“Тірі жетім“. Қазақстанда шынымен әкенің рөлі әлсіреп бара ма?

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Тірі жетім“. Қазақстанда шынымен әкенің рөлі әлсіреп бара ма? Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Қазақстанда отбасы, салт-дәстүр және әкенің рөлі туралы көп айтылады. Қоғамдық риторикада әке - отбасының басы, тірегі.


Қазақстанда отбасы, салт-дәстүр және әкенің рөлі туралы көп айтылады. Қоғамдық риторикада әке - отбасының басы, тірегі.

Бірақ бұл тірек тек қағаз жүзінде ғана болса ше? Әкесі туу туралы куәлікте жазылғанымен, хабарласпаса, келмесе, алимент төлемесе, баланың мектебіне, денсаулығына, қорқыныштары мен армандарына қызығушылық танытпаса не болады?

Ал егер әкесі құжат бойынша да жоқ болса ше? Егер бала некесіз туып, әкелігі анықталмаса және барлық жауапкершілік бірінші күннен бастап анасына жүктелсе? Немесе ата-анасы ажырасып, әкесі ресми түрде ата-ана болып қалғанымен, іс жүзінде баланың өмірінен ғайып болса ше?

Tengrinews.kz Ұлттық статистика бюросына, Әділет министрлігіне, Оқу-ағарту министрлігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне сауалдар жолдап, сарапшылармен сөйлесті. Редакция Қазақстанда әкесінің араласуынсыз өсіп жатқан балалардың санын есептеу мүмкін бе, моноата-ана деген не және бұл бала үшін қаншалықты ауыр екенін анықтағысы келді.

Материалмен жұмыс барысында бұл сұрақтың жауабы деректер жинаудан да күрделі екені белгілі болды. Мемлекет бұл құбылыстың тек жекелеген жақтарын ғана көреді:

  • некесіз туылғандар саны;
  • әкесі туралы мәліметі жоқ акт жазбалары;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны;
  • ата-ана құқығынан айыру жағдайлары және сот даулары.

Бірақ Қазақстанда қанша баланың іс жүзінде әке тәрбиесін көрмей өсіп жатқаны туралы бірыңғай статистика жоқ.

Негізгі парадокс та осында: мемлекет неке мен ажырасуды, туу көрсеткіші мен жәрдемақыларды есепке алады, бірақ "нағыз ата-ана болудың" негізі саналатын күнделікті әңгіме, қамқорлық, қорғау, тұрақтылық пен эмоционалды қолжетімділік еш жерде бақыланбайды. Дегенмен біз бұл туралы да сөз қозғаймыз.

Некесіз туған бала, әкесіз бала емес

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы ресми некеде тұрмаған әйелдерден 41 356 бала, 2024 жылы - 40 063, ал 2025 жылы - 37 035 бала дүниеге келді.

Былтыр мұндай туу көрсеткіші мына өңірлерде ең жоғары болды:

  • Түркістан облысында - 4 206;
  • Алматыда - 4 136;
  • Шымкентте - 3 819;
  • Алматы облысында - 3 759;
  • Астанада - 3 088.

Көріп отырғанымыздай, бұл жекелеген оқиғалар немесе тек ірі қалаларға ғана тән құбылыс емес. Бұл - аймақтарда әртүрлі деңгейде көрініс тауып отырған жаппай құбылыс.

Мұндай аналардың ең үлкен жас тобы - 30–34 жастағы әйелдер: 2025 жылы олардан некесіз 9 290 бала туған.

Одан кейін 35–39 жастағы әйелдер - 8 523 бала, 25–29 жаста - 7 009, 20–24 жаста - 6 388 бала.

Яғни, бұл тек тым жастарға немесе "кездейсоқ" жағдайларға қатысты емес. Некесіз туған балалардың едәуір бөлігін ересек әйелдер дүниеге әкеледі.

Дегенмен, бұл сандар отбасындағы нақты жағдайды көрсете бермейді. Некесіз туған бала міндетті түрде әкесіз өседі деген сөз емес. Әкесі баланы өз еркімен мойындауы немесе әкелігі сот шешімімен анықталуы мүмкін. Ата-анасы қарым-қатынасты ресми түрде рәсімдемей-ақ, бірге тұрып, баланы бірге тәрбиелеп, ортақ тұрмыс кешуі мүмкін.

Бірақ басқаша да болады - тұрақты қарым-қатынас болмағанда, әкесі жауапкершілікті өз мойнына алмағанда немесе бала туылмай жатып жоқ болып кеткенде.

Дәл осы жерде құрғақ демографиялық көрсеткішті әлеуметтік мәселеге айналдыруға болады: некесіз туудың артында не тұр - бұл отбасының жаңа формасы ма, әлде екінші ата-ананың шынайы жоқтығы ма?

Әкесі құжат бойынша да жоқ болса

Есепке алудың тағы бір көрсеткіші бар - әкесі туралы мәлімет көрсетілмеген туу туралы акт жазбалары.

Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсетуді ұйымдастыру комитеті мәліметінше, 2023 жылы мұндай жазбалар саны 19 241, 2024 жылы - 18 515, 2025 жылы - 16 906 болды.

Әділет министрлігі бұл көрсеткіш анасы баланы некесіз босанып, әкелігі анықталмаған жағдайларға қатысты екенін нақтылады.

Ресми түрде көрсеткіш төмендеп келеді. Бірақ бір жылдағы 16 906 жағдайдың өзі аз емес. Бұл - әкесі жай ғана "бірге тұрмайтын" немесе "сирек келетін" емес, баланың ең бастапқы заңды құжатында мүлдем жоқ мыңдаған бала.

Фото: Instagram / gov4c.kz

Әкесі бар болғаны, тәрбиеге қатысады деген кепіл емес

Ажырасу істері жөніндегі адвокат Әзиза Мұқашеваның сөзінше: егер бала некесіз туып, ата-анасы әкелікті анықтау туралы бірлескен өтініш бермесе, "әкесі" деген бағанда сызықша тұруы мүмкін немесе мәліметтер анасының айтуы бойынша жазылады. Егер ер адам баланы өз еркімен мойындамаса, әкелігі сот арқылы анықталады.

Адвокаттың айтуынша, ДНҚ сараптамасы, хат алмасулар, бірге түскен суреттер мен куәгерлердің айғақтары болған жағдайда, сот әдетте әкелікті сенімді түрде анықтайды. Негізгі қиындық көбіне рәсімнің өзінде емес, екінші тараптың қарсылығында - сараптамадан жалтаруы мен процесті созуында болып жатады.

"Іс жүзінде әкелікті анықтау туралы талап арыздарды көбіне аналар - алимент өндіру немесе баланың мұрагерлік құқығын бекіту үшін береді. Ерлер мұндай қадамға сирек барады, негізінен бала тәрбиесіне қатысқысы келгенде, онымен араласу құқығын алу немесе туыстықты дәлелдеу үшін жүгінеді", - дейді Мұқашева.

Әкелігі анықталғаннан кейін, некесіз туған бала некеде туғандармен бірдей құқықтарға ие болады: алимент алу, мұраға ие болу, ата-анасы қайтыс болған жағдайда төлемдер алу, сондай-ақ өзінің шыққан тегін білу және әкесі жағынан туыстарымен қарым-қатынаста болу құқығы бекітіледі.

"Заң жүзінде әкесі туралы жазба - бұл негіз. Ол болмаса, бала көбіне алимент, мұра және басқа да құқықтарды талап ете алмайды. Бірақ шынайы өмір тұрғысынан міндеттердің орындалуы маңыздырақ: тәрбиеге қатысу, материалдық қолдау, эмоционалды байланыс. Жауапкершіліксіз құр формальды жазба көбіне құжаттағы жай ғана жазу болып қала береді", - дейді адвокат.

Құжатта әке бар, өмірде - жоқ

Міне, осы тұста әкелік туралы әңгіменің ең ауыр жағына жақындаймыз. Бала некеде туып немесе құжат бойынша әкесі көрсетілсе де, оның іс жүзінде жоқ болуы жүз есе жиі кездеседі.

Мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров қазақ қоғамындағы әкенің жоқтығы мәселесі тым ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалып келді деп есептейді.

Қазақ дәстүрінде "жетім" деген ұғым барын айтады ол. Бірақ бүгінде, мәдениеттанушының сөзінше, басқа тип пайда болды - "тірі жетім": әкесі аман-сау, кейде тіпті бір қалада тұрады, бірақ баланың өмірінде ол жоқ.

"Мәдениеттану тұрғысынан ең ауыр формасы - дәл осы үшіншісі: әкесі құжатта бар, бірақ өмірде жоқ. Бұл - опасыздықтың ерекше түрі. Өйткені бала әкесінің бар екенін көріп тұр, бірақ ол саналы түрде бала өмірінен тыс қалуды таңдайды", - деп есептейді Қалназаров.

Сондықтан мәдениеттанушы әкелікке туу туралы куәліктегі жазбадан да кеңірек қарауды ұсынады: бұл тек биология, ген, тек пен әкесінің аты ғана емес, бұл - рөл, жауапкершілік, қорғаныс, атсалысу және күнделікті қасында болу.

Қалназаровтың айтуынша, біздің сөзімізде әкелік пен әкенің рөлі туралы шешендік тіркестер көп, бірақ іс жүзінде бұл ұстанымдар көбіне жұмыс істемейді.

"Қазақ мәдениетінде әке символдық тұрғыдан өте маңызды тұлға болып қала береді. Біз: "әке - отбасының тірегі" дейміз. Бірақ шын мәнінде, көп жағдайда "тіректі" анасы ұстап тұр. Ол балаларды дәрігерге апарады, мектептегі жиналыстарға қатысады, сабағын қадағалайды, ажырасқаннан кейін алимент үшін сот табалдырығын тоздырады", - дейді сарапшы.

Анықтама: "Әке - отбасының тірегі" - қазақ тіліндегі әкенің отбасы үшін басты сүйеніш екенін білдіретін тұрақты тіркес.

Қалназаров мұны "ең ауыр алшақтық" деп атайды: қоғам әкені әлі де отбасы басы ретінде айтқанымен, оның бала тәрбиесіне араласпағаны үшін анаға қойылатын талаптай қатаң есеп сұрамайды.

"Ананы "отбасын сақтап қала алмады", "дұрыс адамды таңдамады" деп кінәлайды. Ал әкелерге ешқандай кінә тағылмайды десе болады. Өйткені қоғам баланы әлі күнге дейін тек ананың жобасы ретінде көреді", - деп толықтырды мәдениеттанушы.

Сарапшы пікірінше, бұл жерде әйелдерді кінәлауға көшпеу маңызды:

"Мұның мәні басқада: әкенің жоқтығы туралы әңгіме назарды "неге анасы жалғыз?" деген сұрақтан "екінші ата-анасы неге көңіл бөлмейді?" деген сұраққа аударуы керек".

Мұндай жағдай тек некесіз туған балаларда ғана емес, заңды неке болып, артынан ажырасқан отбасыларда да жиі кездеседі. Психолог, "Үміт" даму орталығының директоры Елена Игина осыған байланысты мынадай тұжырым айтады: ер мен әйел ажырасуы мүмкін, бірақ бала мен ата-ана ажыраса алмайды.

"Ата-ана" деген ұғым - мәңгілік. Тіпті ата-ана дүниеден өтсе де, ол баланың тағдырына әсер етуін жалғастыра береді", - дейді Игина.

Оның айтуынша, ересектер балаларды өз жанжалдарына араластырғанда, балалардың жаны жараланады. Үйдегі психологиялық ахуал басты рөл атқарады. Психологтың айтуынша, төрт жастан кейін бала үшін қарым-қатынастың саны емес, сапасы маңыздырақ: ата-ана сүйеніш бола ала ма, баланың сезімдерін түсіне ме, шекараларды белгілеп, өзінің ата-аналық рөлін сақтай ала ма - осы жағы маңызды.

"Толық отбасының өзі баланың психологиялық амандығына кепілдік бере алмайды. Менің тәжірибемде толық отбасында өсіп, өзін жалғыз сезінетін әрі жаны жаралы болған балалар болды. Керісінше - психологиялық тұрғыдан орнықты бір ата-ана тәрбиелеген бала өзін толыққанды сезінуі мүмкін", - деп қосты сарапшы.

Елена Игинаның пікірі мәдениеттанушының ұстанымымен үндеседі: әкенің жоқтығы туралы әңгіме аналарды айыптауға немесе жалғызбасты ата-анасы бар отбасылардан шыққан балаларға таңба басуға айналмауы тиіс.

Неге ана көп жағдайда "негізгі ата-ана"

Әлеуметтанушы Әсем Құсманова балаға деген жауапкершілік ең алдымен анаға жүктеледі деген түсініктің кеше ғана пайда болмағанын айтады. Тарихи тұрғыдан алғанда, көптеген қоғамда, соның ішінде Қазақстанда да рөлдерді бөлудің патриархалдық моделі басым болды. Ерлер сыртқы контурға - ресурс табуға, қауіпсіздікке, сыртқы әлеммен байланысқа жауап берді. Әйелдер - үй шаруасына, бала күтімі мен тәрбиесіне жауапты болды.

"Бірақ қоғам өзгерді. Әйелдер білім алды, еңбек нарығына шықты, экономикалық тұрғыдан дербес болды. Сонымен қатар ерлерге қойылатын талап та өзгере бастады: енді олардан тек материалдық қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге эмоционалдық деңгейде араласу, тәрбие мен тұрмыстық өмірге белсенді қатысу күтіледі", - дейді Құсманова.

Алайда сарапшының айтуынша, нормалар біркелкі өзгеріп жатқан жоқ. Әйелдердің экономикалық рөлі тезірек қалыптасты, ал әкенің бала тәрбиесіне белсенді қатысуының жаңа моделі баяу еніп жатыр. Ол тек отбасылық әдеттерді ғана емес, ер азамат туралы түсініктерді де қайта қарауды талап етеді.

Дәл сондықтан ана әлі күнге дейін "негізгі ата-ана" ретінде қабылданады. Ажырасудан кейінгі немесе жалғызбасты ана атанған жағдайда әйелдердің қатаң қоғамдық айыптауға ұшырауының бір себебі де осында.

Осы тұрғыдан алғанда, әкенің жоқтығы - тек нақты бір отбасының жеке тарихы емес, деп толықтырды әлеуметтанушы. Сонымен қатар бұл мәдени инерция мәселесі: қоғам әйелдерден экономикалық тәуелсіз болуды талап етіп үлгерді, бірақ сонымен бірге бала тәрбиесін әлі де негізінен олардың жауапкершілігі деп санайды.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

"Әке көрмеген" деген сөзді ұмыту керек

Тек баласын жалғыз тәрбиелеп отырған аналар ғана емес, олардың балалары да жағымсыз риторикаға тап болады. "Әке көрмеген" деген сөзді бәрі естіген. Әлеуметтанушы Әсем Құсманова бұл терминнің тым жағымсыз реңкі бар деп санайды және оны қолданудан бас тартуды ұсынады.

Мұндайда "моноата-аналы отбасы" деп айтқан дұрысырақ.

Анықтама: Моноата-аналы отбасы - баланы бір ғана ата-ана тәрбиелеп отырған отбасы. Мұның себептері әртүрлі болуы мүмкін: ажырасу, ата-ананың бірінің қайтыс болуы, баланың некесіз туылуы немесе баланы өз бетінше өсіру туралы саналы шешім. Қазақстанда көп жағдайда жалғыз ата-ана - анасы.

Бұл пікірмен әлеуметтану PhD докторы Айжан Шәбденова да келіседі. Ол "әке көрмеген" деген сөздің дұрыс емес екенін ашық айтады, себебі бұл бала мен отбасын кемсіту болып табылады.

"Біз анасыз өсіп жатқан балаларды қандай да бір бөлек қорлайтын сөзбен атамаймыз ғой. Онда неге әкесіз балаларға қатысты мұндай стигмаға жол беріледі?" - дейді әлеуметтанушы.

Ол да "толық емес" деген сөздің орнына "моноата-аналы отбасы" терминін қолдану керек деп есептейді. Ол - баланы бір ата-ана (көбіне анасы, бірақ кейде әкесі) тәрбиелейтін отбасы құрылымының жеке түрі.

Сондай-ақ Шәбденова Қазақстандағы отбасы институты жаппай дағдарысты бастан кешіріп жатыр деген тезиспен келіспейді. Оның пікірінше, қазақстандықтар отбасылық құндылықтарды басты орынға қоятын қоғам болып қала береді, тек отбасының формалары өзгеріп жатыр.

"Қазақстандықтар үшін отбасы әрдайым басты орында. Бірақ әркім бұл ұғымнан өзі қалаған мағынаны көреді: біреу үшін бұл екі ата-анасы бар отбасы, біреу үшін - бір ата-анасы бар, ал біреу үшін - ата-әжелерімен бірге тұратын үлкен отбасы".

Әлеуметтанушы тағы да баса айтады: бір ата-анасы бар кез келген отбасы - мәселе емес. Мәселе - бала қолдаусыз қалып, жауапкершілікті мойнына алуы тиіс ересек адам жоғалып кеткен жерде туындайды.

"Әзірге алимент бұрынғы әйеліне берілетін ақша сияқты"

Әкелік туралы әңгіме көбіне алимент мәселесіне келіп тіреледі. Дәл осы жағдай ата-ананың жауапсыздығы мен немқұрайдығының ең айқын көрінісі болып саналады.

Ажырасу істері бойынша адвокат Азиза Мұқашеваның айтуынша, сот ата-ананы алимент төлеуге міндеттей алады, бірақ егер адам кірісін жасырса, бейресми жұмыс істесе, мүлкін туыстарына аударса немесе тұрғылықты жерін өзгертсе, оны өндіріп алу қиынға соғады.

"Формальды түрде шешім бар, іс жүзінде ақша жоқ", - деп адвокат мұндай жағдайларды қысқа қайырды.

Тіпті елден шығуға шектеу қою және әкімшілік шаралар да, егер адамның атына тіркелген активтері болмаса, әрдайым көмектесе бермейді.

Мұқашева алимент төлеуден әдейі жалтарғаны үшін жауапкершілікті күшейту керек деп санайды, бірақ тек жазалау жеткіліксіз - өндіріп алудың тиімдірек жүйесі қажет. Сондай-ақ қоғамда бұл міндеттемелерді орындау мәдениетін қалыптастырған дұрыс болар еді.

"Алимент - бұл бұрынғы жұбайына көрсетілетін көмек емес. Бұл - баланың тамағына, еміне, киіміне және біліміне жұмсалатын ақша. Екі ата-ана да некеде тұрғанына немесе тұрмағанына қарамастан, өз балаларын асырауға міндетті", - деді адвокат.

Оның пікірінше, мұнда құқықтық тақырып мәдени және әлеуметтік мәселемен ұштасады. Алимент баланы асырауға арналған қаржы емес, "бұрынғы әйеліне берілетін ақша" ретінде қабылданғанда, оны төлемеу мәселесі жойылмайды.

Әлеуметтік қолдау баланы біледі, бірақ отбасын білмейді

Әлеуметтанушы Әсем Құсманова ҚҚДИ-ның моноата-аналық туралы зерттеуіне сілтеме жасай отырып, мұндай отбасылардың басты мәселелерінің бірі материалдық-экономикалық қиындықтар екенін атап өтті: ақша тапшылығы, баспана мәселесі, сондай-ақ баланың тұрмысы, оқуы, денсаулығы мен басқа да қажеттіліктеріне бір мезгілде жауап беретін жалғыз ересек адамға түсетін тұрақты жүктеме.

Анықтама: ҚҚДИ - Қазақстандық қоғамдық даму институты. Ол отбасы, жастар, демография, құндылықтар, әлеуметтік көңіл-күй және тағы басқа қоғамдық процестерді зерттейтін ғылыми-талдау орталығы.

Яғни, зерттеушілер моноата-аналық пен экономикалық осалдық арасында тікелей байланыс бар деп есептейді.

Бірақ мұны ресми статистика мен әлеуметтік көмек көрсететін жүйе көріп отыр ма?

Осы сұраққа жауап алу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгіндік.

Ведомство балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары түрлі әлеуметтік тәуекелдер кезінде көмек көрсетуге бағытталғанын хабарлады: бұған бала күтіміне байланысты табысынан айырылу, мүгедектік, асыраушысынан айырылу, жұмыссыздық және басқа да жағдайлар жатады.

Министрлік өз жауабында бұл қандай шаралар екенін тізіп көрсеткен: 

  • бала тууына байланысты берілетін жәрдемақылар;
  • бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім бойынша жәрдемақылар;
  • көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе қамқоршыға төленетін төлемдер;
  • аз қамтылған отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек.

Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 31 063 отбасына тағайындалған, оларда 167 393 алушы бар. Осы отбасылардың 16 916-сы - төрт және одан да көп баласы бар отбасылар. Сондай-ақ республика бойынша көпбалалы отбасы ретінде 631 086 адам, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғаны үшін 117 031 адам жәрдемақы алған.

Алайда бұл деректерде аталған отбасылардың қаншасы моноата-ана екені көрсетілмеген. Ондағы қанша бала тек анасы немесе тек әкесімен бірге өсіп жатыр? Екінші ата-ананың жоқтығынан қанша отбасы дәл осы себепті осал жағдайға тап болды?

Министрлік "толық емес" отбасылар, ата-аналардың мәртебесі және ондағы балалар саны бойынша статистика жүргізбейтінін тікелей айтып отыр. Бұл да көп нәрсені аңғартады. Бір жағынан, жалғыз басты ата-анасы бар отбасы жиі әлеуметтік осал топқа жатады, екінші жағынан - ресми түрде мұндай санатқа кірмейді және тек осы белгісі бойынша (егер ол көпбалалы болмаса немесе мүгедектігі бар баласы болмаса және т.б.) мемлекеттен көмек күте алмайды.

Түйіндей келгенде, Ұлттық статистика бюросы некесіз туған балаларды көреді. Әділет министрлігі әкесі туралы мәлімет көрсетілмеген акт жазбаларын көреді. Оқу-ағарту министрлігі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығысыз қалған балаларды көреді. Құқықтық статистика комитеті алимент бойынша сот істерін көреді. Еңбек министрлігі жәрдемақы мен әлеуметтік көмек алушыларды көреді.

Бірақ бірде-бір ведомство Қазақстанда қанша бала іс жүзінде әкесінің қатысуынсыз өсіп жатқаны туралы сұраққа жауап бермейді.

Өйткені әкесіз бала - бұл тек заңнамалық категория ғана емес:

  • Бұл - құжаттарында әкесі көрсетілмеген бала.
  • Бұл - ажырасқаннан кейін әкесі өмірінен жоқ болып кеткен бала.
  • Бұл - алимент төленбейтін бала.
  • Бұл - әкесі ата-ана құқығынан айырылған бала.
  • Бұл - анасы және әжесімен тұратын, ал әкесі тек туу туралы куәлікте ғана бар бала.

Мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров бұл олқылықты қауіпті деп санайды: оның айтуынша, мемлекет тек формальды әкелікті есептейді, бірақ нақты жағдайды көрмейді.

"Мемлекет баланың туғанын және әкесінің жазылғанын көреді. Болды. Одан әрі - үнсіздік. Ешкім әкесі алимент төлей ме, баласымен кездесе ме, тәрбиесіне қатыса ма деп сұрамайды", - дейді ол.

Толық емес отбасы - жаман деген сөз емес

Қалай болғанда да, біз сөйлескен сарапшылар мәселені "толық отбасы - жақсы, толық емес отбасы - жаман" деген формулаға тіреп қоймауды ұсынады.

Бала мен ата-ана қарым-қатынасы бойынша сарапшы, "Сенімен Болашақ" РҚБ психологы Камила Тоқжұманова әкенің жоқтығы бала үшін автоматты түрде психологиялық жарақатқа айналмайтынын айтады. Ересектердің баланың айналасындағы жағдайды қалай реттейтіні әлдеқайда маңыздырақ.

"Бала үшін қауіпсіздік, тұрақтылық, эмоционалды қолдау, тұрақты жанжалдардың болмауы және болып жатқан жағдайды ұқыпты түсіндіру маңызды. Толық емес отбасыда да, егер жанында эмоционалды түрде қолжетімді және қолдау көрсететін ересектер болса, бала жақсы дами алады", - деді психолог. 

Бірақ бәрінен де қиын болуы мүмкін бір жағдай бар: ол - ата-ананың сирек, бейберекет көрініп, сосын қайта жоқ болып кетуі. Психология тұрғысынан алғанда, ата-ананың қатысуы - тек алиментпен ғана шектелмейді.

"Ересек адам оқтын-оқтын пайда болып, назар аударуға уәде беріп, сосын қайта жоғалып кетсе, балада мазасыз күту, шет қалу сезімі, қарым-қатынасқа деген сенімсіздік және жалғыздықты сезіну қалыптасуы мүмкін", - деп түсіндіреді Тоқжұманова.

Балалар психологы Венера Оқасова мұны бұдан да көрнекті етіп түсіндіреді: бала үшін сыйлықтың құны немесе сирек болатын жарқын кездесулер емес, ересек адамның болжамдылығы мен сенімділігі маңызды. Егер әкесі кездесу белгілесе, уәденің орындалуы маңызды. Егер ата-ана баламен үнемі байланысқа шығып, оның оқуына, достарына, қорқыныштары мен қуаныштарына қызығушылық танытса, балада қауіпсіздік пен өз құндылығын сезіну қасиеті қалыптасады.

"Әртүрлі жаста ата-ананың біреуінің жоқтығы әртүрлі қабылдануы мүмкін. Кішкентай балаларда бұл мазасыздық, қорқыныш және қорғансыздық сезімі арқылы көрініс тапса, мектеп оқушыларында өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, оқудағы, мінез-құлықтағы және ұжымға бейімделудегі қиындықтар арқылы байқалады. Ал жасөспірімдерде бұл өзін-өзі тану қиындықтары, эмоционалды тұрақсыздық, наразылық, агрессия немесе, керісінше, тұйықталу арқылы көрінеді", - дейді Оқасова.

Әкесіз өсіп жатқан балалар туралы айтқанда, қоғам барынша абай болуы керек. Бала әкесінің құжатта жазылу-жазылмауын, ата-анасының бірге тұру-тұрмауын өзі таңдамайды. Әкесінің алимент төлеуі, ертеңгіліктерге келуі, бағаларына қызығушылық танытуы да балаға байланысты емес.

Бұл - ересектердің таңдауы мен жауапкершілігі.

Қазақстанда әкені - отбасының тірегі деп айту қалыптасқан. Бірақ, көріп отырғанымыздай, бұл риторика қазіргі шындыққа көбіне сәйкес келмейді.

Мәселе көптеген баланың "мінсіз" отбасында тұратынында емес. Мәселе - ересек адамның бала өмірінен ғайып болуы мүмкіндігінде және сот, қарыз, дағдарыс немесе интернат мәселесі туындағанша жүйенің мұны байқамайтынында. Сондықтан бұл жеке отбасылық драмадан әлеуметтік мәселеге айналып отыр, оны көру, атау, тіркеу және шешімін табу қажет.

Аударған: Дина Шәріпхан

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 471.99   547.77   6.66 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер