Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде кең таралған "Отпусти" әнімен түсірілген жаңа тренд Ішкі істер министрлігінің назарына ілікті. Ведомство мұндай видеолар заңбұзушылық емес екенін мәлімдеді, алайда қазақстандық қыздардан полицейлермен сөйлескенді қаралым үшін контентке айналдырмауды сұрады, деп хабарлайды Tengri Life.
Мәселе кейінгі күндері әлеуметтік желілерде белсенді тарап жатқан тренд туралы болып отыр. Желі қолданушылары әкімшілік хаттама толтыру кезінде Юлия Савичева мен Джиганның "Отпусти" әнін камераға айтып, видео түсіреді. Мұндай жарияланымдардың көбі қазірдің өзінде мыңдаған қаралым жинап үлгерді.
@marquisa_marquisa1 ♬ түпнұсқа дыбыс - тгк: Анечка🎀🖤
ІІМ таратылған роликтер зерттелгенін және қызды әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз жоқ екенін хабарлады.
"Ішкі істер министрлігі аталған видеоматериалды өз құзыреті шеңберінде қарап, азаматтың іс-әрекетінде әкімшілік немесе қылмыстық құқықбұзушылық құрамы анықталмағанын хабарлайды", - делінген біздің сауалға берілген жауапта.
@kenjebekovaa Сәтін жіберіп алмадым 😂✔️
♬ түпнұсқа дыбыс - тгк: Анечка🎀🖤
Сонымен қатар ведомство видео түсіруге деген құштарлық полицейлердің жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс екенін баса айтты.
"Қаралым мен тренд контент үшін жасалған кез келген әрекет полиция қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін орындауға кедергі келтіруі мүмкін", - деп толықтырды министрлік.
Сондай-ақ ІІМ полиция қызметкері өз міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін әрекеттерді тоқтатуды талап етуге құқылы екенін еске салды.
"Бұл ретте полиция қызметкері оның қызметтік іс-әрекетін жүзеге асыруға кедергі келтіретін кез келген әрекетті тоқтатуды талап етуге құқылы", - деп атап өтті ведомство.
Бұдан бөлек министрлік желі қолданушыларын құқық қорғау органдары өкілдерімен сөйлесу кезінде өзін-өзі ұстау ережелерін ұмытпауға шақырды.
"Сонымен бірге азаматтарды қоғамдағы жалпы моральдық-этикалық мінез-құлық нормаларын сақтауға шақырамыз", - деп мәлімдеді ІІМ.
Сондай-ақ ведомство полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбау, оның қызметіне араласу, сондай-ақ құрметсіздік танытатын немесе қызметтік міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Еске салсақ, әлеуметтік желілерде ерекше тренд танымал болған еді: онда қолданушылар полицейлермен сөйлескен кезде "Отпусти" әніне видео түсіреді. Кейбір қолданушылар мұндай роликтерді әзілмен қабылдаса, енді бірі бұны орынсыз деп санады. Пікірталасқа қарамастан, бұл жарияланымдар мыңдаған лайк пен жаңа қаралым жинап жатыр.