“Қорқынышты фильмдегідей“. Қазақстандық әйел Астана әуежайындағы ана мен бала бөлмесін көрсетті

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Қорқынышты фильмдегідей“. Қазақстандық әйел Астана әуежайындағы ана мен бала бөлмесін көрсетті Фото: Threads/@ornayka

Астана әуежайы арқылы сапар шеккен қазақстандық әйел жағымсыз жағдайға тап болды. Оның айтуынша, ішкі рейстер терминалындағы ана мен бала бөлмесі қорқынышты фильмнің декорациясына көбірек ұқсайды: қараңғы және жиһаздың тозығы жеткен, - деп хабарлайды Tengri Travel.


Астана әуежайы арқылы сапар шеккен қазақстандық әйел жағымсыз жағдайға тап болды. Оның айтуынша, ішкі рейстер терминалындағы ана мен бала бөлмесі қорқынышты фильмнің декорациясына көбірек ұқсайды: қараңғы және жиһаздың тозығы жеткен, - деп хабарлайды Tengri Travel.

Бәрі қалай басталды?

Орнай есімді Threads қолданушысы Астана әуежайының ішкі рейстер терминалындағы ана мен бала бөлмесінің кадрларын бөлісті. Әйелдің айтуынша, ол жерге кірудің өзі қорқынышты болған.

"Астана әуежайындағы ана мен бала бөлмесі (ішкі рейстер терминалы) қорқынышты фильмдегідей. Кірсек - қараңғы, қызметкерлер диванда ұйықтап жатыр. Жөргекті осы бір сұмдық қатты тақтайдың үстінде ауыстырып, ол жерден тезірек қашуға тура келді, өйткені ахуалы жаман және қорқынышты. Жалғыз мен осындай пікірде емеспін деп үміттенемін", - деді ол.

Жарияланған суреттерден жыртылған тұсқағаздарды, балалар кереуеттеріндегі тозған матрастарды және бұрандалары шығып тұрған жиһаздарды көруге болады.

Фото: Threads/@ornayka

Әуежай өкілдері не дейді?

Астана әуежайы сауалымызға берген жауабында бұл мәселеден хабардар екенін, кемшіліктер ішкі тексерулер кезінде де тіркелгенін мәлімдеді.

"Жарияланымда көрсетілген ескертулер бұған дейін ішкі тексерулер барысында анықталған және үй-жайларды жөндеу жоспары аясында жауапты бөлімшелермен талқыланған болатын", - деп түсіндірді әуежай өкілдері.

Сондай-ақ бөлмедегі жиһаздарды, матрастарды және жөргек ауыстыру үстелдерін жаңарту жоспарланғанын айтты.

Бөлме қаншалықты жиі тексеріледі?

Баспасөз қызметі бөлменің үнемі тексеріліп тұратынын және балалы жолаушылар үшін барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілетінін айтып сендірді.

"Үй-жайлардың, жиһаздардың жай-күйі мен санитарлық талаптардың сақталуы тұрақты түрде тексеріледі. Ана мен бала бөлмелері әуежайда жайлы болу үшін түрлі шығын материалдар: кулердегі ауыз су, жөргектер және тағы басқалармен үнемі қамтамасыз етіледі", - дейді әуежай өкілдері.

Әуежайдағы ана мен бала бөлмесін жаңарту биылға жоспарланған.

"Жөндеу жұмыстарын жүргізу және жиһаздарды жаңарту осы жылға жоспарланған. Әуежай қауіпсіздік, жолаушылардың жайлылығы мен қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше көңіл бөледі", - деп хабарлады әуежай.

Баспасөз қызметі балалар бөлмесіндегі диванда демалып жатқан қызметкерлерге қатысты шағымға да түсініктеме берді. Әуежай бұл туралы расталған ақпарат жоқ екенін, алайда еңбек тәртібіне бақылау күшейтілетінін айтты.

TengriTravel
;