Remitly компаниясы 2026 жылғы Иммиграция индексін жариялады. Онда әлемнің 82 елі өмір сүру құны (азық-түлік, жалдау ақысы, ипотека және сатып алу қабілеті), мәдени орта, білім беру жүйесі, бақыт деңгейі, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және табыс көлемі сияқты 34 көрсеткіш бойынша бағаланған, деп хабарлайды Tengri Travel тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
Биыл рейтингте өткен жылы екінші орында болған Швейцария көш бастады.
"Швейцария табыс табудың ерекше мүмкіндіктерімен (бұл көрсеткіш бойынша ел әлемде бірінші орында), медициналық көмектің қолжетімділігімен және қауіпсіздіктің жоғары стандарттарымен ерекшеленеді", - деп атап өтті рейтинг авторлары.
Швейцариядан кейін екінші орынға өткен жылғы көшбасшы Исландия жайғасты. Бұл солтүстік елінің табыс әлеуеті жоғары, қауіпсіздік деңгейі мықты, экологиялық көрсеткіштері жақсы және отбасылық саясаты жан-жақты ойластырылғандығы айтылады.
Үшінші орынды Люксембург иеленді. Табыстың жоғарылығы, қауіпсіздіктің сенімді деңгейі және қоғамдық көліктің тамаша ұйымдастырылуы бұл елді "Еуропаның қақ ортасында тұрақтылық, мобильділік және жоғары өмір сүру деңгейін" іздейтіндер үшін өте тартымды етеді.
Алғашқы бестікке Еуропадан тыс елдердің ішінен тек Аустралия ғана енді: ол "қонақжай иммигранттар қауымдастығы, табыс табудың жақсы мүмкіндіктері және табиғат аясындағы демалысқа басымдық беретін өмір салты" арқасында төртінші орынға табан тіреді.
Бестікті Германия түйіндейді. Ол "жұмысшылар құқығының мықты кепілдігі бар және ұзақ мерзімді мансаптық перспективалары зор Еуропаның ірі экономикасынан мүмкіндік іздеген иммигранттар үшін сенімді таңдау" ретінде сипатталған. Сондай-ақ бұл елде жылжымайтын мүлік бағасы ең қолжетімді қалалар орналасқан.
Қоныс аударуға ең қолайлы үздік 10 елдің тізімін әрі қарай Ирландия, АҚШ, Дания, Норвегия және Испания жалғастырады.
Балалы отбасылар үшін ең үздік елдер
Білім беру жүйесі, аналар мен әкелерге арналған декреттік демалыс, баланы күтуге жұмсалатын жылдық шығындар және халықаралық мектептердің саны сияқты отбасылар үшін маңызды көрсеткіштер бойынша Испания бірінші орында тұр.
"Дамыған әлеуметтік инфрақұрылымының арқасында бұл еуропалық мемлекет шетелде тұрақтылық пен жаңа мүмкіндіктер тапқысы келетін отбасылар үшін басты бағыт ретінде танылуын жалғастырады. Көпшілік үшін қолжетімділік, қолдау және жоғары өмір сапасының ұштасуы Испанияны барынша тартымды таңдауға айналдырды", - деді Remitly компаниясының Еуропа бөлімшесінің басшысы Ева Бориславова.
Бұл көрсеткіш бойынша Испаниядан бөлек, алғашқы ондыққа тағы үш еуропалық ел енді: Ұлыбритания (сегізінші орын), Исландия (тоғызыншы) және Хорватия (оныншы).
Үздік ондықтағы қалған орындарды Қытай (екінші орын), АҚШ (үшінші), Шри-Ланка (төртінші), БАӘ (бесінші), Аустралия (алтыншы) және Бангладеш (жетінші) өзара бөлісті.
Табыс пен шығын тепе-теңдігі ең қолайлы елдер
Remitly рейтингі сатып алу қабілетін, ипотека шығындарының табыстағы үлесін, жалақымен салыстырғандағы орташа жалдау ақысын және мейрамханаға барудың орташа құнын бағалай отырып, қай елдерде өмір сүру құнының ең тиімді тепе-теңдігі сақталғанын көрсетеді.
Бұл тізімде Сауд Арабиясы бірінші орынға шықты - бұл елде жалақы жоғары, ал өмір сүру шығындары салыстырмалы түрде төмен және жылжымайтын мүлік иелеріне түсетін тұрғын үй жүктемесі аз.
Еуропада өмір сүру құнының тепе-теңдігі бойынша ең жоғары көрсеткіш төртінші орынға ие болған Норвегияға тиесілі, одан кейін бесінші сатыда Дания тұр. Люксембург сегізінші, ал Ирландия тоғызыншы орынды иеленді. Көшбасшы ондыққа сонымен қатар Бангладеш (екінші орын), АҚШ (үшінші), Оман (алтыншы), Пәкістан (жетінші) және Непал (оныншы) енді.