Алматыдағы балағат сөздер айтылған атышулы тренинг депутаттар назарына ілікті

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыдағы балағат сөздер айтылған атышулы тренинг депутаттар назарына ілікті Бейнеден алынған кадр

Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов Алматыда өткен, үзіндісі видеоға түсіріліп, желіде тараған атышулы тренингке қатысты пікір білдірді. Мәжілісмен премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, осындай іс-шараларды ұйымдастырушылар үшін қолданыстағы нормаларды қайта қарауды сұрады, деп хабарлайды Tengri Life.


Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов Алматыда өткен, үзіндісі видеоға түсіріліп, желіде тараған атышулы тренингке қатысты пікір білдірді. Мәжілісмен премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, осындай іс-шараларды ұйымдастырушылар үшін қолданыстағы нормаларды қайта қарауды сұрады, деп хабарлайды Tengri Life.

Мән-жайы

Қазнетте психологиялық тренинг кезінде түсірілген видео тарап, ол қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бейнежазбада жүргізуші әйелге былапыт сөзді бірнеше рет айғайлап айтуды ұсынып, қатысушылардан оны қолдауды сұрайды. Кейін тренингтің басқа қатысушылары да қосылады. Сабақ форматы эмоционалды жеңілдеу мен қордаланған сезімдерді сыртқа шығаруға бағытталған болуы мүмкін.

Тренинг Алматыда өткені белгілі болды. Полиция тексеріс жүргізіп, ұйымдастырушыға 20 АЕК (2025 жылы 86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

"Қауіпті үрдіс"

Нұрсұлтан Байтілесов депутаттық сауалында бұл жағдайды жекелеген эпизод емес, ауқымды әрі қауіпті үрдістің көрінісі деп атап өтті.

"Кейінгі күндері Астанада (Алматыда - ред. еск.) өткен "трансформациялық" деп аталатын тренингтердің бірінен түсірілген видео қоғамда үлкен резонанс тудырды. Онда адамдар тобы психологиялық практика деген желеумен көпшілік алдында балағат сөздер айтқан. Мемлекеттік органдардың мәліметінше, аталған іс-шараны ұйымдастырушы ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді Байтілесов.

Депутат кәсіби психологиялық практикада кейбір жағдайларда "өткір тіркестерді" қолдануға рұқсат етілетінімен келісті. Алайда материалдары кейін миллиондаған аудиторияға, соның ішінде балалар мен жасөспірімдерге таралатын жаппай көпшілік іс-шаралар мүлдем басқа мәселе екенін атап өтті.

"Соның салдарынан, біз балағат сөздер қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастаған, қоғамдық қарым-қатынастағы рұқсат етілген шекаралардың шайылып жатқанын көріп отырмыз. Кейбір әртістер мен блогерлер мұндай мінез-құлық моделін өз субмәдениетінің элементі ретінде қолданып жүр, ал мұндай практикалар біртіндеп оның шеңберінен шығып, кең қоғамдық ортаның бөлігіне айналып келеді", - деп жалғастырды мәжілісмен.

Оның айтуынша, мұндай жағдайларда балағат сөздердің білім беру және ағартушылық сипаттағы іс-шаралар саласына еніп кетуі ерекше алаңдаушылық тудырады. Депутат агрессивті және бейәдеп лексиканың таралуы талғам мәселесінен асып, қоғамның базалық құндылықтарына, соның ішінде көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті мен сөзге деген құрметке нұқсан келтіреді деп санайды.

"Мәжіліс депутаттары сөйлеу мәдениетінің деградациясы мен қоғамда агрессивті лексиканың таралу мәселесін бұған дейін де көтерген болатын. Бүгінде бұл мәселе жүйелі сипатқа ие болып отыр, өйткені интернетте, әлеуметтік желілерде және күнделікті өмірде балалар балағат сөздерді жиі естиді", - деді Байтілесов.

Осыған байланысты депутат үкіметке бірқатар ұсыныс айтты, атап айтқанда:

  • Білім беру немесе ағартушылық ретінде ұсынылатын жаппай тренингтер мен іс-шаралар аясында көпшілік алдында балағат сөздерді қолдану фактілеріне ресми құқықтық және этикалық баға беру.
  • Көпшілікке арналған тренингтерді, семинарлар мен дәрістерді ұйымдастырушылар үшін, соның ішінде кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғауды ескере отырып, нақты этикалық талаптар мен бағдар әзірлеу мүмкіндігін қарастыру.
  • Сөйлеу мәдениетін, сыпайы қарым-қатынас пен "Адал азамат" қағидатын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды, соның ішінде жастар ортасында және әлеуметтік желілерде ілгерілетуді күшейту.

Депутат сөзге деген құрмет, сөйлеу мәдениеті және қоғамдық этика мемлекеттік саясат пен қоғамдық тәрбие жүйесінің ажырамас бөлігі болып қалуы тиіс деген пікір білдірді.

Tengrinews