19 маусымда Тәуелсіздік сарайындағы Балқанның алтын қыраны бір басымен жоғарыға, екіншісімен даланың алтын бүркітіне қарап тұрды. Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория президенті Яков Милатовичті қабылдады. Ал Tengrinews.kz тілшісі екі алтын құстың бір-біріне қарап тұрғанын байқап қалған черногориялық фотографқа көз тастады.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Ең жас президент
Яков Милатович 39 жаста, ол Черногория тарихындағы ең жас президент. Қазақша айтқанда, Қаратаудың. Ол ант бергенде небәрі 36 жаста еді. Астанада оны және бірінші ханымды гүлмен қарсы алды.
Фото: instagram/jakov_milatovic
Милатовичтің бағыты - Батыс. Оның жоспары бойынша, Montenegro Еуроодаққа мүше болуы тиіс. Бірақ Балқан түбегіндегілер Шығыс туралы да ұмытқан жоқ. Ол мұнда неге келді?
Мұның түсіндірмесі қарапайым: Тоқаев пен Милатович Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында екі рет кездескен, сондықтан Черногория президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы тарихи сапары сол диалогтың қисынды жалғасы. Жиырма жыл бойы екі ел дос болды, енді сол достық жаңа деңгейге көтерілді. Тіпті тура мағынасында: Милатович Астанаға қазақстандық әуекомпания ұшағымен ұшып келді.
Мұнда "жиырма" - басты сан: Черногория тәуелсіздігіне жиырма жыл толды, елі тәуелсіздік алғанда Милатовичтің өзі де тура жиырма жаста болатын.
Бірақ бәрін Crne Gore президентінің өзі оңай түсіндіріп берді. Оның елу мың жазылушысы бар инстаграм парақшасында Қазақстанға не үшін бара жатқаны туралы сурет жарияланды: energetika, transport, investicije, turizam және povezivanje evrope i azije.
Екі басты қыран, бүркіт және қол алысу
Келіссөздер басталмай жатып-ақ Қазақстан мен Черногория арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай өсетіні белгілі болды.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Иван Шикмановичтің бойы өзгелерден бір-екі бас жоғары болды. Черногориялықтар әлемдегі ең бойшаң халықтардың бірі, журналистер мұны ешқандай статистикасыз-ақ түсінді.
Бұдан кейін құрметті қарауыл, әнұрандар мен тулар - барлығы әдеттегідей өтті.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Президенттердің артындағы туларға назар аударған жөн. Олар араластырылып қойылған. Екі басты қыран мен бүркіт енді бір сапта тұрды. Олардың алдында Тоқаев пен Милатович қол алысты.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Сол жерде бетпе-бет сөйлесу жалғасты. Алғашқы сапар, жаңа серпін және көкжиекті кеңейту туралы сөз болды. Ал жиырма жылдық достықтың нақты нәтижелеріне келер болсақ, мыналар айтылды.
- Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
- Черногория Қазақстан азаматтары үшін танымал бағыттардың бірі, - деп растады Милатович. - Осы тараптағы байланыстарымызды күшейте түскіміз келеді.
Онымен бірге черногориялық кәсіпкерлер делегациясы да келді.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Кеңейтілген құрамдағы кездесу ұзағырақ әрі мазмұнды болды: реформалар, ЕО мүшелігіне үміткер болу, сауда, көлік және ғылым мәселелері талқыланды.
- Президент мырза, сіз реформаларды ілгерілетіп, Еуропа Одағы мүшелігіне үміткер саналатын Черногорияның позициясын нығайтуда маңызды рөл атқарып келесіз, - деді Тоқаев.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Қазақстан Подгорицада Бас консулдығын ашты. Черногория әзірге Астанада өз миссиясын ашқан жоқ. Тоқаев мұны күтіліп отырған "қарымта қадам" деп атап, черногориялық компанияларды тиісті жағдай жасауға уәде бере отырып, Қазақстан нарығына шақырды.
Президенттің экономикалық даму жөніндегі кеңесшісі Небойша Вуксанович ойға шомды.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Милатович қазақстандықтар үшін Черногория визасыз екенін еске салды.
- Біз қазір Еуропа Одағына мүше болу үдерісінің соңғы кезеңіндеміз. 2028 жылы Одақтың толық мүшесі боламыз деп үміттенеміз. Бұл Черногория мен Қазақстан арасындағы серіктестікті нығайтатын тағы бір алаң болмақ, - деді ол.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Сапар қорытындысы бойынша екі тарап қол қойған он бір тармақтан тұратын бірлескен мәлімдеме қабылданды. Оның он тармағы мұндай құжаттарда әдетте жазылатын дүниелер: құптады, растады, келісті.
Ал жетінші тармақта Транскаспий бағыты - Азия мен Еуропа арасындағы дәліз жеке жазылған. Милатович инстаграмдағы жазбасын осыдан бастаған болатын: povezivanje evrope i azije. Енді бұл екі президент қол қойған құжаттағы ресми жол.
Ал екі басты қыранның жұмысы қарапайым: ол батысқа да, шығысқа да қарайды. Бүгін ол мұны сәтті орындаған сияқты.
Авторы: Айсұлтан Құлшыманов
Дайындаған: Айнұр Қапышова