Қазақстан көші-қон саясатын қатаңдатты. Бұл кімдерге қатысты және неге?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстан көші-қон саясатын қатаңдатты. Бұл кімдерге қатысты және неге? Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Қазақстан көші-қон ережелерін қатаңдатты (әзірге пилоттық жоба аясында).


Сонымен қатар жаңа шектеулер қандастарға да, елмен туыстық байланысы бар адамдарға да және ешқандай байланысы жоқ жандарға да қатысты.

Қазақстан қандай ережелерді және не үшін енгізіп жатыр, тұруға ықтиярхат алу үшін не қажет және енді келгендер бұл өзгерістерді қалай қабылдап жатыр - бұл мәселені Tengrinews тілшісі анықтап көрді.

Үш министрліктің бұйрығы: Қазақстанда тұруға ықтиярхат және ҚАЗТЕСТ

Қазақстан посткеңестік кеңістікте көшіп келу үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналды. 2026 жылы америкалық Remitly компаниясы бізді Immigration Index рейтингіне қосты, онда ел әлемнің 82 мемлекеті арасында 53-орынға ие болып, зерттеуде көрсетілген ТМД елдері арасында көш бастады. Рейтинг авторлары өмір сүру сапасы, экономикалық мүмкіндіктер және шетелдіктерге арналған жағдайларды қоса алғанда, бірқатар параметді бағалаған.

Сонымен қатар биыл көктемде Қазақстан елде тұрақты қалуға ниетті шетелдік азаматтарға қойылатын талаптарды күшейтті. Енді тұруға ықтиярхат - шетелдіктің ел аумағында 10 жыл бойы заңды тұруына және азаматтармен тең дәрежеде көптеген құқықтарды пайдалануына мүмкіндік беретін құжат. Оны алуға үміткер әрбір тұлға келесі талаптарды орындауы тиіс:

  • Қазақ тілін жақсы меңгеру: ҚАЗТЕСТ-тің әр блогы бойынша - оқылым, тыңдалым, жазылым, лексика және грамматика - кемінде 70 пайыздан төмен емес балл жинау қажет.
  • Өмір сүруге жеткілікті қаражаттың болуы: тұруға ықтиярхат алғаннан кейін бес жыл бойы жыл сайын банк шотында кемінде 5,7 миллион теңге (1320 АЕК) бар екені туралы мәлімет ұсынуға тура келеді.
  • Мемлекет белгілеген өңірлердің бірінде кемінде бір жыл тұру: Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар немесе Солтүстік Қазақстан облыстары. Астана және Алматы сияқты қалалар тұруға ықтиярхат алуға үміткерлер үшін іс жүзінде жабық деуге болады.
  • Бұдан бөлек, үміткерлердің "эмиграциялық әлеуеті" жоғары болуы тиіс: жақсы білім, жұмыс тәжірибесі, шет тілдерін меңгеруі және сұранысқа ие мамандығының болуы.
Анықтама: ҚАЗТЕСТ - мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың қазақстандық жүйесі. Ол азаматтарға (мысалы, мемлекеттік қызметшілерді бағалау үшін де), сондай-ақ елде жұмыс істейтін немесе тұратын (және, мысалы, тұруға ықтиярхат алғысы келетін) шетелдіктерге де арналған. Тестілеу ағымдағы деңгейді анықтау үшін диагностикалық және оны ресми растау үшін сертификаттық болып бөлінеді. ҚАЗТЕСТ дағдыларды бірнеше блок бойынша бағалайды: тыңдалым, оқылым, жазылым және лексика-грамматикалық құрылым; деңгейлер А1-ден С1-ге дейін сараланады.

Бұл талаптың барлығы үш министрліктің: Еңбек және халықтық әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы. Әзірге бұл бастама пилоттық жоба ретінде қарастырылып отыр, бұйрық 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады, содан кейін ережелер мерзімі ұзартылуы мүмкін.

Эксперимент аяқталғаннан кейін билік оның нәтижелерін, қолдану тәжірибесін және келіп түскен ескертулерді талдауға уәде беріп отыр, содан кейін қай нормалар тұрақты негізде сақталады, ал қайсы қайта қаралуы мүмкін екені туралы шешім қабылданады.

Tengrinews.kz жаңалықтардың кейбір тұстарын түсіндіруді сұрап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетіне ресми сауал жолдады.

Ведомство өз жауабында белгілі бір өңірлерде міндетті түрде тұру талабы барлық өтініш берушіге қолданылмайтына назар аударды. Келесі санаттар үшін ерекшелік жасалған:

  • кәмелетке толмағандар,
  • инвесторлар,
  • сұранысқа ие мамандықтары бар шетелдіктер,
  • сондай-ақ ел экономикасына елеулі үлес қосатын, басым жобаларды іске асыруға қатысатын немесе бірегей құзыреттерге ие адамдар.

Соңғы санат үшін уәкілетті мемлекеттік органның қолдаухаты қажет.

Сонымен қатар комитет пилоттық жоба аясында үміткер алдымен арнайы электронды сауалнама толтырып, растайтын құжаттарды қоса беретінін түсіндірді. Содан кейін жүйе белгіленген критерийлер бойынша оның иммиграциялық әлеуетін автоматты түрде бағалайды, өтініш беруші мен оның отбасы мүшелеріне балл жинайды және өтінішті одан әрі қарау кезінде пайдаланылатын алдын ала нәтижені қалыптастырады.

Айта кететін жайті, жаңа ережелер тікелей мигранттардан бөлек, қандастарға да қатысты болды. Мамырдың аяғында Мәжіліс отырыстарының бірінде депутаттар тіпті бұл талаптар мемлекет көптеген жыл бойы тарихи Отанына оралуға шақырған этникалық қазақтар үшін қосымша кедергілер тудыруы мүмкін екенін алға тартты. Осы санат үшін міндетті тілдік тест және тұратын өңірді таңдаудағы шектеулер ең көп сынға ұшырады.

"Осыған дейін қандастар қай өңірге қоныс аударатынын өздері шешетін. Ал қазіргі пилоттық жоба олардың таңдауын шектейді. Бұрын ҚАЗТЕСТ тапсырмайтын, ал қазір оны енгізіп қойды, бірақ біздің қандастар ҚАЗТЕСТ тапсырмақ түгілі, кириллицаны да білмейді. Сондықтан қазір олар елшіліктердің маңайында сенделіп жүр", - деді сол кезде Мұрат Әбенов.

"Қандастарды заңның қолданылу аясынан шығару керек"

Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов қосымша түсініктеме беру барысында тұруға ықтиярхат алуды қиындататын қазіргі пилоттық жобаның, әсіресе, қазақтілді интернет кеңістігінде қызу талқыланып жатқанын атап өтті.

"1991 жылдан бері Қазақстанға 1,6 миллионға жуық қандас келді. Олардың осында балалары дүниеге келді, туыстары көшіп келді. Нәтижесінде Қазақстанның бірнеше миллион азаматы қандай да бір түрде қандастармен байланысты болып отыр. Сондықтан енгізілген шектеулерді орыстілді аудитория байқамауы мүмкін, бірақ қазақтілді ортада бұл үлкен наразылық тудырды". 

Цитата с изображением
Мұрат Әбенов
Мәжілістің бұрынғы депутаты

Ол бұл шиеленісті былай түсіндіреді: Қазақстанға орнығып үлгерген адамдар енді ықтиярхат ережелерінің қатаңдауына байланысты туыстарын мұнда әкеле алмай отыр.

"Меніңше, үкіметке қандастар мен басқа шетелдіктердің ағынын тез арада бөлу керек. Егер қандастарды ықтиярхатқа үміткерлердің жалпы тізіміне қоспаса, онда жаңа өзгерістер орынды, түсінікті және тиімді болады", - деп толықтырды Әбенов.

"Әрі қарай қайда барарымыз түсініксіз"

Дегенмен, көші-қонның жаңа ережелері әртүрлі эмигранттық қауымдастықтарда, соның ішінде ресейліктер арасында да алаңдаушылық туғызды. Әртүрлі болжам бойынша, қазір Қазақстанда 2022 жылдан бері көшіп келген 70 мыңға жуық ресейлік тұрып жатыр. Олардың көбі ықтиярхатқа құжат тапсыруды жоспарлағанымен, үлгермей қалған.

Мысалы, Анжелика М. отбасымен бірге 2023 жылы көшіп келген. Оның үлкен баласы Алматыдағы жекеменшік мектепке, кішісі жекеменшік балабақшаға барады. Ол күйеуімен мұнда уақытша тұруға рұқсат (УТР) бойынша тұрады және екеуі де қашықтан - халықаралық компанияларда жұмыс істейді. Жылжымайтын мүлік сатып алу үшін ықтиярхат алуды жоспарлаған.

"Қазақстанда мәңгілікке қала алмайтынымызды қабылдау мен үшін өте қиын. Біз ықтиярхат алу үшін іріктеуден өтпейтін шығармыз деп түсінеміз. Біз қарапайым мамандармыз, ерекше ештеңеміз жоқ. Қазір бәрінен де балаларым үшін алаңдаймын, олар әзірге ештеңені түсінбейді, Қазақстан - олар білетін және жақсы көретін жалғыз ел. Өзіміз де осы үш жыл ішінде әбден үйреніп қалдық. Қоштасу ауыр болады және ары қарай қайда барарымыз түсініксіз", - дейді ол.

"Мемлекет сүзгі қойып жатыр"

Сарапшылар Қазақстанның көші-қон саясатын өзгертуге ниетті екеніне өткен жылдан бері назар аударып келеді. Күзде Қазақстан студенттік виза алуды қатаңдатты. Кейін Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа Тұжырымдамасы бекітілді, онда жоғары білікті мамандарды тарту, мигранттардың қоныстануын реттеу, сондай-ақ ішкі еңбек нарығын қорғау қажеттілігі туралы айтылған.

Мұрат Әбенов жаңашылдықтарға түсініктеме бере отырып, ережелерді қатаңдату мынадай мақсаттарды көздейтінін атап өтті:

  • ұлттық қауіпсіздікті нығайту,
  • ішкі еңбек нарығын қорғау,
  • Қазақстанға бәсекеге қабілетті мамандарды тарту үшін жағдай жасау.

Сондықтан ол шотта белгілі бір соманың болуы туралы талапты орынды деп санайды - бұл елде тұру үшін жеткілікті қаржылық ресурстары бар, әлеуметтік жүйеге қосымша салмақ түсірмейтін және экономикаға инвестиция салуға дайын шетелдіктерді тартуға мүмкіндік береді.

Тілге қойылатын талаптардың қатаңдауына келсек, Әбенов бұл әлемнің барлық елдерінде қалыптасқан тәжірибе екенін айтады.

Оның пікірінше, бұл тілдік жанжалдар қаупін азайтуға көмектеседі және келгендердің бейімделуін жеңілдетеді. Ал Қазақстан контекстінде депутат ықтиярхат аларда мемлекеттік тілді білетінін растаған адам бұдан былай "қазақша түсінбеймін" деп айта алмайтынын және қарым-қатынас үшін ерекше жағдайлар талап етпейтінін атап өтті.

Бұдан бөлек, бұрынғы депутаттың айтуынша, мұндай шара тұйық тілдік анклавтардың қалыптасуына жол бермейді - ал кез келген мемлекет үшін олардың пайда болуы қосымша әлеуметтік тәуекелдермен байланысты.

Ішкі істер министрлігі болса редакцияға берген жауабында пилоттық жобаның мақсаты - ықтиярхат алғысы келетіндердің санын азайту ғана емес, үміткерлерді іріктеу тәсілін өзгерту екенін айтты.

Ведомство мәліметінше, мемлекет тұрақты мәртебені Қазақстанда шынымен тұруға ниетті, жұмыс істейтін немесе бизнес жүргізетін, қоғамға сіңісіп, экономика мен өңірлердің дамуына үлес қосатын шетелдіктердің алғанын қалайды.

Сонымен қатар, министрлік пилоттық жобаның елдегі көші-қон жағдайының қандай да бір нақты өзгерістеріне байланысты емес екенін, керісінше ықтиярхатты рәсімдеуді цифрландыруға және иммиграциялық әлеуетті автоматты түрде бағалау жүйесін енгізуге бағытталғанын баса айтты.

Дегенмен, кейбір сарапшылар мигранттарға қойылатын талаптарды қатаңдатудың нақты себептері тереңіректе жатуы мүмкін деп санайды.

"Егер мәселе еңбек нарығын қорғауда болса, онда шын мәнінде әзірге ешкімнен қорғанудың қажеті жоқ: елдегі шетелдіктердің саны өте аз - ресми түрде жұмыс істейтіндері он төрт-ақ мың адам. Мұндай "ағын" жұмыс орындарын тартып ала алмайды. Меніңше, мәселе бұл лектің белгілі бір кезеңге жеткенінде болып отыр".

Цитата с изображением
Дарина Жүнісова
көші-қон және демография зерттеушісі

Бұдан әрі Жүнісова көші-қон зерттеулерінде үш-төрт жылдық мерзім келушілердің елде уақытша болудан гөрі, көбінесе қалу туралы шешім қабылдауға бейім кезеңі болып саналатынын түсіндіреді.

Қазақстан 2022–2023 жылдары қоныс аударушылардың үлкен толқынына тап болды. Яғни, сол үш-төрт жылдық уақыт өтті, содан кейін келгендердің көбі уақытша болуды емес, тұрақты мәртебе алуды ойлай бастайды.

Ал Қазақстанның өзі көші-қон өсімі байқалатын елге айналғанына көп бола қойған жоқ. Егер бұрын елден кеткендер саны келгендерден тұрақты түрде асып түссе, 2023 жылдан бастап жағдай өзгерді: міне, үш жыл қатарынан елге келушілер саны кетушілерден басым болып тұр.

Дегенмен, жұмыс бабымен немесе басқа да себептермен көшіп келгендер мен Қазақстанды тұрақты тұрғылықты жері ретінде таңдағандар - бұл тенденциялары әртүрлі екі бөлек ағын. Мәселен, кейінгі екі жылда тұрақты тұруға көшкісі келетіндердің саны азайып келеді.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде Tengrinews.kz әзірлеген

Қазақстан Орталық Азия мигранттарын қызықтырады

Ресей мен Украинадан келген релоканттарға қарағанда, көршілес Орталық Азия елдерінің мигранттары Қазақстанды көп жылдан бері табыс табуға және тұрақты өмір сүруге тартымды жер ретінде қарастырып келеді.

Мәселен, есімін атамауды өтінген Тәжікстан азаматы мұнда бұрын - 2022 жылға дейін жұмыс істеп, кейін қайта оралған. Айта кететін жайті, ол үшін Қазақстан жат ел емес: ол Жезқазған облысында туған, анасы - этникалық қазақ.

"Бәрі мені өзіміздің қазақ деп қабылдайды, бірақ іс жүзінде мен ықтиярхат ала алмадым. Былтыр бас тартты, биыл құжат тапсырмақшы едім, бірақ үлгермедім", - дейді біздің респондент.

Ол қазақ тілінен тест тапсыру емес, өзі тұрып жатқан Алматы енді жабық екені алаңдататынын айтады.

"Достарым, туыстарым, жұмысым жоқ басқа өңірде қалай өмір сүретінімді түсінбеймін. Алматыда жүргеніме бірнеше жыл болды, бүкіл тыныс-тіршілігім осы қалада", - деп жалғастырды ол.

Сонымен қатар, біздің сұхбаттасушымыз - жоғары деңгейдегі маман: көп жылдар бойы халықаралық ұйымдарда басшылық лауазымдар атқарған, ағылшын тілін жетік біледі және білімі де жақсы. Алайда бұл артықшылықтардың ешқайсы көмектеспей тұр.

"Қазір мен Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат бойынша жүрмін - шыны керек, бұл жай ғана елде заңды түрде болуға құқық беретін бір жылдық тіркеу. Тіпті жергілікті банктердегі коммерциялық акциялар да саған жүрмейді, басқа да маңызды мәселелерді айтпағанның өзінде. Әзірге не істерімді білмеймін, бірақ негізі маған Қазақстанда қалуға тырысқаннан көрі, кетіп қалған оңайырақ", - деп түсіндіреді ер адам.

Адам құқықтары саласындағы заңгер және көші-қон мәселелері бойынша халықаралық консультант Нодира Абдуллаеваның айтуынша, Қазақстан шынымен де аймақ тұрғындары үшін өте тартымды.

"Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Көші-қонды бақылау матрицасының Қазақстандағы мигранттардың болуына қатысты соңғы статистикасы көрсеткендей, келгендердің шамамен 75 пайызы - Өзбекстаннан келген мигранттар, одан кейін Ресей, сосын Тәжікстан мен Қырғызстан тұр. Ал мигранттардың ниетіне - кім елдер арасында қатынап жүргісі келеді немесе Қазақстанда қалғысы келеді дегенге қарасақ - мұнда Ресей негізгі елдердің қатарында емес, қалғысы келетіндер арасында Өзбекстан, одан кейін Тәжікстан мен Қырғызстан мигранттары басым".

Цитата с изображением
Нодира Абдуллаева
заңгер, көші-қон бойынша халықаралық консультант

Бұған сарапшы бүгінде Орталық Азияда үш негізгі көші-қон бағыты қалыптасқанын қоса айтты.

  • Біріншісі - бұрынғыша Ресей болып қала береді.
  • Екінші орында - Қазақстан.
  • Үшінші бағыт көші-қон ағындарының әртараптануымен байланысты: аймақ тұрғындары Еуропа елдеріне, сондай-ақ Азия мен Парсы шығанағы мемлекеттеріне жұмысқа көбірек кете бастады.

Қазақстанға мигранттар керек пе?

Кейінгі жылдары көші-қон тақырыбы әртүрлі елдерде жағымсыз сезімдер тудырғанына қарамастан, келгендерді қабылдайтын мемлекеттер зияннан көрі көбірек пайда табады. Абдуллаева мұны былай түсіндіреді:

"Пайдасы анық: Қазақстан еңбек нарығындағы кадр тапшылығын, әсіресе маусымдық секторларда жабады, ал көрші елдерден мигранттардың ағылуы ол үшін аймақтық "жұмсақ күш" құралы болып қала береді. Ал шығындарға келетін болсақ, олар мигранттардың өздерінің жағдайына байланысты: жалдау тәжірибесі, еңбек жағдайлары және жекелеген секторлардағы жұмысшылардың тәуелділігі, бұл өз кезегінде көлеңкелі экономиканың өсуіне ықпал етеді".

Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов те осыған ұқсас көзқарасты ұстанады:

"Шетелдіктер бізге керек емес деп айтпаймын. Керісінше, экономиканы дамытқымыз келсе, қаржы салуға, жұмыс орындарын ашуға, баспана жалдауға немесе сатып алуға дайын, жоғары білімді әрі бәсекеге қабілетті мамандарды қуана қарсы алуымыз керек. Мұндай адамдар ел үшін пайдалы".

Халықаралық кеңесші Абдуллаева да көрші елдерден келетін көші-қон экономикалық базаны демеп отырғанын айтады. Келушілер құрылыс, сауда, әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету сияқты салаларды толтырып жатыр. Сонымен қатар, Қазақстан бизнес-миграция бағыты ретінде өңірдегі жоғары білікті мамандарды да қызықтырып отыр. Ал елге осы санаттардың барлығы қажет.

"Елде үшінші жыл қатарынан оң көші-қон сальдосы сақталып отыр. Бірақ мигранттардың нақты қайда баратынына қарасақ, олардың небәрі төрт нүктеге: Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысына шоғырланғанын көреміз. Сонымен қатар солтүстік, шығыс және көптеген өнеркәсіптік аймақтарда, керісінше, халық азайып жатыр. Дәл сол жерлерге жұмыс күші қажет - бұл жерде әңгіме тек IT мамандары немесе инженерлер туралы емес. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіруші салалар көбіне қарапайым еңбекке сүйенеді. Сондықтан Қазақстанға көші-қон өте қажет және ол елге айтарлықтай пайда әкеле алады", - деп келіседі көші-қон мәселелерін зерттеуші Дарина Жүнісова.

Бірақ ол да Абдуллаева сияқты белгілі бір қауіп-қатерлерге тоқталып өтті:

"Көп нәрсе мемлекеттің мигранттарды кіргізуге дайындығына немесе олардың ағынын шектеуіне емес, келушілерді қоғамға шынайы түрде бейімдей алуына немесе тек бақылау мен іріктеумен шектелуді жөн көруіне байланысты".

Қазақстан көші-қон мәселесінде жаһандық трендке еріп отыр ма?

Сарапшылар Қазақстанның көші-қон саясатын қатаңдату әрекеттері жаһандық үрдіске сай келетінін айтады. Дегенмен Нодира Абдуллаева маңызды бір жайтты нақтылап өтті:

"Көші-қон саясатының қатаңдауы, мысалы, Еуропа елдерінде, ең алдымен баспана беру, шекаралық бақылау және реттелмейтін еңбек миграциясы салаларына қатысты болып отыр. Мемлекеттер адам құқықтарын қорғау, инклюзия, экономикалық қажеттіліктер мен қауіпсіздік мәселелері арасындағы теңгерімді сақтауға тырысатынын мәлімдейді. Алайда іс жүзінде "реттеу" және "басқару" туралы риториканың тасасында мигранттардың нақты мұқтаждықтары ескерусіз қалып жатады".

Оның айтуынша, бұған Еуропалық Одақ айқын мысал бола алады. Осыдан бір ай бұрын ғана, 2026 жылғы 12 маусымда күшіне енген ЕО-ның Көші-қон пактісі көші-қонды бақылау құралдарын кеңейтеді.

Бұл ретте PICUM немесе Amnesty International сияқты ұйымдар жаңа ережелер мигранттарды, соның ішінде балалы отбасыларды ерікті түрде ұстаудың қалыпты жағдайға айналуына әкелуі, сондай-ақ нәсілдік профильдеу тәжірибесін күшейтуі мүмкін екенін ескертті.

"Менің ойымша, өзім тұрып, жұмыс істеп жатқан Нидерланды елі айқын мысал бола алады, - деп өз тәжірибесін бөлісті Нодира Абдуллаева. - Елде баспана беру мен көші-қонды реттеуге қатысты мәселелер аз емес, бірақ жоғары білікті және бизнес-миграция саласында ол дәстүрлі түрде тартымды жағдайлар ұсынып келді. Қазір қоғамда елдің баспана мәселесі бойынша қатаң жолды таңдағаны белсенді талқыланып, сынға ұшырап отыр: босқындар үшін тұрақты тұруға рұқсатты жою, уақытша рұқсат мерзімін бес жылдан үш жылға дейін қысқарту және отбасын біріктіру ережелерін қатайту. Яғни, тіпті салыстырмалы түрде ашық саналатын еуропалық елдің өзі бүгінде көші-қон режимін қатаңдатып жатыр".

Халықаралық сарапшы салыстыра келе, Қазақстанның осы жағдайда жалпы қисынға толық сәйкес келетінін, бірақ өзіндік ерекшелігі бар екенін айтады: мемлекет жоғары білікті мамандарды тартуға тырыса отырып, сонымен қатар төмен білікті жұмысшыларға қатысты шектеулерді сақтап отыр.

Бұған күшейтілген цифрлық мониторинг, жұмыс берушілерге қойылатын қатаң талаптар және рұқсат беруден бас тарту немесе оның күшін жою негіздерінің кеңеюі қосылады.

Авторы: Лилия Гайсина

Дайындаған: Дина Шәріпхан

Читайте также

Валюта бағамы

 468.27   534.16   6.13 

 

Ауа райы

Алматы
А
Алматы +29
Астана +29
Ақтау +29
Ақтөбе +31
Атырау +25
Б
Балқаш +34
Ж
Жезқазған +28
Қ
Қарағанды +30
К
Көкшетау +34
Қ
Қостанай +37
Қызылорда +29
П
Павлодар +31
Петропавл +29
С
Семей +31
Т
Талдықорған +33
Тараз +37
Түркістан +27
О
Орал +30
Ө
Өскемен +36
Ш
Шымкент +30

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер