бірақ соған қарамастан, оның құрамында миллиардтаған долларды басқаратын адамдар отырады. Ол Шетелдік инвесторлар кеңесі деп аталады.  Кеңес жылына бір рет Президент төрағалығымен жиналады. 2 шілдеде ол отыз сегізінші рет жиналды. Tengrinews.kz тілшісі жиынға қатысып қайтты. 


1998 жылдан бері Қазақстанда заң қабылдамайтын, бюджет бөлмейтін және өзі шешім шығармайтын бір орган бар. Бірақ соған қарамастан, оның құрамында миллиардтаған долларды басқаратын адамдар отырады. Ол Шетелдік инвесторлар кеңесі деп аталады.  Кеңес жылына бір рет Президент төрағалығымен жиналады. 2 шілдеде ол отыз сегізінші рет жиналды. Tengrinews.kz тілшісі жиынға қатысып қайтты. 

Шетелдік инвесторлар кеңесі немен айналысады?

Жиын Дипломатиялық қызмет күніне тұспа-тұс келді. Дегенмен бұл сәйкестік заңды да сияқты. Қазақстанда инвестициялармен дипломаттар айналысады: кеңестің жұмыс органы - Сыртқы істер министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитеті, төрағасы - Президент.

Kazakh Invest басшысы Сұлтанғали Кенжеқұлов та бұрынғы дипломат. Дипломаттарда бұрынғы деген ұғым болса. Жиын мәнін ол қарапайым түсіндірді: инвесторлар үкімет басшылығымен және Мемлекет басшысымен тікелей кездесіп, оларға не кедергі екенін айтады.

"Біз инвесторларды тыңдаймыз", - деп атап өтті ол.

Сұлтанғали Кенжеқұлов. Фото: © Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Биыл талқылау негізінен цифрландыру, жасанды интеллект және деректер орталығы  тақырыптарына арналса, былтыр логистика мәселелері қаралған. Екі күн ішінде ондаған кездесу өткізіліп, келісімдерге қол қою жоспарланған.

Қазақстан ұсынатын шарттар өте тартымды: 5–10 жылға дейін салықтан босату, жабдықтарды бажсыз әкелу, шетелдік мамандарды квотасыз тарту - құрылыс кезеңінде және іске қосылғаннан кейін бір жыл бойы. Ал инвесторлар кері міндеттемелер алады: тек ірі құрастырумен шектелмей, жергілікті өндірісті барынша дамыту, сондай-ақ жергілікті мамандарды оқытып, уақыт өте келе олардың шетелдік мамандарды алмастыруына жағдай жасау.

Залда Қазақстан нарығына әлі кірмеген қандай компаниялар бар деген сұраққа Кенжеқұлов: "Айтпай-ақ қояйын", - деп жауап берді. Дипломатиялық жауап.

Неміс Томас Эрвин Ernst & Young компаниясында деректер мен талдау бағытын басқарады. Ол Қазақстанның инвестициялық климатын "өте ашық" деп бағалады, ал болашаққа қатысты елге цифрлық бейтараптық ұстанып, әлемдегі айқын күштер  арасында "цифрлық дәуірдің тыныш айлағы" болуды ұсынды. Ол нақты қандай күштер екенін түсіндірмеді.

Томас Эрвин. Фото: © Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Кеңес туралы ол былай деді:

"Мұнда талқылап қана қоймайды, бұл менің туған жерімде жиі болатындай емес. Мұнда талқылайды, шешім қабылдайды, кейін ол шынымен орындалады".

Осылайша "Эрвин формуласы" пайда болды. Оның туған жері - Германия.

Фото: © Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Залдағы қонақтар әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды: планшеттері мен портфельдері бар жапон делегациясы, ақ киім киген араб мұнайшылары, Батыстан келген ақ шашты банкирлер. Оларды дипломаттар мен министрлер қарсы алды. Ал инвестициялар, шамасы, күлімдеуден басталады.

Фото: © Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Олардың бәрін шағын алаңдай болатын дөңгелек үстел басына отырғызды.

Президент не деді?

Жиынды Президент бір күн бұрынғы жаңалықтан бастады. 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді, Тоқаев қонақтарға оның символдық мәнін бағалауды ұсынды: ол жаңартылған Конституция инвесторлар құқығын барынша жоғары деңгейде қорғайтынын айтты.

Ақорда баспасөз қызметінің фотосы

Президент атап өткендей, сыртқы конъюнктураның қолайсыздығына қарамастан, Қазақстан экономикасы былтыр 6,5 пайызға өсті. ЖІӨ 300 миллиард долларлық межеден асты. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша еліміз Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтауды көздейді. Тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асып, аймаққа құйылған барлық қаржының шамамен 70 пайызын құрады.

БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД) болжамына сүйене отырып, Президент 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект экономикасының көлемі 5 триллион долларға жуықтайтынын айтты. Яғни, он жыл ішінде 25 есе ұлғаяды. Қазақстанда осы бағытта қазірдің өзінде Жасанды интеллект министрлігі құрылған, сондай-ақ ЖИ дамыту жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Ал инвестициялық саясатта "ақылды сүзгі" енгізілмек. Ол инвесторларды қайталанбалы үдерістерден арылтады. 

Ақорда баспасөз қызметінің фотосы

Мұның бәрі үшін "темір" қажет, ол қазірдің өзінде салынып жатыр: Қазақстан Орталық Азияда алғаш болып екі суперкомпьютерді іске қосты. Тағы бір ауқымды жоба — Data Center Valley, яғни әлемдік капитал мен технологиялық компанияларды тартуы тиіс деректерді өңдеу орталықтарының алқабы. Сала көшбасшылары Amazon, G42 және басқалар қатысу мүмкіндігін қарастыра бастаған.

Инвестиция "темірге" ғана салынбайды. Жуырдағы жарлық бойынша жасанды интеллект мектептерді жаңғыртудың орталық элементіне айналды. Президент бөлек атап өткен бір жайт бар: бұл құрал мұғалімдердің мүмкіндігін кеңейтеді, бірақ оларды алмастырмайды. Пилоттық жоба ауыл мектептерін қала мектептері деңгейіне жеткізуі тиіс.

Ересектер де назардан тыс қалған жоқ: әлемге танымал сарапшы Ли Кай Фу Астанада мемлекеттік органдардың жоғары басшылығына арналған ЖИ бойынша семинар өткізді, ал болашақ мамандар үшін аймақтағы алғашқы жасанды интеллект университеті салынып жатыр.

Логистикада Smart Cargo платформасы іске қосылды, мұнай-газ нысандарында цифрлық көшірмелер енгізіліп жатыр: машина жабдықтардың ақауын алдын ала болжай алуды үйренетін кен орындарының виртуалды көшірмелері.

Ақорда баспасөз қызметінің фотосы

Тоқаев Қазақстанда алгоритмдерден бөлек, аса маңызды минералдар, сирек металдар және географиясы бар екенін айтты. Қытай мен Еуропа арасындағы темір жолмен тасымалданатын жүк көлемінің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағымен өтеді. 

— Дәлме-дәл жоспарлау және болжамды сараптама үшін цифрлық технологияларды қолдану арқылы еліміз екінші жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш, — деді Президент.

Цифрлық жетістіктер тізбегін қала түйіндеді. Алатау Қазақстандағы алғашқы толық цифрлық орталық ретінде жобаланып жатыр. Президент инвесторларды ол жаққа да шақырды.

— Мұндағы аса маңызды инфрақұрылым, мемлекеттік қызметтер мен қала экономикасы үлкен дерекқор, озық технология және заманауи басқару моделі негізінде жұмыс істейтін біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіріледі.

Ислам Даму банкінің президенті Мұхаммад Сулейман Әл-Джассер. Фото: © Tengrinews.kz /Айсұлтан Құлшыманов

Сөз сөйлегеннен кейін қонақтар екіжақты кездесулерге тарасты: оларды келіссөздер мен қол қою рәсімдері күтіп тұрды. Ал Президент инвесторлармен бірқатар кездесу өткізді.

Заң қабылдамайтын және өзі шешім шығармайтын орган өз мүмкіндігі шеңберіндегі істі атқарды - тыңдады. Шешімді тыңдағандар қабылдайды. Бұдан кейін бәрі Эрвин формуласы бойынша жүруі тиіс. 

Мұны бір жылдан кейін, отыз тоғызыншы отырыста тексеруге болады.

Авторы: Айсұлтан Құлшыманов

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Читайте также

Валюта бағамы

 474.42   540.58   6.07 

 

Ауа райы

Алматы
А
Алматы +17
Астана +18
Ақтау +22
Ақтөбе +20
Атырау +25
Б
Балқаш +16
Ж
Жезқазған +20
Қ
Қарағанды +17
К
Көкшетау +19
Қ
Қостанай +19
Қызылорда +26
П
Павлодар +17
Петропавл +25
С
Семей +24
Т
Талдықорған +19
Тараз +22
Түркістан +22
О
Орал +19
Ө
Өскемен +20
Ш
Шымкент +20

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер