Империя, Жошы ұлысы, Синдбад және Оман мен Қазақстан арасындағы ұқсастықтар: саясаттанушымен көлемді сұхбат

ПОДЕЛИТЬСЯ

Империя, Жошы ұлысы, Синдбад және Оман мен Қазақстан арасындағы ұқсастықтар: саясаттанушымен көлемді сұхбат Фото: © Tengrinews.kz / Юрий Съедин

Қазақстанның күн тәртібінде Оман өте сирек көрініс табады. Соған қарамастан, бұл ел Таяу Шығыстағы маңызды ойыншы саналады. Ол туралы "шағын болса да, айтары бар" деп те жатады. Осы және өзге де мәселелерде Оман мен Қазақстан арасында күтпеген жерден көптеген ұқсастық бары байқалады.


Қазақстанның күн тәртібінде Оман өте сирек көрініс табады. Соған қарамастан, бұл ел Таяу Шығыстағы маңызды ойыншы саналады. Ол туралы "шағын болса да, айтары бар" деп те жатады. Осы және өзге де мәселелерде Оман мен Қазақстан арасында күтпеген жерден көптеген ұқсастық бары байқалады.

Осы сәйкестіктер, сондай-ақ жақында Оман биржасында жоғары лауазымға ие болған қазақстандық әйел, Арабия түбегіндегі бұл мемлекеттің терең тарихы, теңіз саудасы мен теңізші Синдбад, Иранмен жасалған ядролық келісімдегі Оманның дәнекерлік миссиясы және мұның бәрі біздің ел үшін неге маңызды тәжірибе екендігі туралы Tengrinews.kz тілшісі саясаттанушы, шығыстанушы және тарихшы Сұлтан Әкімбековпен әңгімелесті.

Өз дәуірінің ұлы империясы

Ормуз бұғазы арқылы күн сайын әлемдік мұнайдың 20 пайызына жуығы тасымалданады. Ол жерде қандай да бір оқиға болса, оны бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан энергия ресурстарының бағасы, инвестициялық ахуал және басқа да аспектілер арқылы сезінеді. Бұл бұғазды физикалық түрде бақылап отырған және сонымен бірге ондаған жылдар бойы Таяу Шығыс аймағының басты бітімгері болып келе жатқан ел бар. Қазақстанда ол туралы білетіндер аз.

Біз Сұлтан Әкімбековпен дәл осы ел - Оман туралы сөйлесеміз.

- Сұлтан Мағрұпұлы, Оман туралы ештеңе білмейтін адамға бұл елді қалай сипаттап берер едіңіз?

- Бұл - тарихи тұрғыдан өте маңызды, Таяу Шығыстағы негізгі елдердің бірі. Тарихы тым тереңде жатқан мемлекет.

Айта кету керек, онда шамамен VII ғасырдан бері үзілмеген мемлекеттік дәстүр бар. Тарихи тұрғыдан алғанда, Оман шешуші рөлдердің бірін атқарды.

Әр дәуірдің өз стратегиялық маңызды тауарлары болатынын білеміз: қазір ол - мұнай, бір кездері - жібек болса, ежелгі заманда мұндай тауар ладан еді.

Анықтама: Ладан - босвеллия тұқымдасына жататын ағаштардан алынатын хош иісті шайыр. Ағаш қабығына кішкене тіліктер жасалады, одан қою шырын шығып, ауада біртіндеп қатып, сарғыш-ақ немесе янтарь түсті түйіршіктерге айналады. Жинап алғаннан кейін оларды кептіріп, хош иісті зат ретінде пайдаланады. Ол діни рәсімдерде, медицинада, парфюмерияда және саудада қолданылады; ол ежелгі Шығыстың ең құнды тауарларының бірі болған.

Оман тарихи тұрғыдан ладанды - біздің дәуірімізге дейінгі III мыңжылдықтан бері Месопотамия, Мысыр және бүкіл Таяу Шығыстың, кейін христиандық дәстүрдің діни рәсімдерінде қолданылған ең маңызды стратегиялық өнімдердің бірін бақылап отырды. Ладан саудасы, іс жүзінде, алып империялардың құрылуына түрткі болды. Араб халифаты да осы сауданың арқасында құрылған еді.

Меккені мекендеген көпестер, соның ішінде Мұхаммед пайғамбар мен оның құрайыштары немен айналысты? Олар ладан саудасын бақылады. Ал ол Омандағы Дофар провинциясында өндіріледі. Бұл өнім өндірісін бақылауда ұстағандар әрқашан зор рөл атқарған.

Сонымен қатар Оман - еуропалықтар Азия мен Африкада отаршылдық жаулап алуларды жүзеге асырған дәуірде өз егемендігін қорғап қала алған жалғыз ел.

Иә, Оман протекторат болды, Ауғанстан сияқты сыртқы саясатын берді, бірақ соған қарамастан ол Ұлыбританияның тікелей басқаруында болған жоқ.

Біз Ауғанстанды, сондай-ақ Иран мен Түркияны отаршылдық жаулап алу кезеңінде тәуелсіздігін сақтап қалған мұсылман елдері деп айтамыз ғой. Оман да сондай ел болған.

Google Maps скриншоты

Оман португалдарды жеңіп, әскери табыстарға қол жеткізе алған жалғыз мұсылман мемлекеті ретінде де танымал. Біраз уақыт бойы португалдар Маскатты (Оман астанасы - ред. еск.), сауда жолдарын, сол баяғы ладанды бақылауда ұстады. Ал кейін Оман португалдарды Шығыс Африкадан қуып шықты. Бұл біздің тұрғыдан қарағанда таңғаларлық жағдай.

Өйткені біз португалдарды өз заманының ең ұлы империясы ретінде білеміз. Зор әскери мүмкіндіктер. Сол Гоа - португал колониясы. Малайзия аумағында - португал колониялары. Олар барлық жерде болды.

Ал 1660-жылдары омандықтар португалдарды Занзибардан қуып шықты. Занзибар сұлтандығын құрды. Содан кейін бүкіл Шығыс Африканы бақылауына алды. Піл сүйегімен, құлдармен, алтынмен сауда жасады. Кейін омандықтар Мадагаскардың солтүстігін, Сокотра аралын (қазіргі Йемен) бақылап отырды.

Яғни, Оман да өз заманының ең қуатты империяларының бірі болған.

Елестетіп көріңізші, бұл теңіз жолдарын еуропалық державалар бақылап тұрған кез еді. Тіпті Осман империясының өзі теңізде сол португалдармен немесе басқа еуропалық державалармен күресе алмады. Ол жеңіліп қалатын. Ал омандықтардың қолынан келді.

Бұл сұхбаттың видео нұсқасын Tengri TV YouTube-арнасынан көре аласыздар: 

Теңізші Синдбад, ислам, араб өркениеті және Оман

- Теңізші Синдбад - ертегі кейіпкері. Ол да көпес, теңізші. Ол да сол жақтан, оны көптеген қазақстандық біледі. Ол Оманды қандай да бір дәрежеде сипаттай ала ма?

- Дұрысы, араб әлемі деу керек. "Мың бір түнді" еске түсіруге болады. Бұл араб әлемі және мұндағы образ өте қызықты. Оның нақ саудагер - жартылай саудагер, жартылай қарақшы, жартылай көңілді адам кейпінде болуы көп жайтты аңғартады.

Анықтама: Теңізші Синдбад - арабтардың ортағасырлық "Мың бір түн" ертегілер жинағындағы ең танымал кейіпкерлердің бірі. Сюжет бойынша ол Бағдаттың бай көпесі болған. Ол теңіз сапарларына шығып, басынан таңғажайып оқиғаларды өткереді: құбыжық аралдарға тап болады, алып құстарды, ғажайып мақұлықтарды, қауіпті билеушілерді кездестіріп, үйіне әрқашан мол байлықпен оралып отырады. Синдбад туралы хикаялар жеті сапардан тұратын цикл ретінде құрылған. Онда шығыс ертегісінің рухымен қатар, Орта ғасырлардағы сауда мәдениеті мен сол заман адамдарының алыс елдер, теңіздер мен әлем кереметтері туралы түсініктері тоғысқан.

- Яғни, бұл сол кездегі араб халқының сыртқы дүние мен өздері туралы танымының көрінісі. Мысалы, "Мың бір түннің" басты кейіпкері кім? Ол - Харун ар-Рашид. Бұл тарихи тұлға, Бағдатта билік құрған Аббасидтер әулетінің нақты халифасы. Айта кетерлігі, сол тұста Араб халифаты шешуші рөл атқарды, жалпы араб елдері барлық сауда жолындағы негізгі ойыншылар болды. Тіпті Қытайға дейін жетті. Қытайдағы дүнгендер деп жүрген Хұэй қауымдастығы дәл сол дәуірдің мұрасы болып саналады. Сондай-ақ араб көпестері Орталық Азияда белсенді болған.

Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы арабтар әлемдегі негізгі сауда валютасы - дирхамға иелік еткен жалғыз халық болғанын да айта кетейін. Бұл валютаны Скандинавиядан да, Ежелгі Русьтен де, Еуропадан да кездестіруге болатын еді.

"Теңізші Синдбад" / "Мың бір түн" кітабы мұқабасының скриншоты, араб тілінен аударған М. Салье; суреттерін салған М. Майофис. М.: Республика, 1991. 95 б.

- Сонымен, Синдбад - арабтардың сауда жолдарында үстемдік құрған сол заманының бейнесі. Негізінде, исламды әлемге соншалықты кең таратқан кімдер? Ол тек қылыштың күшімен тараған жоқ. Себебі Индонезияны ешкім жаулап алған емес. Үндістанға қатысты солай деуге болар, бірақ Индонезияға және басқа да ірі мұсылман мемлекеттеріне исламды саудагерлер жеткізді. Малайзияға да саудагерлер алып келді. Бұл - түгелдей саудагерлер дәуірі.

Бірақ бұл саудагерлердің ғана емес, жазу-сызудың, ғылым мен өнердің салтанат құрған кезеңі еді. Ең ұлы туындылар мен ғылыми жаңалықтар сол уақытта дүниеге келді. Олардың есімдерін барша жұрт біледі - Ибн Сина, әл-Бируни.

Бұл да араб-ислам мәдени өркениетінің бір бөлігі. Олар біздің өңірден шықса да, негізінен бұл араб әлемі.

"Олар әлемге әрқашан кеңінен қарады"

- Оманның тағы бір бірегейлігін атап өту керек деп ойлаймын: олар мұсылмандар, бірақ ибадилер. Бұл шиит те, сүннит те емес, өте қызықты бағыт.

Ибадилік бағыт көптеген көрсеткіш бойынша сүнниттер мен шииттерге қарағанда мейлінше ұстамды болып саналады. Ибадилер, айталық, өте ашық, мәмілеге келуге дайын адамдар. Олар радикалды көзқарасты ұстанбайды. Бұл исламдағы жеке мазхаб, бөлек мектеп ретінде танылған.

Сондықтан оларда Ирандағыдай немесе тіпті Сауд Арабиясындағыдай күшті идеологиялық фактор жоқ. Ал ел идеологиялық шеңберде өмір сүргенде, бұл әрқашан қиындық туғызады.

Яғни, омандықтар ежелден саудагер, империя құрушы, бірақ өте ұстамды халық болған. Оман дәл осы факторлардың үйлесімімен ерекшеленеді: оларда мемлекеттілік дәстүрі, ибадиліктің сабырлы тұжырымдамасы және сыртқы дүниемен қарым-қатынас жасаудың бай тәжірибесі бар, олар мұны жақсы біледі.

Олар ешқашан тар шеңберде қалмаған, әлемге әрқашан кеңінен қараған. Оқиғаларды қабылдау көкжиегі туралы айтатын болсақ, Оман элитасы Арабия түбегіндегі басқалардан осы қасиетімен әрқашан оқшауланып тұратын.

Тіпті Омандағы жаңғыру үдерісінің басталуының өзі қызық, өйткені ол төңкеріспен байланысты болды. Сұлтан Қабус іс жүзінде өзінің тым консервативті әкесін тақтан тайдырды. Әкесінің тұсында елде небәрі бір-екі аурухана болған екен. Сұлтан Қабус бұл төңкерісті мүлдем қантөгіссіз, өте жұмсақ түрде жүзеге асырды.

Анықтама: Қабус бен Саид Омандағы билікке әкесі, сұлтан Саид бен Таймурға қарсы жасалған сарай төңкерісі нәтижесінде келді. Ол уақытта ел өте жабық әрі артта қалған еді, ал Ұлыбританияда білім алған Қабустың өзі бірнеше жыл бойы әкесінің қатаң шектеуінде болды. 1970 жылдың 23 шілдесінде омандық күштердің бір бөлігінің қолдауымен Саид бен Таймур биліктен шеттетіліп, Лондонға қуылды. Осыдан кейін Қабус елдің атауын Маскат пен Оман сұлтанатынан Оман сұлтанаты деп өзгертті және ауқымды жаңғыру жұмыстарын бастады: білім беру, денсаулық сақтау, жол құрылысы, мемлекеттік институттар мен сыртқы байланыстарды дамытты.

Бұл жаңғыру арқылы халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға, елдің мәртебесін көтеруге, соған сәйкес монархия имиджін арттыруға болатынын түсінуден туған ортақ шешім еді. Қабус реформалар кешенін жүргізіп, классикалық еуропалық үлгіде болмаса да, өкілетті жиын құрды.

Егер біз Қабұстың 70-жылдардан бері (ол 50 жылға жуық билікте болды) жүргізген реформаларын салыстырсақ, бұл елді өзгертті. Қазіргі билік те Қабұс салған жолмен келе жатыр. Әрине, ол жақта консервативті көзқарастағы адамдар бар, өйткені осыдан небәрі 50–55 жыл бұрын олар қатаң консерваторлар болған. Дегенмен саяси элитаның даналығы оларға міндеттерді айқындап, осы саясатты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Саудагер әрқашан идеологқа қарағанда прагматик келеді

- Оманның тарихи өткені оның қазіргі Арабия түбегіндегі ұстанымына әсер етті ме? Ол көршілерінен несімен ерекшеленеді?

- Әрине. Егер елдің VII–VIII ғасырлардан басталатын осындай терең дәстүрі болса. Оларда VIII ғасырдан бері ибадизм үзілген емес. Династиялар ғасырлар бойы ауыспаған. Оның үстіне, бұл үлкен аумақтарды: Мадагаскардың солтүстігін, Сокотраны, Шығыс Африканы бақылаған империя болғанын ұмытпауымыз керек. Бұл да әлемді қабылдаудың белгілі бір деңгейін береді.

Мәселен, бүгінгі Франция мен Англия - бұрынғыдай емес. Солай ғой? Бұлар біз білетін бұрынғы империялар емес. Соған қарамастан, оларда империялық дәстүрлер бар, бұл әлемді зерттеу, әлеммен өзара әрекеттесу, сауда жолдарының дәстүрі.

Егер Оманға қарасақ, белгілі бір дәрежеде бұл - араб контекстіндегі Франция мен Англия, өйткені бұл өз дамуында көптеген кезеңнен өткен, бірақ әрқашан саудаға, нақты сауда жолдарын бақылауға бағытталған нағыз империя.

Ал кез келген саудагер - идеологиялық тұрғыдан ынталанған адамға қарағанда әрқашан прагматик. Егер Арабия түбегіне көз салсақ, тіпті XIX–XX ғасырларда да ол жерде әртүрлі әулет, әртүрлі идеологиялық формат арасында күрес жүрді. Мәселен, сол салафиттер 1820-жылдары Меккені басып алып, Мұхаммед пайғамбардың туыстарының зираттарын қиратқан, өйткені олар идеологиялық тұрғыдан жігерленген адамдар болды.

Саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков. Фото: © Tengrinews.kz / Юрий Съедин

- Кейін салафиттер билікке келді, оларды уахабшылар деп атады, бұл біз Сауд Арабиясының әулеті ретінде білетін топ. Олар жауынгер халық.

Шииттермен салыстырсақ, олардың саясатында идеологиялық мазмұн өте жоғары. Бұл көбіне олардың ауыр тарихымен байланысты, сондықтан аятолла Рухолла Хомейни билікке келгенде, мемлекетті діни негізде құрды (Иран - ред. еск.), сондықтан идеологиялық құрамдас бөлік өте күшті.

Ал ибадиттер шыққан харижиттер де кезінде шиит әлемінің бір бөлігі болған. Әлидің жақтастарынан алдымен шииттер шықты, кейін Әлиге қарсы оның жақтастарының бір бөлігі шықты - олар харижиттер болды, ал кейін қалыпты бағыт ибадиттерге айналды. Сыртынан қарағанда, міне, эволюция осындай.

Бірақ бір эволюция белсенді сыртқы саясатқа бағытталған, кейде қауіпті шектегі текетірестері бар мемлекетке алып келді, бүгінгі жағдайдың қаншалықты шиеленісіп тұрғанын көріп отырмыз. Ал екінші бағыт - ибадиттер, шамамен сол бір тамырдан шықса да, соңында теңіз сауда империясына және даму үшін не қажет екенін түсінетін мемлекетке айналды.

Неге Оман элитасында дәл 70-жылдары жаңғыру қажеттілігі туралы осындай ортақ пікір қалыптасты?

Себебі дәл 70-жылдары біз кейін жаһандану деп атайтын дәуір басталды. Егер сен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан саудагер болсаң, 10–20 атаң саудамен айналысса, жаһандануға жай қарап отырасың ба?

Алдына басқа міндеттер қойған идеологиялық адам бұған мән бермеуі мүмкін. Ал саудагерлер мән беруі тиіс. Сондықтан олар қазір де қоғамды реформалауға ұмтылып жатыр, ол жақтағы сауда топтарының бұл процеске қалай үн қатып жатқаны көрініп тұр, өйткені бұл олар үшін тиімді.

Меніңше, Оман - бұл өте айқын мысал, ол сыртқы әлеммен өзара әрекеттесуді дамытуға толық негізі бар мемлекет.

Бұрынғы Оман мен Жошы ұлысы арасында қандай ұқсастық бар?

- Қазақстанмен қызықты параллель жүргізетін болсақ: тарихи тұрғыдан біз де сауда жолдарының, еуразиялық сауданың бір бөлігі болдық, біз арқылы Жібек жолы өтті. Қазір де теміржол, автокөлік, авиация арқылы транзиттік әлеуетімізді дамытып жатырмыз. Ал Оман - теңіз арқылы, бірақ ол да сауда жолдары туралы. Сіздіңше, Қазақстан мен Оман арасындағы бұл параллель қаншалықты қисынды, ортақ тұстар бар ма?

- Әрине, бұл шартты түрде, бірақ мұнда ортақ нәрсе бар. Қазақстан шынымен де бұрынғы көшпелі өркениеттердің мұрагері. Ал бұрынғы көшпелі өркениеттер - негізінен империялар.

Осындай соңғы ірі империя Жошы ұлысы болды, ол бүгінде Қазақстанда тарихи мұрамыздың бір бөлігі ретінде қарастырылады.

Ал Жошы ұлысының басты ерекшелігі неде еді?

Негізгі ерекшеліктердің бірі, шамамен 200 жылға созылған кезеңде негізгі сауда дәстүрлі Жібек жолымен емес, дәл қазіргі Қазақстан аумағы арқылы, одан әрі Қырымға, генуялық сауда қалаларына өткендігінде болды.

Жұрттың бәрі "не үшін?" деп сұрайтын. Орталық Азия, Иран, одан әрі Сирия арқылы өтудің орнына осыншама жерді айналып өтуді елестетіп көріңізші. 

Себебі Жошы ұлысы мемлекет ретінде мұның не үшін қажет екенін нақты түсінді. Олар өте төмен кедендік тариф енгізіп, саудагерлер үшін толық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Сондықтан осы бағытпен - біздің аумақ арқылы жүру әлдеқайда тиімді болды.

Бұл - көп нәрсенің мемлекеттің мұндай процестерге қалай қарайтынына байланысты екенінің көрсеткіші.

Өзімізге келетін болсақ, 1991 жылға дейін біз көлік қатынасы тұрғысынан шеткері аймақ болдық. Қытаймен шекара іс жүзінде жабық еді, оңтүстік шекара да жабық болатын. Ал 1991 жылдан бастап сауда және көлік жолдары қайта жандана бастады.

Яғни, құрлық ішіндегі сауда кейінгі 20 жылдағы Қазақстан дамуының негізгі идеологияларының бірі. Барлық көлік дәліздері дәл осы сауда ағындарын бағыттауға арналған. Өйткені оқшауланған аумақ болғанға қарағанда, сауда жолдарының бойында орналасу әрдайым тиімдірек.

Егер Оман элитасы 70-жылдары оқшауланудан шығып, тарихи өткенін еске ала отырып, осы жолды қайта жаңғыртуды ұйғарса, бізде бұл процесс басқаша өрбіді.

Белгілі бір мағынада Кеңес одағының ыдырауы бізге сәттілік болды, содан кейін жаңа көлік мүмкіндіктеріне шығу процесі басталды. Бүгінде біз құрлық ішіндегі сауданың ішкі дамуымыздың ғана емес, қатар жаһандану аясындағы негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырылатынын көріп отырмыз. Сондықтан белгілі бір деңгейде бұл ұқсастық бар.

Оған қоса, біз ислам әлемімен өзара іс-қимыл жасай бастадық. 1991 жылға дейін, қатарынан 70 жыл бойы бұл байланыс өте шектеулі болды. Соның салдарынан біз көптеген процестен қалып қойдық.

Фото: © Tengrinews.kz / Юрий Съедин

Бұл біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ бұл процестер болды және оларды кем дегенде түсіну керек. Сондықтан 1991 жылдан бастап ескі байланыстарды қалпына келтіру, жаңа шындықты ескеру және тағы басқа процестер жүріп жатыр.

Бұл ретте кез келген тәжірибе біз үшін маңызды. Осы тәжірибенің 70 жыл бойы болмауына байланысты біз бір сәтте "tabula rasa" – таза парақ сияқты күйде болдық.

- Жеке мемлекеттік түсінігімізді қалыптастырғанша біраз уақыт өтті. Оқыс оқиғалар да, күрделі жағдайлар да болды, біз мұны ұмытпаймыз.

Оманның өз ерекшелігі бар екені түсінікті, бірақ омандық діни тәжірибенің біз үшін маңызы бар деп ойлаймын. Жаңғыру процестеріне бағытталған ислам елдерінің үлгілері біз үшін маңызды. Өйткені жаңғыру – қазіргі әлемде лайықты орынды сақтап қалудың жалғыз жолы.

Сондықтан тәжірибені, соның ішінде Оман тәжірибесін зерттеу өте қызықты деп есептеймін.

Әлемге философиялық көзқарас немесе Орта державалар алпауыттар арасында қалай маневр жасайды?

- Қазіргі уақытта Таяу Шығыс жалпы алғанда діни және саяси текетірес аймағы ретінде қабылданады. Оман бұл логикадан қалайша тыс қала алады, бұған не әсер етеді? Ибадизм бе, сауда мұрасы ма әлде басқа нәрсе ме?

- Мемлекет маневр жасауды біледі. Аймақтағы барлық мемлекет маневр жасайды, Оман да солай. Ол кезінде ағылшындардың, америкалықтардың көмегіне сүйенді. Ресми түрде ол жерде америкалық базалар жоқ, бірақ олар порттарды пайдалана алады. Мысалы, Кувейтте, Сауд Арабиясында америкалық базалар бар, Бахрейнде АҚШ-тың бесінші флотының штаб-пәтері орналасқан. Оманның оларды пайдалануға құқығы бар, бірақ өздерінде ресми түрде базалар жоқ. Бұл өте нәзік тұс – яғни ел өте белсенді саяси маневрлер жасайды.

Сонымен қатар Оман - аймақта тұрақтандырушы рөл атқаратын ел, өйткені ол Ормуз бұғазы арқылы өтетін қозғалысқа үлкен әсер ете алады. Қазіргі қақтығыста Иран осы бұғазды бақылауға алуға, тіпті ол арқылы өткені үшін ақы алуға тырысып жатыр. Оның қалай болары белгісіз, бірақ мұндай талпыныстар бар.

Ондағы негізгі шарт - екінші басты фарватердің Оман маңынан өтуі.

Анықтама: Фарватер - кемелердің қозғалысы үшін қауіпсіз жол. Ормуз бұғазындағы екінші негізгі фарватер - кемелер бұғаз арқылы өтетін басты дәліздердің бірі. Бұғаздағы қозғалыс ретсіз емес: онда ағындарды бөлу қарастырылған - бір бағытты әдетте Парсы шығанағына баратын кемелер, екіншісін шығанақтан шығатын кемелер пайдаланады. Фарватерлер бойынша еркін қозғалыс өте маңызды, өйткені Ормуз бұғазы әлемдік мұнай және газ саудасының тар өткелі: егер негізгі фарватерлердің бірі жабылса, миналанатын болса, бұғатталса немесе қауіпті болып қалса, бұл бірден танкерлер қозғалысына, сақтандыру мөлшерлемелеріне, энергия ресурстарының бағасына және аймақтағы жалпы қауіпсіздікке әсер етеді.

Сондықтан Оман осы аймақтағы ең ықпалды делдалдардың біріне айналып отыр.

Егер Иранның кейбір елдермен араздасқан күрделі қарым-қатынасы болса, Оманмен арада мұндай шиеленіс жоқ. Рас, осы соғыс кезінде Иран тарапынан оларға бірнеше дрон ұшып келді, бірақ Әмірліктерге немесе Сауд Арабиясына жасалғандай шабуылдар болған жоқ. Бұл шын мәнінде белгілі бір деңгейде көрсеткіш болып табылады.

Бүгінде Иран бұл фарватерге мина қойды ма, жоқ па деген мәселе төңірегінде талқылау көп, олар оны минадан тазарта ма, жоқ па деген де сұрақтар қарастырылып жатыр. Бірақ Оман фарватері - бұл басқа мәселе. Оман оған, ол арқылы өтетін жолға жауапты. Көп нәрсе оның ұстанымына байланысты.

Иран үнемі оны былай деп арандатуға тырысады:

"Бақылауды өзара бөлісіп, бұғаз арқылы өткені үшін ақша жинайық".

Бір жағынан, бұл орасан зор қаражат. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші? Ол жерден мыңдаған, он мыңдаған кеме өтеді, мұнай ғана емес, тыңайтқыштар, газ, гелий және басқа да көптеген тауар тасымалданады.

Бірақ, екінші жағынан, Оман өз мүдделеріне өте берік. Иә, бұл - бір сәттік пайда. Алайда Оман саудагер халық ретінде мұндай қадамдарға қарсы. Не үшін? Олар сауда-саттық байланыстарын сақтап, сыртқы әлеммен қарым-қатынас орнатып, қақтығыстарға бармаған тиімді екенін жақсы түсінеді.

Бұл белгілі бір дәрежеде бізді еске түсіреді. Әрине, бұл классикалық мағынадағы көпвекторлы саясат емес, өйткені Оманның жағдайы біздікіне ұқсамайды. Біз үш ірі державаның ортасындамыз, оған қоса көптеген көршілес аймақтық мемлекеттер бар.

Дегенмен Оман парсы империяларымен, барлық мұсылман елдерімен, соның ішінде шииттермен әрқашан байланыста. Оның шииттермен күрделі қайшылықтары жоқ. Негізінде шииттер мен сүнниттер арасында кім мұсылман, кім мұсылман емес деген сияқты түрлі айыптау мен даулар жиі болып тұрады.

Фото: © Tengrinews.kz / Юрий Съедин

- Ал ибадилер бәрін мойындайды. Олар көбіне ислам философтары іспетті. Олардың дінге деген көзқарасы өте философиялық. Тағы бір ерекшелігі: олар Құран жазылмаған, ол жаратылған, яғни абсолютті нәрсе ретінде өздігінен бар дейді.

Меніңше, олар саясатқа идеологияны араластырғысы келмейді. Сондықтан шииттермен де, сүнниттермен де, америкалықтармен де, ағылшындармен де әрекеттесе алады. Тіпті омандықтар әскерінің едәуір бөлігі жақын уақытқа дейін британдық офицерлерден тұрған болатын.

Яғни, олар сыртқы әлеммен өзара іс-қимылдың икемді форматын қолданады.

Осы орайда икемділік тұрғысынан бізбен ұқсастық бар - біз де бәрімен жақсы қарым-қатынастамыз. Өйткені мемлекет шағын болғанымен, оның алдында үлкен міндеттер тұрғанда, бұл жалғыз жол.

Біздің басты міндетіміз - сауда жолдарын дамыту, экономикалық қуатымызды арттыру, өмір сүру деңгейін көтеру және тағы басқалар. Сондықтан осы аймақтағы ірі державалардың бір-бірімен қақтығысқа түсуіне жол бермеу үшін маневр жасау керек. Тарихтан білеміз: қайшылықтар шиеленіскенде, белгілі бір елге немесе аумаққа ықпал ету үшін күрес басталады. Міне, бұған жол беруге болмайды.

Оман да бұған жол бергісі келмейді. Сол себепті ол Ормуз бұғазы мәселесіне Иран сияқты идеологияны араластырмайды.

Қазір "орта державалар" деген сәнді термин бар. Орта державалардың кәдімгі кішігірім мемлекеттерден айырмашылығы - олардың жаһандық мәселелерге қатысты өз көзқарасы болады. Оманның мұндай көзқарасы бар. Бізде де солай.

- Оман жаһандық барлық ойыншымен: АҚШ, Иран, Қытай және басқа елдермен қалайша қалыпты қарым-қатынас сақтап отыр?

- Бұл сыртқы әлеммен әрекеттесудің логикасы, егер сіз шағын, бірақ ықпалды ел болсаңыз, кез келген жағдайда айналаңыздағылардың бәрімен байланыс орнатуыңыз керек. Қақтығыстардан аулақ болу қажет. Сіздің басымдықтарыңыз басқа - сауда, экономика, тұрмыс.

Сізге даулы форматтың не керегі бар?

Әсіресе, сізде, мысалы, Иран сияқты өз "mission vision" таратуға идеологиялық ұмтылыс болмаса. Ибадилерде мұндай нәрсе жоқ, оларға оның қажеті қанша?

Бұл өзара тиімді

- Қазақстан кейінгі уақытта Оманмен қарым-қатынасты белсенді дамытып жатыр. Бұл мемлекет басшылары деңгейіндегі уағдаластықтар да, сауда-саттық мәселелері де. Сіздіңше, бұл қызығушылықтың астарында не жатыр?

- Парсы шығанағы жалпы алғанда бүгінде жаһандық экономикалық қатынастарда ғана емес, саяси қатынастарда да үлкен рөл атқарады. Негізінде, Оман да жаңғыру мен даму жолымен келе жатқан елдердің бірі. Оның өз артықшылықтары мен бастапқы мүмкіндіктері бар. Барлық Парсы елдері өз жолын шамамен қатар бастағанымен, әртүрлі бағытта дамып келеді. Біріккен Араб Әмірліктерінің моделі бар, Сауд Арабиясының моделі бар.

Мұның бәрі біз үшін қызықты. Өйткені ерте ме, кеш пе Парсы шығанағына шығатын болсақ, бұл елдердің сауда-экономикалық іс-қимыл үшін маңызы зор. Біздің міндеттеріміздің бірі - жаһандық әлеммен сауда байланыстарын нығайту. Сондықтан, әрине, Парсы шығанағы елдері біз үшін маңызды серіктес.

Бұған қоса, олар өңірдегі түрлі процесте үлкен рөл атқарады. Мәселен, бәріміз Ауғанстанда сауда-саттық болғанына, ондағы оқиғалардың қалыпты дамып, қақтығыстардың болмауына мүдделіміз. Бұған Парсы шығанағы елдері, соның ішінде Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Оман белсенді түрде қатысып жатыр.

Бірақ ең бастысы, Оман инвестиция салуға ресурстары бар ел. Біз үшін инвестиция тарту әрдайым маңызды. Бізде Доңға кен орны бар, менің білуімше, Оман ол жерге инвестиция салып келе жатқанына біраз уақыт болды.

Кейінгі сапар сәуірде болды, сол кезде премьер-министрдің орынбасарымен инвестиция мәселесі талқыланды, ондағы сома үш миллиардқа жуық (сөз Оман премьер-министрі орынбасарының Тоқаевпен кездесуі туралы - ред. еск.). Қазірше біздің сауда-саттық тым белсенді дамып жатқан жоқ. Дегенмен, егер қақтығыс (Таяу Шығыстағы - ред. еск.) қандай да бір форматта аяқталса, бұл біз үшін болашақта Шығыс пен Батысты, яғни Қытай мен Еуропаны ғана емес, Солтүстік пен Оңтүстікті де байланыстыратын дәліздерге шығу мүмкіндігі болады. Бұл да өте перспективалы формат.

Әрине, Оманның тәжірибесі біз үшін қызықты.

Фото: © Tengrinews.kz / Юрий Съедин

- Мына бір жайт та қызық. KASE-нің бұрынғы басшысы, қателеспесем тегі Алдамберген болуы керек, ол KASE-ні (Қазақстан қор биржасы - ред. еск.) 10 жыл басқарды - Маскат биржасының басшысы болып тағайындалды. Бұл біздің жаңғыру тәжірибеміздің сұранысқа ие екенін көрсетеді, біз де 30 жыл ішінде белгілі бір тәжірибе жинақтадық қой. 

Олар ағылшынды, америкалықты немесе басқа біреуді емін-еркін шақыра алар еді. Жоқ, олар Қазақстаннан келген әйелді шақырды, бұл мұсылман елі үшін өз алдына үлкен плюс және олардың жаңғыруға деген ұмтылысын аңғартады.

Бәлкім, біз Біріккен Араб Әмірліктеріне немесе Сауд Арабиясына бірдеңе айтып, ақыл бере алмаспыз, ол жақта логика басқаша. Бірақ Оман жағдайында ортақ мүдделеріміз бен өзара пайдаға негізделген мүдделеріміз бар екені байқалады.

Иранмен ядролық келісім: Оман мен Қазақстанның бұған қандай қатысы бар?

- Иранмен ядролық келісім - бірнеше онжылдыққа созылған өте күрделі процесс. Біз кейбір құпия келіссөздердің айтарлықтай бөлігі дәл Оманның астанасы Маскатта өткенін білеміз. Бұл елдің өңірдегі рөлін көрсету тұрғысынан қаншалықты маңызды мысал?

- Бұл - сенім мәселесі. Процеске қатысушылардың барлығы сенім артатын ел керек. Маскатқа, яғни Оманға америкалықтар тарапынан сенім бар екені түсінікті. Сонымен қатар Иран тарапынан да сенім бар. Иран Оманнан қауіп көрмейді.

Бұрын бұл рөлді Қатар атқаратын. Бірақ Қатарда АҚШ базасы орналасқан және осы соғыста ол жер қатты бомбаланды.

Одан кейін Иранға қиындау, себебі Парсы шығанағындағы көптеген ел оған сенім артпайды. Ол Сауд Арабиясын, Біріккен Араб Әмірліктерін, Кувейтті, Иорданияны - оның көзқарасы бойынша Америкамен тым жақын елдерді бомбалады. Оман туралы бұлай деп тікелей айтуға болмайды.

Дегенмен, тағы да қайталап айтайын, оларда порттарды пайдалану туралы келісім бар, бірақ сөздің тура мағынасында әскери база жоқ.

Ондағы негізгі мәселе - Ираннан біреуге берілуі тиіс 440 келі байытылған уранда. Иранмен қандай да бір коммуникация, байланыс орнату үшін бұл жұмысқа Пәкістан қосылды. Өйткені Пәкістан ядролық қаруы бар ел.

Мәселе америкалықтардың Иран бұл уранды біреуге берсін деп талап етуінде. Бұл енді Оманға емес, басқа деңгейдегі мемлекеттерге қатысты мәселе. Осы орайда Пәкістан делдал ретінде әрекет етіп отыр.

Бірақ барлық қатысушымен қалыпты қарым-қатынастағы бейтарап елде келіссөздер жүргізу қажеттілігі туындаса, Оман бұл үшін сөзсіз негізгі ел.  

- Таяу Шығыстағы оқиғалардың нәтижесі бізді қызықтырады, Қазақстанға әсері бола ма?

- Біз де делдалмыз. Әрқашан, дәстүрлі түрде барлық қақтығыста солай болған. Бұл тұрғыда біз Оман сияқтымыз: кез келген форматта делдал рөлін атқара аламыз. Бұл шынымен де біздің өте маңызды жетістігіміз.

Жақында ғана Гросси осында болып, Президент Тоқаевпен кездесті (Қасым-Жомарт Тоқаев пен МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси 2026 жылдың мамырында Астанада кездесті - ред. еск.)

Осыдан кейін бірнеше күн өткен соң Гросси Қазақстан осы 440 келі байытылған ирандық уранды қабылдауы мүмкін деген мәлімдеме жасады, біз бұның рас-өтірігін білмейміз. Іс жүзінде Қазақстан мұны растаған жоқ, бірақ ресми түрде солай айтылды.

Мұны бір нұсқа ретінде мүмкін деп есептеуге болады. Оның үстіне бізде банк бар (МАГАТЭ-нің Қазақстан аумағындағы Төмен байытылған уран банкі (ТБУБ) туралы сөз болып отыр - ред. еск.). Оны, бәлкім, өзгертуге тура келетін шығар. Иранда 60 пайызға дейін байытылған уран бар, бұл атом бомбасына өте жақын.

Бірақ бұл мәселенің МАГАТЭ басшысы деңгейінде талқылануының өзі көп нәрсені аңғартады. Іс жүзінде қазақстандық кейс процестерде байқалады және оны тиісті форматта пайдалануға болады.

Егер жағдай шынымен де тығырыққа тірелсе... Қазірдің өзінде Пәкістанның араағайындығына көңілі толмайтындар бар. Көпшіліктің айтуынша, Америкада үлкен наразылық қалыптасқан, өйткені Пәкістан, бұл тағы да расталмаған ақпараттарға сүйенсек, Ираннан Америкаға ақпарат жеткізу кезінде мазмұнды жақсы жағына қарай сәл де болса өзгертіп жіберетін көрінеді.

Дегенмен белгілі бір кезеңде араағайындар мәселесі бәрібір туындайды. Бұл тұрғыда Қазақстан өзіне ешқандай сұрақ туындамайтын және барлық тараппен жақсы қарым-қатынас орнатқан мемлекет ретінде айқын ерекшеленеді.

Тағы оқыңыз: Иран мен АҚШ текетіресі: Ормуз бұғазында не болып жатыр?

“Әскери адам ғана бейбітшілік орната алады“. Голан жоталарынан оралған бітімгер миссия, CS:GO және Иранмен соғыс туралы айтты

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 488.81   567.94   6.67 

 

Ауа райы

Алматы
А
Алматы +19
Астана +23
Ақтау +17
Ақтөбе +14
Атырау +19
Б
Балқаш +25
Ж
Жезқазған +20
Қ
Қарағанды +24
К
Көкшетау +21
Қ
Қостанай +20
Қызылорда +22
П
Павлодар +20
Петропавл +26
С
Семей +20
Т
Талдықорған +21
Тараз +26
Түркістан +16
О
Орал +18
Ө
Өскемен +24
Ш
Шымкент +20

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер