Маусым соңында Еуропаны басқан аптап 10 мыңнан астам адамның өліміне себеп болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі DW басылымына сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, бұл туралы кеше dpa агенттігі мәлімдеді. Материалда Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі еуропалық орталық (ECDC) пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) қолдауымен жұмыс істейтін EuroMOMO еуропалық өлім-жітім мониторингі бағдарламасының деректері келтірілген.
Осы ақпаратқа сәйкес, аталған кезеңдегі аптапқа байланысты өлім-жітімнің басым көпшілігі 65 жастан асқан адамдар арасында тіркелген. Ауа температурасының қалыптан тыс жоғарылауы тек күн өтуге ғана емес, сонымен қатар жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жолдары ауруларының асқынуына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл – егде жастағы адамдар үшін аса қауіпті фактор.
EuroMOMO зерттеуінің авторлары Еуропаның 27 елінің ұлттық статистикасын жинақтады. Жобада жекелеген елдер бойынша мәліметтер келтірілмегенімен, маусымның соңғы аптасында "өте жоғары өлім-жітім көрсеткіші" тек Франция мен Бельгияда тіркелгені атап өтілді.
Аптап және қызыл деңгей: Еуропада ауа температурасы 44 градусқа көтерілді
Бұл тақырып бойынша басқа да зерттеулер бар. Мәселен, Германияның Роберт Кох институтының (RKI) бағалауынша, маусымның аяғына қарай ГФР-да ыстықтан шамамен 5100 адам қайтыс болған, оның ішінде 4310-ы тек 22-28 маусым аралығындағы ең ыстық аптада көз жұмған. Ыстыққа байланысты өлім-жітімнің 80 пайыздан астамы 75 жастан асқан адамдарға тиесілі. Сонымен қатар қайтыс болғандар арасында ерлерге қарағанда әйелдер көбірек. Алайда RKI мамандары бұны егде жастағы топтарда әйелдер үлесінің көптігімен түсіндіруге болатынын көрсетті.
Тағы бір зерттеу Ұлыбританияға қатысты - оны Лондонның Империал колледжі, елдің Метеорологиялық қызметі және Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебі бірлесіп жүргізді. Олардың мәліметінше, маусымның соңында тек Англия мен Уэльсте аптап ыстықтан 2700-ге жуық адам қайтыс болған.
Сол ғылыми топтың есептеуінше, қалыптан тыс ыстық толқыны Еуропаның 12 ірі қаласында шамамен 2300 адамның өмірін қиған. Ыстықтан болатын өлім-жітімнің ең көп көрсеткіші Милан, Париж және Барселонада тіркелді.
Өлердей ыстық. Еуропада не болып жатыр және ДДСҰ не туралы ескертеді?