Tengrinews.kz бүгінде Қазақстанда бала өсіру нақты қанша тұратынын, тіпті жалғыз ұл немесе қыздың өзі неліктен отбасы үшін үлкен қаржылық жүкке айналуы мүмкін екенін және базалық пен жайлы балалық шақтың аражігі қай жерде екенін анықтап көрді.
Қазақстанда тек ресми бастаманы есепке алсақ, баланы дүниеге әкелу салыстырмалы түрде арзанға түседі. Мемлекет базалық дүниелерді өтейді. Мысалы, перзентхана үшін ақы төлеудің қажеті жоқ, тіпті жәрдемақы да төлейді.
eGov порталының мәліметінше, 2026 жылы бірінші, екінші және үшінші баланың тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы 164 350 теңгені, ал төртінші және одан кейінгі балаларға - 272 475 теңгені.
Жұмыс істемейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы жәрдемақы - бала кезектілігіне қарай 24 912-ден 38 493 теңгеге дейін. Бұл сомалар аса көп емес.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Әлеуметтік сала департаментінің директоры Рамиль Тохтиев мемлекеттік қолдау ең алдымен білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы негізгі шығындарды азайтуға бағытталғанын айтады.
Бала тәрбиесінің құны туралы сөз қозғағанда, демографиялық көрініске де көз жүгірткен қызықты.
Ұлттық демограф-сарапшы, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева Қазақстанның туу көрсеткішінің тұрақты төмендеу фазасына өткенін, бірақ дүрбелеңге негіз жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, бұл - демографиялық ауысудың табиғи кезеңі.
Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы туудың жиынтық коэффициенті бір жыл бұрынғы 2,73 көрсеткішіне қарсы бір әйелге 2,64 баланы құрады. Бұл әлі де халықтың жай ұдайы өсу деңгейінен жоғары, бірақ төмендеу тренді қазірдің өзінде байқалады.
Неліктен қазақстандық әйелдер аз босанып жатыр?
Сағынбаеваның айтуынша, бала туудың азаюына тек экономика ғана емес, сонымен қатар тереңірек құрылымдық өзгерістер - урбанизация, әйел рөлінің өзгеруі, оның жұмыспен қамтылу деңгейі мен білімі де әсер етеді.
"Бұл әсіресе ірі қалаларда байқалады. Мысалы, Алматы демографиялық ауысудың бірінші кезеңінен іс жүзінде өтіп, екінші кезеңінің аяқталуына жақындап қалды. Бұл - урбанизацияның жоғары деңгейін, әйелдердің жұмыспен қамтылуын, олардың қаржылық тәуелсіздігі мен білімін білдіреді", - деп түсіндіреді сарапшы.
Шамасы, осымен бірге репродуктивті мінез-құлық та өзгеруде.
"Зерттеулерге сәйкес, білім деңгейінің жоғары болуы бала туудың төмендеуіне әкеледі", - деп толықтырды Аяулым Сағынбаева.
Бұл ретте, демограф бұлай тым үстірт айтуға болмайтынын да атап өтті. Білімділік өздігінен отбасынан немесе баладан бас тартуды білдірмейді. Оның айтуынша, Қазақстанда саналы түрде көпбалалы болғысы келетін білімді әйелдер көп.
Бірақ жалпы алғанда, өмір сүру құны жоғары, жұмыспен қамтылу және тәрбие сапасына қойылатын талаптар күшті қалалық ортада отбасылар көбінесе бала санын азайтып, оларға көбірек ресурс салуды жөн көреді.
Урбанизация - бала туу көрсеткішінің төмендеуіне әсер ететін факторлардың бірі. Алматыдағы мурал. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Сағынбаева сонымен қатар бала тууға ұрпақ факторының да әсер ететініне назар аударады. Қазір белсенді репродуктивті жасқа 1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басындағы салыстырмалы түрде аз ұрпақ келді, бұл да демографияны табиғи түрде тежеп отыр.
Болашақта, 10–15 жылдан кейін, бұл жасқа 2010-жылдардағы саны көп ұрпақ келе бастайды, бұл динамиканы қайта өзгертуі мүмкін.
Бұл ретте ол келесі ұрпақтардың репродуктивті мінез-құлқы қандай болатынын түсіну өте маңызды деп санайды.
"Болашақтағы туу деңгейін анықтау үшін қазір альфа ұрпағының (шамамен 2010 жылдан кейін туғандар - ред. ескертпесі) мінез-құлқы қандай болатынын білу өте маңызды", - дейді Аяулым Сағынбаева.
Сарапшы жас ұрпақ үшін бала саны ғана емес, олардың тәрбие сапасы да маңызды бола бастағанын айтады. Сондықтан бүгінде баланы өсіру қанша тұратынын ғана емес, отбасының ол үшін қандай балалық шақты қамтамасыз ете алатынын сұраған дәлірек болады.
Мемлекеттік мектеп - тегін білім дегенді білдірмейді
Иә, мемлекеттік мектепте оқу ақысыз, оқулықтар тегін беріледі. Сонымен қатар қолдау шаралары да қарастырылған.
Мәселен, Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 1,7 миллион оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 1–4-сынып оқушыларының барлығы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары бар. Мәселен, 2024 жылы "Жалпыға міндетті білім беру" қоры арқылы (мұндай санаттарға қаржылай және материалдық көмек көрсететін қор) 510 мың баланы мектепке дайындауға 22,6 миллиард теңге бөлінді.
Бірақ мемлекеттік мектеп ата-аналардың жыл сайынғы, ай сайынғы және күнделікті шығындарын азайтпайды: бұл - мектеп формасы, аяқ киім, рюкзак, кеңсе тауарлары, мектеп мерекелері, жеңілдіксіз тамақтану, ұзартылған күн тобы, көлік, репетиторлар мен үйірмелер. Яғни, отбасы барлық қажеттіліктермен қатар мектеп өмірін жайлы, қауіпсіз, қызықты әрі бәсекеге қабілетті ететін дүниелердің бәріне ақша төлейді.
Бұл жағдай бір қыз тәрбиелеп отырған 38 жастағы Әлима Исенова мен оның жолдасының мысалынан анық көрінеді. Олар Астанада тұрады, екеуі де жұмыс істейді, бірақ келіншектің айтуынша, жақында ипотекаға үй алғандықтан, ақшалары көбіне келесі айға әрең жетеді.
"Тек баланың өзіне айына қомақты қаражат кетеді: мектеп пен үйірме - шамамен 50 мың теңге, бала күтушісі - 95 мыңға жуық, ойын-сауық - 80 мыңдай, туған күндер - шамамен 40 мың, "қалаймын" санатындағы ойыншықтар мен тәттілер - 19 мыңдай, жеткізу қызметі - тағы 15 мың теңге. Бұл киім-кешек, үйдегі тамақ пен ауырып қалған кездегі шығындарды есептемегендегі көрсеткіш", - дейді Әлима.
Бұдан бөлек басқа да шығындар бар - иә, олар міндетті емес, бірақ заманауи өмір салты мен ата-ананың балалық шақты сапалы еткісі келетін ниетінен туындаған. Мектептегі ұзартылған күн тобы - айына 30 мың теңге, шахмат - 20 мың, ойын бөлмесі бар дәмханаларға бару - 20–25 мың, "роблокстар", жазда репетитормен оқу сабақтары. Осындай ұсақ-түйектің бәрі жиылып келіп, ай сайынғы үлкен шығынға айналады.
"Шыны керек - иә, бұл қымбат. Бала есейген сайын шығын да арта береді", - деп түйіндеді Әлима Исенова.
Оның оқиғасындағы ең назар аударарлық жайт - сома емес, отбасының екі бірдей табысының жетпей жатқандығы: оның айтуынша, жолдасы үнемі қосымша табыс көзін іздейді. Ерлі-зайыптылар өмір тым қымбаттап кеткендіктен, екінші баланы жоспарлауға қорқады.
Бұл - шектен шыққан жағдай емес, кәдімгі қалалық отбасының хикаясы. Екі ата-ана да жұмыс істейді, бала мемлекеттік мектепте оқиды, сонда да айтарлықтай қаржылық жүктеме түсіп отыр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
Жекеменшік мектеп - бөлек әлем
Егер отбасы мемлекеттік жүйеден жекеменшік секторға ауысса, шығындар деңгейі түбегейлі өзгереді.
Мәселен, Астанадағы халықаралық мектептердің бірінің сайтында 1–3-сыныптарда оқу ақысы жылына 4 230 000 теңгеден басталатыны көрсетілген, 5–9-сыныптарда - 5 355 000 теңге, ал 11–12-сыныптарда IB Diploma бағдарламасы бойынша - жылына 7 650 000 теңге.
Басқа бір өте танымал жекеменшік мектептің сайтында мынадай бағалар берілген:
- Year 1–2 - жылына 18 190 фунт,
- Year 3–6 - 21 590 фунт.
Мектептің өзі базалық курсты бір фунтқа 680 теңге деп көрсеткен. Бұл дегеніміз - бастауыш сыныптарда оқу жылына шамамен 12,37 миллион теңгеге, ал келесі кезеңде шамамен 14,68 миллион теңгеге шығады деген сөз.
Бұл, әрине, орташа қазақстандық мектеп емес. Бірақ бұл цифрлар ең жоғарғы шекті жақсы көрсетеді - елімізде бір баланың бір жылдық оқу ақысы автокөлік құнымен немесе ипотеканың бастапқы жарнасымен тең келетін сектор қалыптасқан. Дәл осы жерде балалық шақтың базалық және жайлы деңгейі арасындағы алшақтық айқын байқалады.
Бұл алшақтықты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі де мойындап отыр.
"Баланы асыраудың минималды және жайлы деңгейлері арасындағы алшақтық шынымен де бар, бұл ретте базалық деңгей мемлекеттік қолдау мен отбасы ресурстарының жиынтығымен қамтамасыз етілсе, жайлы деңгей ата-аналардың мүмкіндіктеріне және олардың баланың дамуына салған инвестицияларына байланысты болады", - деді агенттіктің Әлеуметтік сала департаментінің директоры Рамиль Тохтиев.
Астанадағы алты бала - айына миллиондаған теңге
Бізге таныс Әлима Исенованың жағдайына мүлдем қарама-қайшы мысал - Астанада алты бала тәрбиелеп отырған Ажардың отбасы.
Оның есебі бойынша, олардың базалық міндетті төлемдерінің өзі қомақты: ипотека - айына шамамен 800 мың теңге, автонесие - 560 мың, азық-түлік - тағы 750 мыңдай. Тек осының өзі ай сайынғы шығынды 2,11 миллион теңгеге жеткізеді.
Одан кейін тек балаларға арналған шығындар келеді:
- Үшемдерге арналған балабақша мемлекеттік көмектің өзінде айына 330 мың теңге болады.
- Үлкендеріне арналған дамыту сабақтары - 435 мың.
- Бөлек - хоккей, атқа міну, скрипка, мәнерлеп сырғанау.
- Қыркүйек айынан бастап үлкен қызына арналған жекеменшік мектеп (бұл дәл сол мемлекеттік емес білім беруді таңдау жағдайы) айына тағы 450 мың теңге шығын қосады.
Жиынтығында балаларға жұмсалатын осы шығындардың өзі айына шамамен бір миллион теңгеге жетеді.
Бұған киім-кешек пен гигиеналық заттарды, коммуналдық қызметтерді, көлікті, бос уақытты өткізуді, медицинаны, стоматологияны, техниканы, сыйлықтарды, тіл үйренуді, жазылымдар мен бөліп төлеуді қосыңыз. Нәтижесінде отбасының ай сайынғы шығыны шамамен 6 миллион 75 мың теңгеге жетеді.
Әрине, бұл жағдайды бүкіл Қазақстанға автоматты түрде таратуға болмайды. Бірақ бұл да жоғарыда Стратегиялық жоспарлау агенттігінің қызметкері айтқан тезисті растайды: балалық шақтың базалық деңгейі мен жайлы деңгейі арасындағы алшақтық өте үлкен.
Мемлекеттік мектепке, емханаға және негізгі шығындарға иек арту бір бөлек. Ал қызықты спорт үйірмелерін, мазмұнды демалысты, тіл курстарын, жекеменшік мектепті және сапалы медицинаны төлеу - мүлдем басқа мәселе.
Денсаулыққа жұмсалатын шығындар
Медицина туралы айта кетсек, бұл бөлек әңгіме. gov.kz деректері бойынша, 18 жасқа дейінгі балалар МӘМС-тің жеңілдікті санатына кіреді, олар үшін жарналарды мемлекет төлейді. Ұлттық күнтізбе бойынша барлық міндетті екпелер тегін жасалады. 18 жасқа дейінгі балалар стоматологиялық көмекті ақысыз ала алады, оған рентгенография, тіс салу, жансыздандыру арқылы тісті жай және күрделі жұлу кіреді.
Бірақ іс жүзінде көптеген ата-ана бәрібір жекеменшік клиникаларға барады және жылдамдық, кезексіз қабылдау, белгілі бір дәрігер, қолайлы уақыт немесе жай ғана бақылау мен шұғыл көмек сезімі үшін ақы төлейді.
Мысалы, Астанадағы клиникалық-диагностикалық зертханалардың бірінде қарапайым қан анализі 1 330 теңге тұрады, ал қан алуды есепке алғанда - 2 720 теңге. Лейкоформула мен ЭТЖ (СОЭ) көрсетілген толық қан анализі қан алумен бірге - 3 340 теңге. Бала жиі ауырмаса, қайталама талдаулар, қосымша зерттеулер немесе консультациялар қажет болмаса, бұл аз сома болып көрінуі мүмкін.
Стоматология - өте өзекті мәселе. Ресми түрде ол балаларға тегін көрсетілуі тиіс. Бірақ жеделдік, сервистің сапасы немесе белгілі бір маманға қаралу ниеті болса, ата-аналар жиі жекеменшік секторды таңдайды. Мұндай жағдайда тіпті қарапайым кариесті емдеудің өзі қомақты шығынға айналады.
Сондықтан шынайы өмірде көптеген отбасы медицинаны былай қабылдайды: базалық жүйе бар, бірақ жайлылық пен жылдамдық үшін бөлек төлеу керек.
Фото: ©️ Tengrinews.kz
Мектептен кейін шығындар тоқтамайды
Жоғарыда біз кішкентай балаларға, содан кейін мектеп оқушыларына арналған шығындар туралы айттық. Бірақ ата-ананың қолдауы әдетте 18 жаспен шектелмейді және келесі деңгейге ауысады: ҰБТ, репетиторлар, жоғары оқу орнында оқу, жатақхана, басқа қалада тұру, тамақтану, көлік.
Мысалы, Қазақстанның ең ірі және ең көне ұлттық университетінде биология, биотехнология, шығыстану және экономика сияқты бірқатар бағдарламалар бойынша 2025/2026 оқу жылына арналған бакалавр дәрежесінің құны 1,6-1,8 миллион теңгені құрайды.
Елордадағы заманауи жоғары оқу орнында 2025/2026 оқу жылында бакалавриат құны 7 665 000 теңге, Bachelor in Nursing бағдарламасы бойынша - 3 066 000 теңге, ал undergraduate programs - жылына 15 мың доллар. Қазақстан резиденттері үшін есептеулер университет белгілеген бағам бойынша теңгемен жүргізіледі.
Балалар және инфляция
Ата-аналар жыл өткен сайын шығындар көбейіп бара жатқанын немесе отбасылық бюджеттің балаларға әрең жететінін байқаған болар.
Бұл, әлбетте, өмірдің қымбаттауына байланысты. Ұлттық статистика бюросының есептеуінше, 2025 жылдың IV тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық номиналды жалақы 473 158 теңгені, медианалық жалақы 339 912 теңгені құрады. Отбасының нақты шығындарын дәл осы цифрлар аясында бағалау керек.
Сонымен қатар, 2026 жылғы наурыздағы мәліметтер бойынша, жылдық инфляция 11 пайызды құрады.
- Азық-түлік тауарлары 11,7 пайызға қымбаттады.
- Азық-түлік емес тауарлар - 11,3 пайызға.
- Қызметтер - 10 пайызға.
Ай сайынғы динамикада қызмет көрсету саласында стоматология мен медициналық зертханалар, бассейндер, шаштараздар мен сұлулық салондарының бағасы ерекше өсті. Яғни, бұл - қаладағы заманауи балалық шақты қалыптастыратын негізгі санаттар.
Қарапайым тілмен айтқанда, баланың "шығыны" айналадағының бәрі - баспана, ипотека, көлік, емделу, үйірмелер, секциялар, дәмханалар, тұрмыстық қызметтер, гаджеттер мен білім беру қымбаттағандықтан өсіп жатыр.
Дегенмен мәселе тек ақшада емес
Шығындардың көптігіне қарамастан, Қазақстанда ата-ана болу әзірге тек салқын есепке тіреліп тұрған жоқ. Мұны демографтар да, ата-аналардың өздері де айтуда.
"Экономикалық факторлар, баспана, ипотека және табыстың тұрақсыздығы балалы болу туралы шешімге сөзсіз әсер етеді. Бірақ Қазақстанда мәдени және отбасылық құндылықтар әлі де күшті. Қарапайым тілмен айтсақ, мұнда көбіне қаржылай қолайлы болғандықтан емес, қымбатшылыққа қарамастан бала туады", - дейді демограф-сарапшы Аяулым Сағынбаева.
Астаналық Әлима Исенова жолдасымен бірге қаржылық ауыртпалық көріп отырғанына қарамастан, еш күмәнсіз былай дейді: егер ол алдағы барлық шығындар мен қиындықтар туралы алдын ала білсе де, ана атану туралы шешімінен айнымас еді.
"Қызымыз болмағанда - бізде өсіп-өркендеуге және бұдан да биік белестерді бағындыруға мұндай ынта болмас еді", - деді ол.
Сонымен жақсы жаңалық: Қазақстанда халық әлі де балалы болуға ниетті және мұндай шешім тек қаржылық есепке сүйеніп қана қабылданбайды. Дегенмен ақша мәселесі де маңызды рөл атқарады.
Мемлекет бастапқы қолдауды қамтамасыз етеді: перзентхана, жәрдемақылар, мектеп, екпелер, МӘМС. Бірақ бүгінгі таңда ата-аналар қалыпты, алаңсыз әрі бәсекеге қабілетті балалық шақ деп түсінетін дүниелердің барлығы дерлік тұрақты қосымша шығындарды талап етеді.
Сондықтан "баланың "құны" қанша?" деген сұрақ - бұл енді жаялықтар немесе орташаланған сома туралы емес. Бұл - балаға қызметтердің минималды жиынтығын емес, сапалы білім мен медицинаны, үйірмелерді, даму мүмкіндіктерін және ересек өмірге жақсы қадам басу үшін лайықты мүмкіндік беруге отбасының қанша табыс табуы керектігі туралы мәселе.
Иә, Қазақстанда балаларды жақсы көреді және оларды дүниеге әкелуге дайын, бірақ сонымен бірге оларға ең жақсысын бергісі келеді. Ал сол "ең жақсы" деген ұғымның деңгейін қоғамның өзі үнемі көтеріп отырғандай. Демек, бұл ата-анадан бұдан да көп күш-жігер мен шығынды талап етеді.
Дайындаған: Рабига Дюсенгулова
Аударған: Нұрила Ермекбаева