12 қараша 2021 11:46

Ғасыр мұрасы - "Айқап"!

ПОДЕЛИТЬСЯ

Айқап журналының 1911 және 1913 жылғы нөмірі Айқап журналының 1911 және 1913 жылғы нөмірі

"Айқап" журналының 110 жыл
және Қазақстан Республикасы
Орталық мемлекеттік архивінің
100 жылдығына арналады


"Айқап" журналының 110 жыл
және Қазақстан Республикасы
Орталық мемлекеттік архивінің
100 жылдығына арналады

Осыдан бір ғасыр бұрын қазақ баспасөзінің қарлығашы болып қанат қаққан "Айқап" журналы өз дәуірінің шамшырағы болып, білім іздеген азаматқа жол бағдар көрсетті. Журналдың өмірге келуі кездейсоқ құбылыс болмаса керек. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Патшалы Ресей қазақ жерін ең әуелі түрлі экспедициялар жіберу арқылы зерттеп, қазақтың мінезі мен салтын, психологиясын айқындап алды. Сол кезеңде қазақ жерін жаулаушы бір генерал патшаға: "Қазақ даласында сексеуіл дейтін ағаш өседі. Оны балтамен ұрсаң сынбайды, ал бір-біріне соқсаң быт-шыты шығады", - деп айтқан екен. Бұл тура мағынасында болсын яки астарлы ұғым берсе де отарлаушы елдің арғы пиғылын айқындаған еді. Дәл осы "Сексеуіл" тәсілін пайдаланған патша өкіметі қазақтың хандық билігін түбегейлі жойып, аға сұлтан сайлап, болыстық жүйені енгізді. Міне, қазақтың берекесі қашып, бірлігі тайған шақ осыдан басталады. Болыстық жүйе қазақты ірітіп, тоз-тозын шығарды десек қателеспеген болар едік. Абайдың да зар қағып, түңілуі осы жүйеге деген қарсылығы еді. Бұл жүйеден құтылу үшін қазақ баласы оқып, дүниені танып, көзін ашып, өзге жұртпен иық тірестірмесе ұлттың ұлт болып қалуы екіталай болды. Одан да қауіптісі қазақты шоқындыру саясатымен түбегейлі жаулап алу ниеті жылдан жылға күшейіп, соңында Абайдай ғұламаның құсадан өліп кетуіне әкеліп соқты.

Айқап журналының 1911 және 1913 жылғы нөмірі. ҚР ОМА. 2454 қор. 1 тізімдеме. 1, 3 іс.

Қапияда қараңғы күн кешіп, надандық пен тоғышарлықтың қамытында өзге жұрттан кенже қалып, "Өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін" бір-бірін талап жеп, болмаса атақ пен байлыққа, болыстық пен старшындыққа бола қызылкеңірдек болып өткен жұртымызды ояту мақсатында, шиленіске толы жағдаятты толыққанды білетін Алаш азаматтары көз майын тауысып, күнін түнге, түнін таңға жалғап  жүріп журналды жарық дүниеге әкелді. Журналдың тасқа басылған әр бетінде қазақтың тұншығып жатқан өр рухы бар еді...

"Айқап" журналы - 1911 жылы Троицк қаласында алғаш жарық көрді, басында айына бір рет, кейіннен екі рет шығып тұрған. Журналды шығаруға белгілі қоғам қайраткері, ақын, әрі жазушы Мұхаметжан Сералин мұрындық болып әрі өзі редакторлық етті. Барлығы 88 нөмір қазақ тілінде араб әрпімен басылып тұрған. Қазақ даласында патша өкіметінің отаршылдық саясаты күшейіп, тізесін қатты батырып тұрған шағында ұлы тұлғалардың азаттыққа деген ынтасы мен арман тілегіне толы үні жария етілді. Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Х. Лекеров,  М. Сералин, Ж. Тілеулин, Р. Мәрсеков, Ж. Сейдалин, Ш. Құдайбердіұлы, А. Жанталин, М. Жұмабаев, Ғ. Қарашұлы, С. Торайғыров,  З. Ғайсин, К. Тоғысов т.б. көптеген көзі ашық, көкірегі ояу ұлт жанашырларының революцияға дейінгі қазақ елінің тарихынан, шаруашылық жайларынан, саяси-мәдени өмірінен, сондай-ақ, ұлтты сақтап қалу үшін өнер-білім игеріп, өзге жұртқа құл болып, қапы қалмаудың жолдарын нұсқаған түрлі мақалалары,  шығармалары мен өлең-жырлары жарық  көріп отырды.

Ә. Бөкейхан. "Ашық хат". 1913 жыл. ҚР ОМА. 2454 қор. 1 тізімдеме. 4 іс.

1915 жылы журнал бетінде бірінші дүниежүзілік соғысты айыптап жазған мақала жарық көріп, патша өкіметін сынға алды деген айыппен журнал жабылып, редакторы Мұхамеджан Сералин Сібірге айдалып кете жаздайды. Аз уақыт ішінде қазақтың мұңы мен арманын, биік болмысы мен асқақ рухын айдай әлемге паш еткен "Айқап" отаршылдық жүйенің жүйкесіне тигені анық. Үнемі бақылауда болған басылым осылайша тұншықтырылды.

С. Торайғыров. "Кеше түндегі түс, бүгінгі іс". 1913 жыл. ҚР ОМА. 2454 қор. 1 тізімдеме. 4 іс.

Қазақ елінің отырықшылыққа көшіп, мал, егін шаруашылығымен шұғылдануға, өнер-білімге жетуіне, мектеп, емхана ашуға мүмкіндік туғызып, мәдениеті дамыған ұлт ретінде қалыптастыруды мақсат еткен басылымның тарихи маңызы аса зор. Өткен тарихқа үңілу арқылы келер болашақта қателік жасамауды үйренеміз десек, бүгінгі жаһандану заманында кешегі ұлт зиялылары арман еткен ізгі қасиетті одан әрі дамытып, қапыда қалмайық деген ой түйеміз.

М. Дулатов. "Эсперанто тілі". 1913 жыл. ҚР ОМА. 2454 қор. 1 тізімдеме. 3 іс.

Сөз соңында, ғұмыры келте болған басылымның шыққанына биыл 110 жыл және ұлт рухын ғасырдан ғасырға жаңғыртып отырған осындай құнды құжаттарды, деректерді сақтап, мұраларымызға үлкен жауапкершілікпен қарап, оларды халық игілігіне айналдырып отырған қазақтың қара шаңырағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің құрылғанына 100 жыл толуымен құттықтаймыз! 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі "Орталық мемлекеттік архив" РММ жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс жасау бөлімінің жоғары деңгейдегі архивисі Даут Кулай 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети