Британдық Muse рок-тобы "Nightshift Superstar" әніне түсірілген жаңа бейнебаянын таныстырды. Видео 5 маусымда ұжымның ресми YouTube-арнасында жарияланды. Сингл топтың 26 маусымға жоспарланған "The Wow! Signal" атты оныншы студиялық альбомының кезекті туындысы болды, деп хабарлайды Tengri Life.
Бейнебаян ерекшелігі неде?
Қазақстандық жанкүйерлердің назарын аударған басты жайт - бейнебаян түсірілімінің Алматыда өткені. Еліміздің қырағы тұрғындары видеодан таныс орындарды байқап үлгерді. Жоба өндірісімен REFLECTOЯUM режиссерлік студиясы мен қазақстандық Anykey продакшн-компаниясы айналысқан.
Бейнебаян режиссері әрі сценарий авторы Ладо Кватания. Видео сипаттамасында қоюшы оператор Владимир Ушаков, ал хореограф Константин Коваль екені көрсетілген. Жобаның қоюшы суретшілері ретінде Әлия Одинаева мен Саша Шегай еңбек етті.
Кадрда Muse фронтмені Мэттью Белламимен бірге кореялық биші Грейс Харт, әнші Манижа, сондай-ақ қазақстандық бишілер мен актерлер тобы бой көрсетті. Түсірілімге қатысушылар қатарында Константин Коваль, Дінмұхамед Қожамұратов, Әсел Серік, Нәзира Сақупова, Сәуле Кұмарова және басқа да әртістер бар.
Топ бейнебаян сипаттамасында алматылық бірнеше орын мен ұйымдарға, соның ішінде Almaty Museum of Arts мұражайына алғыс білдірді.
Muse дыбысталуындағы жаңа кезең
"Nightshift Superstar" әні топтың жаңа альбомын қолдауға арналған релиздер топтамасын жалғастырады. Бұған дейін Muse "Hexagons", "Unravelling", "Be With You" және "Cryogen" композицияларын ұсынған болатын.
Музыка сыншылары топтың батыл экспериментке барғанын атап өтіп жатыр. Muse-ге тән қуатты рок мұнда француз хаусы мен диско эстетикасымен ұштасқан. Нәтижесінде синтезаторлармен, оркестрлік элементтермен, француз хаусына тән сарындармен және хор вокалымен байытылған би трегі пайда болған.
Релиз авторларының пікірінше, туындының бейнелілігі алдыңғы "Cryogen" синглінің ғылыми-фантастикалық атмосферасымен үндеседі. Дегенмен, Muse жанкүйерлері бұл стильді топтың "Panic Station" және "Supermassive Black Hole" тректеріндегі ұқсас эксперименттерімен салыстырып үлгерді.
Ғарыштан жеткен белгінің қатысы қанша?
Жаңа альбом "The Wow! Signal" деп аталады. Бұл атау XX ғасырдың ең көп талқыланған астрономиялық құбылыстарының бірі - әйгілі "Wow!" белгісіне меңзейді.
Мәселе 1977 жылы Мерген шоқжұлдызынан тіркелген қуатты радиобелгі туралы болып отыр. Мәліметтерді талдау кезінде зерттеушілердің бірі таңбалардың ерекше тізбегін шеңберлеп, қасына "WOW!" деп жазып қойған. Белгі атауы осыдан шыққан.
Альбом 26 маусымда жарық көреді. Бұл топтың 2022 жылы шыққан "Will of the People" туындысынан кейінгі алғашқы толық форматты күйтабағы болмақ.
Muse туралы не белгілі?
Muse - 1994 жылы Девон графтығындағы Тинмут қаласында құрылған британдық рок-топ. Ұжымның үш мүшесі бар: вокалист әрі гитарист Мэттью Беллами, басист Крис Уолстенхолм және барабаншы Доминик Ховард.
Отыз жылдан асқан шығармашылық жолында топ тоғыз студиялық альбом шығарып, екі "Grammy", екі "Brit Awards", бес "MTV Europe Music Awards" және сегіз "NME" марапатына ие болды. Топ мәліметінше, осы жылдар ішінде олардың альбомдары бүкіл әлем бойынша 30 миллионнан астам данамен сатылған.