Алматы әуежайында мысықты чемодандармен бірге берілген: оқиға жалғасын тапты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматы әуежайында мысықты чемодандармен бірге берілген: оқиға жалғасын тапты Бейнеден алынған кадрлар

Алматы әуежайы Тараз – Алматы бағытындағы №758 рейспен келген жолаушының мысығы жүк таспасымен берілгені туралы әлеуметтік желіде тараған оқиғаға қатысты ішкі тексеру жүргізді, деп хабарлайды Tengri Travel.


Алматы әуежайы Тараз – Алматы бағытындағы №758 рейспен келген жолаушының мысығы жүк таспасымен берілгені туралы әлеуметтік желіде тараған оқиғаға қатысты ішкі тексеру жүргізді, деп хабарлайды Tengri Travel.

Әуежай өкілдері не дейді?

Әуежайдың баспасөз қызметі тексеруге осы рейске қызмет көрсеткен қызметкерлер қатысқанын мәлімдеді.

"Аталған дерек бойынша Тараз – Алматы бағытындағы №758 рейске қызмет көрсеткен мамандардың қатысуымен ішкі тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша жануарды тасымалдау рәсімдерінің бәрі қолданыстағы стандарттар мен қауіпсіздік талаптарына сай орындалғаны анықталды", – деп хабарлады әуежай өкілдері.

Әуежай мәліметінше, қызметкерлер тарапынан заңбұзушылық анықталмаған.

"Қызметкерлердің дөрекі немесе немқұрайлы әрекет жасағаны туралы дерек расталған жоқ. Рейске қызмет көрсетілген күні бұл жағдай бойынша әуежай әкімшілігіне ешқандай шағым немесе өтініш түспеген", – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі жануарларды әуе кемесі мен терминал арасында қауіпсіз жеткізу үшін арнайы көлік қолданылатынын атап өтті.

"Жануарларды тасымалдау кезінде олардың қауіпсіз әрі ұқыпты жеткізілуін қамтамасыз ететін арнайы көлік пайдаланылады. Алматы әуежайы жануар иесінің алаңдаушылығын түсінеді", – деп жауап берді әуе айлағы.

Оқиғаның мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде жолаушының ұшып келгеннен кейін мысығын жалпы жүк таспасынан алғаны туралы жазбасы кеңінен тараған еді.

Жарияланым авторының айтуынша, мысық салынған тасымалдау торы чемодандар түсетін таспа арқылы берілген. Ол жерде жүк бірінің үстіне бірі құлап, қатты қозғалыспен түсіп жатқанын айтқан.

"Бүгін менің мысығымды жүк таспасынан берді. Ол жерде чемодандар атылып шығып, бірінің үстіне бірі құлап жатады. Мысығым салынған тасымалдау торы да таспаға қарай секіріп түсіп, бірнеше рет аударылды. Мұны көрген қызметкерлер де, айналадағы адамдар да шошып тұрды", – деп жазды ол.

Жолаушы оқиғадан кейін мысығы қатты күйзеліске түскенін айтты.

Бұл жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Қолданушылардың бір бөлігі жағдайға ашуланып, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Ал енді бірі жануарларды тасымалдау тәжірибесімен бөлісіп, әдетте үй жануарлары негізгі жүктен бөлек берілуі керек екенін жазды.

Полицияның жауабы

Жарияланымнан кейін жағдайға Көліктегі полиция департаменті де түсініктеме берді.

"Аталған дерек бойынша Алматы әуежайындағы Желілік полиция бөлімі тексеру жүргізіп жатыр. Нәтижесі бойынша заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі", – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта полиция тексеруінің қорытындысы жарияланған жоқ.

TengriTravel
;