1. Басты
  2. Оқы

Масанчиде енді 21 бала әкесіз өседі

  • 1
Масанчиде енді 21 бала әкесіз өседі Масанчиде енді 21 бала әкесіз өседі

21 бала әкесіз, тағы 103-і үй-жайсыз қалды - бұл Қордайдағы қақтығыстың салдары. Үлкендердің әрекетінен Масанчидегі балалар зардап шекті. Волонтерлер сыйлаған киім мен кітаптар енді ол балаларға балалық шағын да қайтара алмайды. Оны балалардың мұңға толған көзінен байқауға болады. Tengrinews.kz тілшілері Масанчи тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсеткен алматылықтармен барып келді. Біз сол түні ауыр жағдайды өткізген балалармен кездесіп қайттық. Шыны керек, біз бұл сапарымызды ұзақ уақыт ұмытпасымыз анық. 

Бұл - Мұхаммед есімді ерекше бала. Мұхаммед анасының құрсағында жатқанда дәрігерлер гидроцефалияны анықтаған. Мұхаммедтің анасына түсік жасау керегі айтылған. Алайда анасы баласының өмірін қимай, Мұхаммедті дүниеге әкелген. Жүзінен күлкі кетпейтін Мұхаммед ата-анасының көз қуанышына айналып, жақындарын үнемі қуантып жүреді. 

Алайда бір күні ауыр жағдай болды: 11 айлық Мұхаммед пештің үстіне құлап, бетінің жартысы мен екі қолы күйіп қалған. Ауыр жарақат алған бала оған да мойымайды. Ұстаздарының айтуынша, Мұхаммед - еңбекқор әрі жайдары. Алақанындағы жарақатқа қарамастан бірінші сынып оқушысының жазуы да әдемі. 

Қордайда болған қақтығыс кезінде бұзақылар Мұхаммедтің үйін өртеп жіберген. 

Болған жайтты оның көзі жасқа толған анасы күрсіне еске алды.

"Өте қорқынышты болды. Не болып жатқанын, ол адамдардың кім екенін түсінбедік. Не үшін ондай әрекетке барды? Біз балалар зардап шегіп қала ма деп оларды жасырып қойдық. Ұрыса ма - өз араларында ұрыссын. Оған балалардың не қатысы бар?", - дейді Мұхаммедтің анасы.

Бірақ айналадағы сұмдық жайтқа қарамастан Мұхаммедтің отбасының үйі ішінара өртенген. Ал қалған жүздеген отбасы көшеде қалған. Бұрын бақытты отбасы өмір сүрген үй бүгінде қорқынышты фильмдегі тастанды баспанаға айналғандай. Көшеде өртенген үйлердің қалдығы, әскери бекет қана қалған. Әдетте у-шу болып жататын көше де тым-тырыс. 

Өртенген ғимараттардың арасынан балалардың ойыншығы мен жыртылған киімдер ғана көзге түседі. Бұл көріністі көрген адамның зәресі ұшатыны анық. 

Бәлкім, бұл жерде мектеп тауарлары сатылатын дүкен болуы керек. 

Бүгінде Масанчиде бұл тауарлар жеткіліксіз. Ауыл тұрғындарына қол ұшын созуға алматылық еріктілер мен балалар омбудсмені Аружан Саин келді. Олар гуманитарлық көмекке мұқтаж адамдардың тізімін анықтап қарап шықты: барлығы 200 бала мен жасөспірімге көмек қажет. Олардың ішінде әкесінен айырылып қалғандар мен үй-күйсіз қалғандар бар. Ең сорақысы - бұл балалардың балалық шағынан айырылғаны. 

Ауыл балаларының көбі терең ойға кетіп, сыртқы әлемнен бөлектеніп кеткендей. Балалардың көзінен бұл жайттар олардың есінде мәңгі қалатынын аңғаруға болады. 

Гуманитарлық көмек алған әр баламен Аружан Саин жеке сөйлесті. 

Кәусар есімді бірінші сынып оқушысы анасымен Масанчиге көрші ауылдан келген. Наразылық кезінде олардың жалдамалы пәтері зардап шекпеген. 

Бұл балалардың бірде бір заты қалмағандықтан еріктілер әрбіріне күртеше, бас киім, жеңіл жейде, іш киім, шұлық, шалбар, белдемше, жейде, шұлық, аяқ-киім және жазу-сызу тауарлары салынған сөмкені ұсынды.  

Еріктілер ауыл тұрғындарына арналған көмекті күн-түн демей жинаған. Нәтижесінде, әр сөмке балалардың қолына тікелей жеткізілді. 

"Өкінішке қарай, үлкендер де кейде қателікке бой алдырып жатады. Бұл ауылда болған оқиға бәрімізге ауыр тиді. Енді үлкендер мұндай жағдайды болдырмауы керек. Адам қай жерде, қандай елде, қандай отбасыда туатынын таңдамайды. Бірақ әр баланың құқығын қорғалуы керек. Оларға бірде де бір қақтығыс кесірін тигізбеуі керек. Біз балаларға өмірде жақсы мен жаман қатар жүретінін түсіндірдік. Бәрі адамдарға байланысты. Егер адамдар бір-біріне қолдау көрсетсе кез келген мәселеге төтеп беруге болады", - деді Аружан Саин Масанчидегі орта мектептердің бірінде ата-аналармен өткен кездесуде. 

Балаларға ерекше әсер қалдырған БҰҰ аббревиатурасы болуы керек. Оны Аружан Саин адам құқығы, ұлттық және нәсіл аралық теңдік туралы айтқан кезінде еске салды. Былай қарап тұрсаң, үлкендерге айтылатын әңгіме секілді. Алайда кішкентай балалар омбудсменнің әр сөзін ұйып тыңдап отырды. 

Қызық, мына кішкентай қыз не жайлы ойланып отыр екен?

Артынша "Дорогой добра" спектаклін көрген балалардың қуанышында шек болмады. 

"Сценарий Қордай ауданындағы балаларға арнайы жазылды. Біз тек балаларға емес, сондай-ақ ата-аналарға ұлт арасында бөлінуге болмайтынын жеткізгіміз келді. Адамдарды бір-біріне адал ниетпен қарап, сабырлы болуға шақырдық. Осы ойларды біз балалар ертегісі арқылы жеткізуге тырыстық", - дейді Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының баспасөз хатшысы Мөлдір Мұратқызы. 

Қойылымның балаларға ұнағаны соншалық, кішкентай бүлдіршіндер көріністі естелікке видеоға түсіріп те жатты. 

Ертегі балаларға ғана емес, сондай-ақ үлкендерге де ұнаған секілді. Біз қойылымнан кейін екі келіншектің әңгімесін кездейсоқ естіп қалдық. Олардың бірі сол түнгі қорқынышты оқиғадан кейін алғаш рет жүзіне күлкі үйірілгенін айтып қалды. 

Қойылымнан кейін балалар әртістермен суретке түсіп, ал ата-аналар еріктілерге алғыс білдірді. 

"Бұл - балаларға керемет психологиялық көмек болды", - дейді аналар. 

Бұл - Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Мемлекеттік академиялық театрдың әртістері. Қойылымның атауы да іс-шараға ерекше дем берген секілді.

Мектептен шыға сала балалар алған әсерін талқылап жатқанын аңғардық. Біз, үлкендер кімдер  шын мәнінде назардан тыс қалып қойғанынан бейхабар болатын секілдіміз. Еш кінәсі жоқ адамдар басқаларынан артық зардап шегіп жатады. 

Мәтін: Әли Аманов
Фото: Әлихан Сариев
Аударма: Сымбат Сатыбалдина



Доллар арзандады