Тілді тану - бұл инициация. Зира Наурызбай қазақ тілі мен оны үйрену туралы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тілді тану - бұл инициация. Зира Наурызбай қазақ тілі мен оны үйрену туралы Кескін жасанды интеллект көмегімен жасалған

Редакция қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбайдан тілдің сөздер жиынтығы ғана емес, халықтың мәдени коды екендігі туралы мәтін жазып беруін сұраған еді.


Редакция қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбайдан тілдің сөздер жиынтығы ғана емес, халықтың мәдени коды екендігі туралы мәтін жазып беруін сұраған еді.

Зира Наурызбай осы ойды тереңдете түсіп, Tengrinews.kz айдарына жазған мақаласында неге кез келген сөзді дәлме-дәл аудару мүмкін емес екендігі, әр тілдің "сүйегі" - румен байланысы болатыны және тіл арқылы адам өзін танып, ата-баба әлемімен үндесетіні жайлы баяндайды. Сондай-ақ автор қазақ тілін үйренуге қатысты кеңес береді.

Қазақтың "өбектеу" сөзін аударып көріңізші (мағынасы: ерекше қамқорлық жасау, айналасына үйір болу, мейіріммен күту). Орысша "лелеять", "ласкать", "миловать" десек пе? Ал егер әңгіме бала туралы болса ше? Қазақ тілінде бұған қатысты бірқатар синоним бар және олар негізінен балаға деген қарым-қатынасқа байланысты: аялау, мәпелеу, әлпештеу...


Мен марқұм жолдасым, күйші Таласбек Әсемқұловтың "Талтүс" атты өмірбаяндық романын аударған кезде "өбектеу" сөзімен біраз әлек болдым. Бір эпизодта әкесі мен баласы нөсер жаңбырдан кейін арнасынан асқан, буырқанған Аягөз өзенінен атпен өтеді. Бала қатты қорыққан. Әкесі баласын жұбатып, өбектеп күлді, яғни мейірлене, қамқорлықпен (сабырға шақырып) жымиды".

Цитата с изображением
Зира Наурызбай
жазушы, киносценарист, философия ғылымдарының кандидаты

Сонымен қатар романда "мейір" сөзі мен "мейірлене қарады" деген тіркес өте жиі кездеседі. Сөзбе-сөз айтсақ, әр бет сайын қарттардың бірі балаға немесе жасөспірімге "елжірей қарайды", "мейіріммен қарайды". Бұл ашаршылықты, соғысты және сталиндік лагерьлерді бастан өткерген қарттар.

Таласбек ХХ ғасырда қазақтар осы "мейір", яғни бір-біріне деген ізгі, жанашыр қарым-қатынасты жоғалтты деп есептейтін. Ол бұрынғы қазақтарға өзінің адамдарға деген қарым-қатынасын теліп отыр ма деп ойлар едім, бірақ ХХ ғасыр басындағы неміс антропологы Рихард Карутц Маңғыстауды "балалар жәннаты" деп атап, қазақ ерлері үйінде болғанда балаларын қолынан түсірмей, оларды еркелетіп, мәпелейтінін ерекше атап өткен.

Бүгінде біз түрік ерлерінің балаларын қалай жақсы көретініне, оларға қалай қамқор болатынына тамсанамыз, бірақ қазақ әкелері ежелден балажан болған. Ал бұл сөзді қалай аударуға болады? Бұл тек балаға деген махаббат немесе ол үшін жан пида ету емес. Бұл қамқорлық пен нәзіктік, баламен шаршамай ойнау, оның көңілін табу. 

Қазақ тілінде аудару мүмкін емес немесе аудармасы тым жасанды, көне не табиғи емес естілетін мұндай сөздер өте көп.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" романын орыс тіліне (әрине, жолма-жол аударма негізінде) тамаша стилист, көрнекті орыс новеллисі Юрий Казаков аударды. Классиктің қызы Шұға Нұрпейісова бірде әкесі мен аудармашы арасында үнемі пікірталас болатынын айтып берген еді: Казаков жай балықшылар түпнұсқадағыдай соншалықты көркем әрі әдеби тілде сөйлей алмайды деп есептеген. Жалпы, дәстүрлі қазақтардың диалогын орыс тіліне аударғанда, оны қарапайымдау, деңгейін төмендету қажеттілігі - тұрақты мәселе.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кітабы бойынша түсірілген "Қан мен тер" фильмінің афишасы

Менің бағыма орай, бала кезімде білімі толық емес, бірақ сөйлеген сөзі көркем, өзін-өзі ұстауы корольдік қабылдаудағы дипломаттан кем түспейтін осындай "қарапайым, хат танымайтын" тракторшылар мен шопандарды көріп үлгердім.

Қанша тырысқанмен аударма кезінде көп нәрсе жоғалып кететіні өкінішті. Таласбектің өзі нағыз билингв болатын, "игреневый" сияқты орыс сөздерін де еркін қолданатын. Өмірінің көп бөлігінде орыс тілінен қазақ тіліне және керісінше аударма жасады - бұл оның негізгі табыс көзі еді.

Мен оған романын орыс тіліне бірге аударуды ұсынғанымда, ол былай деп жауап берді:

"Бұл тым қазақи кітап, оны жай аудар салу мүмкін емес, түсініксіз болады. Бір реті келгенде, оны орысша қайтадан жазып шығармын".

Үлгермеді. Уақыт өте келе аударманы маған жасауға тура келді.

Романда әке әйелі өз ұлына қатыгездік көрсеткенін білетін тұсы бар. Ол әйелін ұрып, қуып жібереді. Сонда былай дейді:

"Ол баламның сүйегін жасытты".

"Сүйегін жасыту" сөзбе-сөз алғанда "сүйекті жұмсарту" дегенді білдіреді.

  • Қазақтардың және мал шаруашылығымен айналысатын ұқсас халықтардың түсінігінде "сүйек" - өмірдің мәні, адамның және рудың тіршілік қуаты, сондықтан "сүйек" сөзі "ру, ата-баба" сөздерінің синонимі. 

ХХ ғасырға дейін кейбір аймақта рулық сағанатамдар - оссуарий, қайтыс болғандардың сүйегін сақтайтын орындар болған.

Қазақтарда бала әкесінен генетикалық ақпаратты сүйек арқылы алады (мұны діңгекті жасушалардың көзі ретіндегі жілік майы туралы қазіргі заманғы біліммен салыстыруға болады), ал анасынан қан арқылы парасат пен шығармашылық қабілетті алады деп есептеледі.

Қыз бала шығармашылық қабілетті әкесінен алып, оны өз балаларына береді, сондықтан қазақ мақалында былай делінеді:

"Жігіттің жақсысы - нағашыдан".  

  • "Жасыту" - металды тез қыздырып, суыту арқылы оның беріктігін төмендету, жұмсарту дегенді білдіреді, ал ауыспалы мағынада "айбат шегіп, тыйым салу арқылы сағын сындыру, тауын шағу, түңілдіру" деген сөз. 

Яғни "сүйегін жасыту" - баланы жасқаншақ, шешім қабылдай алмайтын, мұңға бейім етіп өсіру, қазіргі тілмен айтқанда депрессивті күйге түсіру.

"Сүйегі жасық" - әлсіз, жасқаншақ, жігерсіз деген мағынаны береді, ал қазақтар үшін, әсіресе ер адам бойындағы батылдық пен өжеттілік өте жоғары бағаланған.

Түркілердің сүйек мифологиясына қатысты көптеген тұрақты тіркес бар.

"Сүйегі асыл" - сөзбе-сөз алғанда "асыл сүйек", бұл адамның тектілігін, тән және жан саулығын, киіз үйдің мықты қаңқасын және т.б. сипаттайды.

"Сүйекке сіңген" - бойға сіңіп, әдетке айналған дүние; "сүйекке таңба салу" - бүкіл отбасын, бүкіл әулетті масқаралау. 

Физикалық немесе психологиялық теріс әсер туралы айтқанда "сүйектен өту" дейді: сөзбе-сөз алғанда, мысалы, "сүйектен өтетін суық, жел" - "денеңді мұздатып жіберетін суық", "сүйектен өткен сөз, қорлық" - "сүйегіңе дейін сырқыратқан қорлық".

Орыс тілінде де осыған ұқсас "до мозга костей" деген фразеологизм бар, ол қандай да бір туа біткен немесе терең орныққан қасиеттің, сезімнің не сенімнің ең жоғарғы дәрежесін білдіреді (мысалы, "аристократ до мозга костей"). Ол "әбден, бастан-аяқ, толықтай" деген мағынада жағымды да, жағымсыз да контексте қолданыла береді. "Сүйек" сөзінің екінші мағынасын (тек, тегі) ескерсек, орыс тіліндегі бұл фразеологизм түркі тілдерінен енген калька болуы әбден мүмкін.

Демек, адамның туа біткен денсаулығы мен психикасының жақсы күйі туралы түсінік бар және оған сүйекке, яғни тұқымында бар өмірлік күшке, адам болмысына кері әсер ету арқылы зақым келуі мүмкін.

Қазіргі биология мен психосоциогенетика (Қазақстандағы "тектану") бастан кешкен дистресс туралы ақпараттың ДНҚ мутациясынсыз ұрпаққа берілуі мүмкін екенін растайды.

Алматы мұражайындағы экспозиция. Иллюстрациялық фото: ©️ Tengrinews.kz

Ата-бабамыз "өкпе" деген бір сөзбен тыныс алу мүшесін де, реніш сезімін де атағанда осындай бір сырды білген сияқты. Жалпы алғанда, адам мен жануар денесінің құрылысын жетік білген аңшы, малшы әрі батыр халық - түркілер тек туыстық қатынастарды емес, бүкіл әлемді сипаттау үшін өзіндік анатомиялық код жасап шығарған.

Мысал ретінде кеңінен танымал "бауыр" (ішкі мүше және қандас туыс) сөзін немесе киіз үйдің ағаш қаңқасын "сүйегі" деп атауды келтіруге болады.

Қазақ фразеологизмдеріндегі "қабырға қайысу" (қайғырған адам туралы), "қабырға майысу" (аяғы ауыр әйел туралы), "буыны қатқан жоқ" (қалыптасуы аяқталмаған жасөспірім туралы), "омыртқасы жеткен жоқ" (буыны бекімеген жас тіршілік иесі туралы) - мұның бәрі біздің рухани мұрамыз. Осы контексте мал шаруашылығымен айналысатын семиттер түсінігіндегі Хауа ананың Адам атаның қабырғасынан жаратылуы туралы аңыз да әбден қисынды көрінеді (З. Наурызбай "Қазақтың мәңгілік аспаны").

Бәлкім, қазақ тілі ғылыми-техникалық прогрестен қалып қойған шығар. Мал шаруашылығына қатысты бай лексика бұрынғыдай қажет болмай қалған болар. Бірақ адам психологиясы, қарым-қатынас пен психосоматика туралы астарлы білім тілімізде қызықты көрініс тапқан. Бұл лексика біздің мәдениетіміз туралы көп нәрсені аңғартады.

Қазақ тілі адам психикасын өзгеруге, сыртқы әсерді қабылдауға, ашылуға және өсуге қабілетті қандай да бір қозғалмалы форма мен көлем ретінде модельдейді. Бұл түсінік адамның өз әлемінен тысқары нәрселерге ықыласын, ерік-жігерін және ұмтылысын жеткізетін бай лексикамен толыға түседі.

Лингвистер бұрыннан түркі тілдеріндегі етістіктердің молдығын атап өткен, соның арқасында болмыс пен адам үнемі динамикада, қозғалыста, өзгеру мен қалыптасу үстінде бейнеленеді.

Әр тіл иесі үшін шындықты өзінше модельдейтіні туралы ой жаңалық емес. ХІХ ғасырдың ортасында Вильгельм фон Гумбольдт (неміс филологы - ред. еск.) тілде (дыбыста, сөз мағынасында, сөзжасам тәсілдерінде, грамматикада) ұлттық ерекшеліктер мен халықтың мінез-құлқы қалай ашылатынын көрсеткен:

"Атау берген кезде сөз сезімге әсер ететін заттың өзі ғана емес, сол сөз ойлап табылған сәттегі сол затқа деген көзқарасымыздың көрінісі".

ХХ ғасырда Людвиг Витгенштейн (британиялық-австриялық философ - ред. еск.) тілді біз әлемді көруге мәжбүр болатын призма ретінде қарастырды.

Майкл Поланидің (британдық философ - ред. еск.) айтуынша, әрбір тіл белгілі бір адамдар тобы жасап шығарған "заттар табиғатының теориясы", ғалам теориясы. Кейін  француз постструктуралистері мәтінді жеке тұлға емес, оның орнына тілдің өзі, жазудың өзі жазады деген тұжырымға келеді.

Анықтама: Постструктуралистер - бұл структурализм (құрылымдық бағыт) ағымымен пікірталасқа түсіп, мәтіннің, мәдениеттің, тілдің, биліктің және тұлғаның мағынасы тұрақсыз, соңғы әрі алдын ала белгіленген емес деп есептеген философтар мен теоретиктер. Қарапайым тілмен айтқанда, структуралистер мәдениеттің, тілдің, әдебиеттің астарында бәрі соған негізделетін орнықты құрылым немесе қаңқа бар деп есептеді. Ал постструктуралистер бәрі олай оңай емес деген шешімге келді: құрылым бар, бірақ ол тұрақсыз және мән мәтінге, тілге, билікке, оқырманға, дәуірге байланысты өзгеріп отырады.

Тіл үйрену барысында адам белгілі бір дәрежеде жаңа "ғалам теориясын", ұлттық менталитетті бойына сіңіреді. Кезінде Николай Замяткиннің "Сізге шетел тілін үйрету мүмкін емес" атты кітабын қызығушылықпен оқып шыққан едім. Кітап тартымды әрі көп тұсы талас тудырады. Бірақ мені оның шет тілдерін үйрену әдістемесінің авторы ретіндегі мына пайымдаулары қызықтырды:

"Жаңа тілдің өзге шындығына өту сізде қандай да бір жаңа "меннің" пайда болуымен қатар жүреді. Біз, біздің "меніміз" сөздермен, сөйлейтін тілімізбен соншалықты тығыз байланысты болғанымыз сонша, мұның басқаша болуы мүмкін де емес... Жаңа тілдік шындыққа өткенде, бойымыздан, бәлкім, ішкі түкпірде терең жасырылған, ескі "меннен" айтарлықтай ерекшеленетін жаңа тұлға көрініс табады, айқындалады. Бұл құбылыс шет тілін үйренушілер арасынан өздеріне агенттерді өте жиі әрі сәтті іріктейтін арнайы қызметтерге жақсы мәлім. Өзінің ескі "менінен" арылып, соқыр сезіммен жаңа "менін" іздеп, жасап жатқандар бұл жаңа "менді", бұл жаңа рөлді үйреніп жатқан тіл елінің барлау қызметі агентінің рөлі ретінде оңай қабылдайды..."

Замяткин әрі қарай былай жалғастырады:

"Жаңа "шетелдік" "мен" көбінесе жаңа тілде бұрын өз ана тіліңізде ешқашан айтпайтын нәрселерді айта алуыңыздан және ойлауыңыздан!  көрініс табады. "Болады-болмайды", "жаман-жақсы", "моральді-моральсіз" деген ескі шектеулер әлсірейді, істен шығады немесе мүлдем жұмыс істемей қалады".

Автор философ та, мифолог та емес, бірақ жаңа тілді үйренген кезде адам өзі үшін сол тілдің жаңа шындығына енетінін, сол шындықта жаңа "менін" қалыптастыратынын айтады.

Бұл біздің ұлы замандасымыз Серікбол Қондыбайдың (1968–2004) ойларымен таңғаларлық үндестік тауып тұр. Ол мифология мен қазақ тілін ұмыт болған, бірақ әлі де өмір сүріп жатқан бабалардың қасиетті әлеміне ашылатын есіктің кілті деп санаған. Мұнда мәселе тілді тұрмыстық немесе кеңсе деңгейінде білу туралы емес, оның символдық және дүниетанымдық байлығын игеру туралы болып отыр:

"Қазақ тілі екі нүкте, екі қақпа арасындағы жол. Кіреберіс алғашқы қақпа өте тар әрі аласа, оның артындағы жол тар тесікке ұқсайды. Сондықтан оған кіру үшін басты иіп, еңкейіп, еңбектеп алға жылжу керек. Бірақ тар үңгір әр қадам сайын кеңейіп, биіктей түседі. Одан шығар жол Ұлы Қақпаға ұласады".

Ал Қондыбай тілді тану жолын былайша сипаттаған:

"Тілді тану үшін, қазақ болу үшін тар тесікке еңбектеп кіру керек, есесіне адам бұл жолды басын жоғары ұстап аяқтайды. Бұл жаңадан туу, бағышталу, иницияциялық сынақ. Сынақтан өту оңай емес, ең бастысы - бұл жолға еш мәжбүрлеусіз, өз еркіңмен тізе бүгіп түсуің керек".

Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. 2-кітап. Қазақ тілінен орыс тіліне аударған З. Наурызбаева. - А.: СаГа, 2011. - 72-б.

Ана тіліне оралу формальді болмауы тиіс, бұл орыс тілді қазақтар үшін мүлдем жаңа рухани тәжірибе жинақтауға, өзінің ішкі, көбінесе тереңде жатқан "меніне" үңілуге, мәңгілік бастаудан қуатты энергия алуға берілген мүмкіндік.

Тағы бір практикалық кеңес. Өзім де осыдан 35 жыл бұрын ұмытылған ана тіліме "оралу" жолын бастағанмын, қазір достарымның бұл жолды қалай еңсеруге тырысып жатқанын бақылаймын. Кейде олар отбасымен былай деп шешім қабылдайды:

"Бүгіннен бастап үйде тек қазақша сөйлейміз".

Бірақ олар үйреніп қалған күрделі тақырыптарды қазақша талқылай алмайды. Тіл олар үшін шектеуге айналады да, белгілі бір сәтте одан бас тартады. Ал тіл жаңа әлемді ашуы тиіс.

Сондықтан мен әрқашан мынандай кеңес беремін: қазақ тіліндегі жаңа контентті - кітаптарды, музыканы, фильмдерді, подкастарды көбірек пайдаланып, әзірге тілдерді араластырып болса да, талқылаңыздар. Өрісізді кеңейтіңіздер. Кітап оқу - тамаша! Мәтінді көріп, естіп және көтеріңкі көңіл-күймен орындайтын караоке тіпті керемет!

Осы иницияциядан өтулеріңізге тілектеспін.

Автор туралы: Зира Жетібайқызы Наурызбаева (Зира Наурызбай) - қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист, қазақ тілінен орыс тіліне аудармашы, философия ғылымдарының кандидаты (PhD). "Қазақтың мәңгілік аспаны" (2013, 2020), "Төрт бұлт" (2017), "Серікбол Қондыбайдың арғықазақ мифологиясындағы әйел бейнелері" (2021), "Субъект(ив)ті қазақ мәдениеті" (2022, Таласбек Әсемқұловпен бірлесіп жазған), қазақ мифологиясына негізделген "Бату мен оның достарының бастан кешкендері" (2014, 2019, 2021, Лиля Калауспен бірлесіп жазған) атты балаларға арналған кітаптар топтамасының авторы. С. Қондыбайдың төрт томдық "Арғықазақ мифологиясын", Т. Әсемқұловтың "Талтүс" романын және т.б. еңбектерді қазақ тілінен орыс тіліне аударған. "Күндес" әңгімесі ағылшын тіліндегі аудармасымен АҚШ-та "Best Asian Short Stories 2019" сыйлығының лауреаты атанды. "Otuken" мәдениетті дамыту қорының құрылтайшысы, "Петроглиф іздеушілер" қоғамдық қорының тең құрылтайшысы. "Алтын Адам – Жыл адамы" ұлттық сыйлық-байқауының лауреаты (2014), "Парасат" орденімен марапатталған (2022).

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 467.86   549.92   6.39 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер