ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- Кеше 19:58
Қос палаталы Парламенттің соңғы отырысы
Астанада Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысы өтті. Бұдан былай қос палата болмайды - оның орнына бір ғана Құрылтай қалады. Жиын Парламентте емес, Үкімет үйінде ұйымдастырылғанымен, бұл мәселенің мәніне әсер етпейді. Осы тарихи соңғы бірлескен отырыста сөз сөйлеу үшін мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев та келді.
Астанада Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысы өтті. Бұдан былай қос палата болмайды - оның орнына бір ғана Құрылтай қалады. Жиын Парламентте емес, Үкімет үйінде ұйымдастырылғанымен, бұл мәселенің мәніне әсер етпейді. Осы тарихи соңғы бірлескен отырыста сөз сөйлеу үшін мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев та келді.
Үкімет үйінің дәлізі тар, ал журналистер өте көп. Залдан шығаберіс тар өткелге айналды: есіктен аттап шыққан депутатты тілшілер қауымы бірден қоршап алып, тұшымды бірдеңе айтпағанша жібермеуге тырысты. Кейбірін екі-үш қайтара тоқтатуға тура келді - ньюсмейкерлер бәріне бірдей жете бермеді. Осы қыспақты Tengrinews.kz тілшісі де күшейтті.
Мұңсыз қоштасу
Қос палаталы Парламент жұмысын тоқтату үшін жиналды. Дегенмен, дәлізде ешқандай мұң байқалмады. Көңіл-күй керісінше көтеріңкі болды.
Журналистер назарына бірінші болып Сенаттың бұрынғы депутаты (2010-2017) және экс-қорғаныс министрі (2001-2007) Мұхтар Алтынбаев ілікті.
Кейде тілшілер қоршауы соншалықты тығыз болғанынан, жұрт нақты кімді қаумалап жатқанын түсінбей де қалды. Камераларды бір-екі адам бойынан биік ұстап, бейнені соқыр сезіммен түсіруге тура келді.
Журналистер назарының ортасында қалғанына ЖСДП партиясының басшысы Асхат Рахымжанов дән риза сияқты көрінді.
- Бүгін сіз не үшін ұяласыз немесе не үшін ұялмайсыз?
- Ештеңе үшін ұялмаймын, - деп жауап берді ол. - Мен бұл туралы ойландым. 2023 жылғы сайлауда берген барлық уәдемізді орындауға тырыстық. Толық мерзім жұмыс істей алмағанымыз өкінішті, бірақ жалпы алғанда, қолдан келгеннің бәрін жасадық.
Бүгін таратылып жатқан палатасы үшін ол қайғырып тұрған жоқ. Керісінше:
- Мен Құрылтайдан көп үміт күтемін. Бір палаталы Парламент ықпалдырақ әрі тәуелсіз болады. Бұл біздің бағдарламамыздың бір тармағы. Сондықтан бұл шешімді қуана қолдадық.
Ұят туралы сұрақ "Ақ жолдың" бұрынғы төрағасы Азат Перуашевқа да қойылды.
- Ұялатындай емес, бірақ іске аспай қалған дүниелер бар, - деді ол және экологиялық нормаларды талқылау кезінде депутат Жаңбыршинмен болған айтысты еске алды. - Еділ эмоцияға беріліп, шахталардағы жарылыстар мен өрттер туралы айта бастады. Ал бұл экологиялық бақылау емес, өнеркәсіптік қауіпсіздікке жатады.
Еділ Жаңбыршин Құрылтайда болмайды. Ол жаққа бармайды. Оның айтуынша, мерзімдері толық болмаса да, екі шақырылымда жұмыс істегені жеткілікті.
Жалпы, журналистер назары таңдаулы болды: олар негізінен депутаттарды аңдыды, сондықтан су ресурстары министрі Нұржігітов қоршауда қалған жоқ. Суретке түсуге де уақыт тапты.
Күрделі жөндеу
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін бұл оқиғаның тарихи мән-маңызына тоқталудан бастады.
- Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз.
Ол барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына пікірталастар, қабылданған әрбір заң және адал қызметтері үшін алғыс айтты. Президент қазіргі құрамды ең мықтылардың бірі деп атады: үш жыл ішінде үш жүзден астам заң қабылданған.
- Уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқам. Бұл – заман талабы, - деді Тоқаев.
Келесі күні, яғни 1 шілдеде мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңңырту жұмысы басталады. Оның айтуынша, мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды.
- Бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің "ғимаратына" күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз.
Бұл ретте ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасы көздің қарашығындай сақталып, мемлекеттік басқару жүйесі жетілдіріле түседі.
Тоқаев биліктің жаңа құрылымын: "Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет" формуласымен сипаттады.
Ал кетіп бара жатқан депутаттарға болашақта айтуға болатын мына сөздерді ұсынды:
- Кез келген депутат саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің келесі буынына, балалары мен немерелеріне: "Мен 2026 жылы қабылданған Конституцияны дайындауға тікелей қатысқанмын" деп еш ұялмай айта алады.
та
Тоқаев жаңа конституциялық орган - Қазақстан Халық Кеңесі құрылатынын еске салды. Ол мәслихаттарды, қоғамдық кеңестерді және сараптамалық алаңдарды біріктіріп, Қазақстан халқы ассамблеясының функциясын мойнына алады.
Сөздің басым бөлігі үкімет пен жаңа парламентке жүктелген міндеттерге арналды. Президент қаржының жұмсалуына ерекше назар аударды. Құрылыс баяндама арқауына айналды.
- Қаражат деген уақытша дүние, оның құны жыл сайын төмендеп бара жатыр, ал оны тиімді пайдалану, бұл – нақты нәтижелерге қол жеткізу, тиісті нысандарды өскелең ұрпақтарға аманат етіп қалдыру деген сөз. Әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға болмайды. Осындай қысқа, шолақ ойлы саясатты біздің ұрпақтарымыз түсінбейді де, кешірмейді де. Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек.
Жаңа әрі негізгі заң шығарушы орган – Құрылтайға Тоқаев сабақтастықты және институционалдық дәстүрді сақтап, жылдар бойы қалыптасқан бірегей парламенттік мәдениетті жоғалтпай, оны одан әрі дамытуды тапсырды. Сондай-ақ сайлау туралы жарлыққа қол қоятынын айтты. AMANAT партиясының жаңа "Әділет" партиясына қосылу шешімін ерекше құптады.
Ал депутаттарға олардың бір бөлігі Құрылтайға өтіп, жұмысын жалғастыратынын айтты. Қалғандарына "жұрттың мұң-мұқтажын батыл көтергені" үшін алғыс білдірді.
Соңғы отырыс аяқталғанда, қыспақ қайта күшейді. Қос палаталы Парламент депутаттары үшін бұл соңғы рет еді. Келесі жолы қыспаққа Құрылтай депутаттары түседі. Күзде.
Тағы оқыңыз: Тығыз байланыс. Грузия премьер-министрі Астанаға неге келді?
Черногория президенті Астанаға не үшін келді
Авторы: Айсұлтан Құлшыманов
Дайындаған: Айнұр Қапышова
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу