ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 22 шілде 2026 10:01
Қазақстан қалалары шіліңгір ыстыққа қалай бейімделіп жатыр?
Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда және жалпы Орталық Азияда ауа температурасының 40 градустан асуы сирек кездесетін құбылыс саналатын.
Алайда бүгінде бұл – қалыпты жағдайға айналды. Өңір мұндай өзгеріске дайын болмай шықты. Қалалар әлі де ескі талаптар мен қағидалар бойынша өмір сүріп жатыр. Бірақ аптап күндердің қатары артып, тұрғындардың үйреншікті өмір салтына әсер ете бастады.
Неге шіліңгір ыстық қалалар үшін ең үлкен қауіптердің біріне айналып барады және жаңа климаттық жағдайға бейімделуге бола ма? Осы сауалға Tengrinews.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Орталық Азиядағы аптап
Әр жаз сайын қазақстандық БАҚ-тың жаңалықтар таспасы "Қазақстанға аптап келе жатыр", "Алматыда аптап болады" деген сияқты тақырыптарға толады.
Осындай хабарламалардың бірі бірнеше күн бұрын шықты. Синоптиктер Алматыдағы ыстық 1945 жылдан бері сақталып келген рекордты жаңартқанын хабарлады: қаладағы температура +40-тан асты.
Мегаполис үшін жаздың ыстық болуы ешқашан таңсық болмаған, соған қарамастан жағдай бәрібір айтарлықтай өзгерді. Дүниежүзілік банктің (бұдан әрі - ДБ) мәліметінше, кейінгі жарты ғасырда экстремал аптап тек Қазақстанда емес, Орталық Азияның барлық елінде де анағұрлым жиілеп, ұзаққа созылатын болды және көбірек күндерді қамти бастады.
Егер 1970-жылдары біздің аймақта жылына орта есеппен 21 күн жоғары температура байқалса, бүгінде бұл көрсеткіш 51 күнге дейін өсті, ал ең ұзақ кезеңнің ұзақтығы жеті күннен он алты күнге дейін ұзарды.
Сонымен қатар, Орталық Азиядағы температура кейінгі онжылдықта индустрияландыруға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 2,2 градусқа көтерілді - бұл әлемдік орташа көрсеткіштен жылдамырақ.
Аталған зерттеу мәліметі бойынша, Қазақстанда температура ең жылдам көтеріліп жатқан кем дегенде үш қала бар:
- Семей,
- Петропавл,
- Орал.
Анықтама. Зерттеушілер нені шектен тыс ыстық деп есептейді? Дүниежүзілік банк баяндамасының авторлары экстремал ыстық басталатын әмбебап температура көрсеткіші жоқ екенін атап өтеді. Ол жергілікті климаттық нормаға қатысты анықталады. Мысалы, жаз мезгілінде Ташкент үшін үйреншікті саналатын температура Қазақстанның солтүстік өңірлері үшін экстремал болуы мүмкін. Сондықтан ғалымдар термометрдегі градусты ғана емес, сонымен қатар ыстықтың ұзақтығын, ылғалдылықты, жел мен күн радиациясын да ескереді - адам денсаулығына дәл осы факторлар әсер етеді.
"Орталық Азияда күннің ысып бара жатқаны – жай ғана сезім емес. Температураның көтерілуі көпжылдық метеорологиялық бақылаулардың деректерімен дәлелденіп отыр. Бұл жерде біз орташа температураның өсуі туралы айтып отырмыз. Ал өңірдегі бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгеймен салыстырғанда әлдеқайда жылдам артып барады".
Орталық Азия қалалары экстремал жағдайда өмір сүруге мәжбүр болады
Алайда мәселе климаттың жылынуында ғана емес. Орталық Азия елдері бұл өзгерістердің ауқымын әлі толық сезініп, оған дайындалып үлгермеген тәрізді.
Дүниежүзілік банктің 2025 жылы жарияланған "Климаттың өзгеруіне төзімді және төмен көміртекті болашақ мүддесі үшін Орталық Азия қалаларын қайта қарау" атты зерттеуінің авторлары аймаққа қалалардың жай-күйі туралы сапалы және салыстырмалы мәліметтер жетіспейтінін атап өткен болатын.
"Стандартталған және толық мәліметтің жоқтығы заңдылықтар мен тенденцияларды анықтауды және тиімді саяси шараларды әзірлеуді қиындатады. Қалалық ақпараттық инфрақұрылымды жақсарту дәл мониторинг жүргізу, жақсартуды қажет ететін бағыттарды анықтау және болашақ трендтерді болжау үшін маңызды рөл атқарады", - деп жазды зерттеу авторлары.
Бұл ретте климаттың өзгеруі жөніндегі сарапшы Владимир Гребнев: температура туралы ресми мәліметтер Орталық Азия қалаларының тұрғындары нақты өмірде бетпе-бет келіп отырған жағдайды толық көрсетпейді, дейді.
"Экстремал аптап туралы айтқанда, тек метеостанция мәліметтеріне қарау жеткіліксіз. Адам метеостанцияда емес, қызған асфальттың, қызған ғимарат қасбеттері мен автомобильдердің арасында өмір сүреді. Дәл сондықтан қала тұрғындары сезінетін температура ресми көрсеткіштерден айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін".
ДБ-ның "Орталық Азия қалаларын қайта қарау" зерттеуінде біздің аймақтағы қалалар көбінесе өздеріне өздері мәселе тудыратыны айтылады. Мысалы, жасыл аймақтармен қамтамасыз етудің өте төмен көрсеткіштері атап өтілген: орта есеппен олардың ауданы бір адамға 7,6 м² болады, ал Еуропадағы орташа көрсеткіш - 18,2 м².
Бақытқа орай, жасыл аймақтармен қамтамасыз етілуі жағынан қазақстандық қалалар аймақтағы көршілерінен жақсырақ көрінеді - орта есеппен бір адамға 16,4 м², соған қарамастан бұл әлі де жалпы еуропалық деңгейден төмен.
"Жасыл аймақтардың жетіспеушілігі экологиялық жағдайға теріс әсер етеді, "жылу аралдарының" жағымсыз салдарларына осалдықты арттырады, сондай-ақ өмір сүру сапасын нашарлатады", - делінген баяндамада.
Бұдан бөлек, зерттеу авторлары аймақтағы ретсіз, жүйесіз құрылысқа, сондай-ақ "жылу аралдары" деп аталатын құбылысты тудыратын асфальт пен бетонның көптігіне (urban heat islands) назар аударады.
Анықтама: Жылу аралы - бұл қала ішіндегі жер бетінің температурасы сол жердегі орташа көрсеткіштен кем дегенде 2 °C-қа жоғары болатын аумақ. Олар ғимараттар мен инженерлік инфрақұрылымның тығыз шоғырлануынан пайда болады. Құрылыс нысандары күн жылуын көбірек жұтып, кейін оны қоршаған ортаға таратады. Аномальді ыстық кезінде бұл әсер қала тұрғындары үшін қосымша қауіпке айналады.
Гребневтің айтуынша, Орталық Азия қалаларының тағы бір мәселесі - көбінде "ауа дәліздері" жұмысының бұзылуында. Бұл терминді ауа ағындары қалаға еркін еніп, оның табиғи желдетілуін қамтамасыз ететін бос немесе аласа бойлы құрылыс учаскелеріне қатысты қолданады.
Мысалы, Алматыда мұндай дәліздер таудан келетін салқын ауаның тығыз салынған аудандарға түсуіне мүмкіндік береді. Алайда олардың жолындағы зәулім ғимараттар ауа айналымын қиындатады. Соның салдарынан қызған әрі ластанған ауа қалада ұзақ тұрып қалып, жылу аралдарының әсерін күшейте түседі.
Осы және басқа да көптеген себепке байланысты аптап тек экологиялық емес, сонымен қатар энергия жүйелеріне, көлікке, денсаулық сақтау жүйесіне күш түсіріп, экономика өнімділігін төмендететін әлеуметтік мәселеге айналып отыр.
Мәселен, Қазақстандағы аптап кезінде үш облыста жолдар бүлінді; Алматы мен Астанада жедел жәрдем шақыртуларының саны артты, ал Қырғызстанда жоғары температура электр энергиясының өшіп қалуына әкеп соқты.
Еуропа ыстықпен қалай күресіп жатыр?
Бұл ретте жоғары температура мәселесі тек Орталық Азияға тән емес: климаттың өзгеруінен Еуропа қалалары да зардап шегіп жатыр. Сарапшы Тимур Идрисов біздің аймақтың тумасы болғанымен, көп жылдан бері Италияда тұрады және біздің елдер мен Еуропалық Одақтың ыстыққа реакциясы арасындағы айырмашылықты жақсы біледі.
"Еуропа мен Орталық Азия арасындағы айырмашылық қай жерде ыстық екенінде емес. Айырмашылық - елдердің мұндай жағдайларға қаншалықты дайын екенінде. Еуропа мемлекеттерінде ыстық толқындарына жедел әрекет етуге және ұзақ мерзімді бейімделуге инвестиция салуға ресурстар көбірек. Иә, барлық қала мұны бірдей жақсы жасап жатқан жоқ, бірақ көптеген жерде бұл қалалық саясаттың бір бөлігіне айналды", - дейді Идрисов өз бақылауларын бөлісе отырып.
Ол қалаларды бейімдеу шараларының бір бөлігі міндетті түрде үлкен бюджеттік шығындарды талап етпейтінін де қосты. Мысалы, көп жағдайда жаңа құрылыс үшін жасыл желектер аумағын қысқартпаудың өзі жеткілікті. Идрисовтың айтуынша, бірқатар Еуропа елдерінде ыстықпен күрес қазірдің өзінде урбан-саясаттың бөлігіне айналған. Аптап кезінде қалаларда кондиционері бар уақытша павильондар орнатылады, онда тұрғындар мен туристер ыстықтан қорғана алады.
Екінші жағынан, Еуропада сәулетті сақтауға қойылатын талаптар қатаң және жалпы ережелер басқаша, сондықтан пәтерлерде кондиционер орнатқандар кемде-кем - оны орнату үшін арнайы рұқсат қажет. Соның салдарынан еуропалықтардың көбінде салқындатқыш жоқ, сондықтан олар биылғы жазғы аптапты қазақстандықтарға қарағанда ауыр өткерді.
Бірақ тиімді тәжірибелерге оралсақ: кейбір еуропалық муниципалитеттер shadow policy ("көлеңке саясаты") деп аталатын шараны жүзеге асырып жатыр. Ол көшелердегі температураны төмендету үшін қалқалар, арнайы конструкциялар немесе ағаштар арқылы қосымша көлеңкелі кеңістіктер жасауды қарастырады. Сонымен қатар, қалалар көгалдандыру алқаптарын ұлғайтып, кейбір жағдайларда тіпті асфальт пен бетонның бір бөлігін бұзып, мүмкін болған жерлерде топырақ пен өсімдіктерді қайтарып жатыр.
"Өкінішке қарай, бізде көбінесе керісінше болып жатады. Көптеген стратегия мен мәлімдемелерге қарамастан, қалаларда климаттың өзгеруіне бейімделуге көмектесетін емес, мәселені ушықтыратын шешімдер әлі де қабылданып жатыр", - деп қорытындылады сарапшы Орталық Азияның тәсілі туралы.
Қазақстан қалаларында ыстықпен қалай күреседі?
Біздің елде не болып жатқаны туралы сауалмен Tengrinews.kz Қазақстанның екі қаласының әкімдігіне жүгінді:
- Дүниежүзілік банк зерттеуі бойынша ең қатты қызатын Петропавл қаласы,
- және жақында температуралық рекорд жаңарған Алматы қаласы.
Петропавл әкімдігі біздің сауалымызға берген жауабында қалада тұрақты негізде қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру, ағаштар мен бұталар отырғызу, саябақтарды, скверлер мен аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін, ал жаңа нысандарды жобалау кезінде "қолданыстағы құрылыс нормалары мен аймақтың климаттық ерекшеліктері ескерілетінін" хабарлады.
Алайда әкімдік аталған жұмыстармен айналысатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қаланың аптапқв дайындығына жеке мониторинг жүргізбейтінін нақтылады - бұл мәселелер басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жатады:
- халықтың денсаулық жағдайын денсаулық сақтау органдары қадағалайды,
- қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстарды - бейінді қызметтер бақылайды,
- ал энергетика және коммуналдық инфрақұрылым нысандарының тұрақты жұмысына пайдаланушы ұйымдар жауапты.
Алматы әкімшілігі біздің сауалымызға берген жауабында аномальді жоғары температура кезінде шұғыл шаралар қабылданатынын хабарлады: күн сайын көшелерге 16 арнайы техника колоннасы шығып, аэрация жұмыстарын жүргізеді - жол төсеміне су себіліп, ауаға су бүркіледі.
Бұл шарамен 128-ден аса көше қамтылған.
Бұдан бөлек, күн сайын жолдарды, тротуарлар мен аялдамаларды жууға 500-ден аса техника жұмылдырылып, жасыл желектерді суару күшейтілген. Әкімдік мәліметінше, бүгінде екі миллион шаршы метрден аса аумақ автоматты суару жүйесімен қамтылған, ал қалған учаскелерді суару үшін тағы 120-дан аса техника мен 200-ге жуық мотопомпа қолданылады.
Сонымен қатар Алматы әкімдігі Tengrinews.kz-тің қаланы аптапқа бейімдеуге қатысты сұрақтарының бір бөлігі басқа құрылымдарға жіберілгенін хабарлады. Олардың жауабы кейінірек берілмек. Қосымша ақпарат түскеннен кейін редакция материалды толықтырады.
Сарапшылар ыстықпен қалай күресуді ұсынады?
Владимир Гребневтің пайымдауынша, мәселен, көшеге су себуді ыстыққа бейімделудің толыққанды шарасы ретінде қарастыруға болмайды.
"Жай ғана су бүрку сыртта жүруді қысқа уақытқа жайлы еткенімен, су қызған асфальттан тез будақтап ұшып кетеді. Сондықтан бұл әдіс мәселені өздігінен шешпейді. Мұндай шаралар жеткілікті көгалдандыру және сауатты суару жүйесімен ұштасқанда ғана нәтиже береді", - деп түсіндіреді ол.
Оның пікірінше, көгалдандыру қала ортасындағы температураны төмендетудің ең тиімді жолдарының бірі болып қала береді, алайда жас ағаштардың сая боларлықтай жайқалып өсуіне жылдар қажет, сондықтан мұндай шаралардың айтарлықтай нәтижесі тек 10–15 жылдан кейін ғана білінеді.
Сондықтан, Гребневтің ойынша, қалалар бір мезгілде инфрақұрылымды жаңартып, қолда бар жасыл желектерді сақтап, құрылысты жоспарлау кезінде аптап қаупін ескеруі қажет.
Оның ұсыныстары Дүниежүзілік банктің зерттеуінде айтылған тұжырымдармен үндеседі. Мәселен, зерттеу авторлары ыстыққа бейімделуді урбанистиканың негізгі қағидаттарының бірі ретінде қарастыруды ұсынады. Бұл дегеніміз - жаңа аудандарды жобалау, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді қайта жаңарту, құрылыс материалдарын таңдау және көлік инфрақұрылымын дамыту кезінде климаттық тәуекелдер ескерілуі тиіс.
Редакция сауал жолдаған өзге сарапшылар да қолда бар жасыл аймақтарды сақтауға, инженерлік желілерді жаңартуға және халыққа аптап туралы ескерту жүйелерін дамытуға кеңес береді. Осындай шаралардың жиынтығы ғана климаттың өзгеруі жағдайында қалалардың қауіпсіз әрі өмір сүруге қолайлы болып қалуына мүмкіндік береді.
"Өкінішке қарай, Орталық Азияда аптап ыстық әлі де түбегейлі шешімдерді талап ететін мәселе ретінде қабылданбайды. Кейбір Еуропа қалаларында аптап кезінде мектептер мен кеңселер жабылады, өйткені олар мұны адам қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе деп түсінеді. Ал бізде +40 градус қалыпты жағдай саналып: "Иә, ыстық, ештеңе етпейді", - деп жатады. Мұндай көзқарас, меніңше, біздің әлі де мәселенің ауқымын жете бағаламай отырғанымызды көрсетеді", - дейді Тимур Идрисов.
Сонымен қатар бірнеше күнге созылған аптаптан кейін Қазақстанның ірі қалаларында температураның біраз төмендеуі күтіледі. "Қазгидромет" болжамы бойынша, 22–24 шілдеде Астана мен Алматыда жаңбыр жауып, күн күркірейді және ауа температурасы айтарлықтай төмендейді. Шымкентте де алдағы күндері қатты ыстық болмайды: ауа температурасы шамамен +31…+34 градус болады, бірақ синоптиктер айтарлықтай жауын-шашын болмайтынын айтады. Өкінішке қарай, мұндай салыстырмалы түрде жайлы температура ұзақ сақталады деуге әлі ерте.
Температураның көтерілуі және соның салдарынан ыстықтың күшеюі - аймақ пен Қазақстан үшін маңызды экологиялық қауіптердің бірі. Осыған ұқсас тағы бір мәселе - су тапшылығы. Редакция бұл тақырыпты да жіті қадағалап отыр.
Авторы: Лилия Гайсина
Аударған: Дина Шәріпхан
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу