Қазақстанда азаматтардың цифрлық кеңістіктегі мінез-құлқына бақылау күшейтіліп жатыр. Мемлекеттік органдардың түсіндіруі бойынша, бұған әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату жағдайларының жиілеуі себеп болып отыр. Мұндай мәліметтер қатарында бір қарағанда зиянсыз көрінетін қауесеттерден бастап, қоғамда резонанс тудыруы мүмкін хабарламаларға дейін бар.
Tengrinews.kz тілшісі өз ойын еркін білдіру мен заңбұзушылықтың аражігін ажыратып көрді. Редакция тиісті ведомстволарға сауал жолдап, оқырмандар үшін келеңсіздіктерден аулақ болуға көмектесетін нұсқаулық дайындады.
Анонимділік иллюзиясы
Жақында резонанс тудырған оқиғаны еске түсірейік: Threads әлеуметтік желісінде аноним автор армиядағы жыныстық зорлық-зомбылық туралы шағымданған болатын. Оның айтуынша, оған командирлердің бірі зорлық көрсеткен.
Бұл жазба қоғамда үлкен толқу тудырды. Жүздеген қазақстандық авторға қолдау білдіріп, тіпті оның елден көшіп кетуі үшін ақша аудара бастады. Себебі автор өзін біреулер аңдып жүргенін және өз өмірі үшін қорқатынын жазған еді.
Желі қолданушыларының бірі бұл оқиғаның шынайылығына күмән келтіріп, полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары алдымен жарияланымда көрсетілген банк шотының иесін анықтады – ол 17 жастағы бозбала болып шықты. Кейіннен атышулы мәлімдеменің авторы да табылды.
Ол әскери қызметке еш қатысы жоқ және армияда ешқашан қызмет етпеген 23 жастағы Қазақстан азаматы болып шықты. Көрінеу жалған ақпарат тарату және алаяқтық деректері бойынша қылмыстық істер қозғалып, жазба авторы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Осындай жағдайларға түсініктеме бере отырып, ҚР ІІМ әдетте: интернетте толық анонимділік жоқ екенін ескертеді. Пайдаланушы өз суретін жарияламай, ойдан шығарылған есімдерді немесе никнеймді қолдану арқылы өзін қауіпсіз сезінуі мүмкін. Бірақ заманауи технологиялар жарияланымның көзін анықтауға мүмкіндік береді. Демек, жалған ақпарат жазған автор да, оны таратушы да жауапқа тартылады.
Қандай ақпарат жалған деп саналады?
Заңнамаға сәйкес, мынадай ақпараттар жалған деп танылады:
- шындыққа жанаспайтын;
- деректерді бұрмалайтын;
- оқиғалар, адамдар немесе құбылыстар туралы қате түсінік қалыптастыратын.
"Министрлік интернет кеңістігіне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда платформа иелеріне контентті жою туралы хабарламалар жіберіледі, ал құқық бұзушылық белгілері болса, материалдар құқық қорғау органдарына беріледі", - деп ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі біздің сауалымызға берген жауабында құқыққа қайшы контенттің қалай анықталатынын түсіндірді.
"Ақпарат тарату" деген нені білдіреді?
ІІМ-нің сауалымызға берген жауабына сүйенсек, тарату дегеніміз тек пост жазу ғана емес, сонымен қатар:
- "репост" және "бөлісу" функцияларын пайдалану (тіпті пікірсіз болса да),
- чаттар мен мессенджерлерде хабарламаларды жіберу,
- фото, видео немесе мақалаларды жариялау.
"Ақпаратты тарату деп мәліметтерді басқа тұлғаларға жеткізуге бағытталған кез келген әрекеттер түсініледі, егер бұл үшінші тұлғалардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етсе, соның ішінде жарияланымдар, репосттар, мессенджерлер мен өзге де цифрлық платформаларда хабарламаларды жіберу", - деп келтіреді ІІМ түсіндірмесін.
Бұл жерде түсіну керек, нақты жалған ақпаратты тарату деген не?
Пайдаланушы оған ешқандай пікір жазбаса да немесе ақпараттың "тексерілмегенін" көрсетсе де, бұл оны жауапкершіліктен босатпайды. Біреудің тексерілмеген деректерін бөліссе де солай.
Егер ескіру мерзімі өтпесе және тарату кезінде ақпарат жалған болған болса, ескі жарияланымдар немесе репосттар үшін де жауапқа тартуы мүмкін.
Ақпарат таратуға не жатпайды:
- лайктар мен реакциялар;
- жазбалар астындағы пікірлер (олар дербес айтылған ой ретінде қарастырылады және олар үшін де жауапкершілік туындауы мүмкін).
Барлық қатысушы жауапты болады
Мәдениет және ақпарат министрлігі өз кезегінде мынаны баса айтады: жауапкершілік тек авторға ғана емес, ақпаратты таратқан кез келген адамға жүктеледі. Деректерді тексермей жай ғана жасалған репост жауапқа тартуға негіз болуы мүмкін.
Бұл ретте, егер ақпарат басқа адамдарға жеткізілсе, тіпті жабық чаттардағы хабарламалар да заңбұзушылыққа жатуы мүмкін.
Платформаның қандай болғаны маңызды емес - барлық әлеуметтік желілер мен мессенджерлер үшін бірдей ережелер қолданылады.
Қандай айыппұлдар салынуы мүмкін/
Ішкі істер министрлігі Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын түсіндіреді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте (ҚР ӘҚБтК) 456-2-бап "Жалған ақпаратты орналастыру, тарату, құқыққа қайшы контент" бар. Оның алғашқы екі бөлігі БАҚ-қа, ақпарат иеленушілерге және ашық деректерге арналған.
Қарапайым пайдаланушылар ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылуы мүмкін, ол іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған, бірақ "қоғамдық тәртіпке, азаматтардың, ұйымдардың немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне қауіп төндіретін" жағдайларда қолданылады.
Санкциялар мыналарды қарастырады:
- жеке тұлғалар үшін - 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл. 2026 жылы бұл - 86 500 теңге;
- шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін - 30 АЕК. Биыл бұл - 129 750 теңге;
- орта бизнес үшін - 50 АЕК немесе бүгінде 216 250 теңгеге ;
- ірі бизнес үшін - 100 АЕК, бұл - 432 500 теңге.
Қылмыстық жауапкершілік қашан туындайды?
Егер адам жалған ақпаратты саналы түрде таратса, қылмыстық жауапкершілік туындайды.
Мұндай жағдайда Қазақстан Қылмыстық кодексінің 274-бабы қолданылады. Кейбір жағдайларда бұл бап бойынша да айыппұлдар салынады, бірақ нақты бас бостандығынан айыру мерзімі де тағайындалуы мүмкін.
Сонымен қатар, басқа ақпараттарды таратқаны үшін өзге баптар бойынша да қылмыстық жауапкершілік қарастырылған:
- әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, топтық немесе діни араздықты қоздыру (ҚР ҚК 174-бабы);
- билікті басып алуға немесе ұстап тұруға насихаттау немесе жария түрде шақыру (ҚР ҚК 179-бабы);
- билік өкілдерінің заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртіпсіздікке шақыру немесе жаппай тәртіпсіздікке итермелеу, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетуге шақыру (ҚР ҚК 272-бабы);
- тыйым салынған мәліметтерді, мысалы, мемлекеттік құпияларды немесе экстремистік сипаттағы материалдарды тарату және т.б.
ІІМ мәліметінше: әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік арасындағы шектеу қоғамдық қауіптілік дәрежесіне, салдарына және саралау белгілерінің болуына байланысты.
Қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешім сотқа дейінгі тергеу қорытындысы бойынша істің барлық мән-жайларын ескере отырып қабылданады.
Цифрлық гигиена ережелері
Органдардың назарына ілікпеу үшін интернеттегі мінез-құлықтың негізгі ережелерін сақтау маңызды:
- ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз;
- деректерді бірнеше тәуелсіз дереккөзбен салыстырыңыз;
- жарияланған күніне назар аударыңыз;
- эмоционалды және арандатушылық хабарламаларға сыни тұрғыдан қараңыз;
- күмәнді контентті таратпаңыз;
- жеке деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;
- ерікті қайырымдылық жинау кезінде кірістерді жылыстатуға және құқыққа қайшы қызметті қаржыландыруға іс-қимыл туралы заңнама талаптарын сақтаңыз.
Егер ақпараттың шынайылығына күмән болса, оны таратудан бас тартқан жөн.
Пікір білдіру бостандығы мен заңбұзушылық арасындағы шекара
Сонымен, сөйлеу құқығы қай жерде аяқталып, жауапкершілік қай жерде басталады? Мемлекеттік органдардың жауаптарын түйіндейтін болсақ, ақпарат зиян тигізуі мүмкін жерде.
Мәселен, сын, талқылау немесе жеке пікір білдіру заңбұзушылық емес екенін түсіну маңызды. Сөз бостандығы өткір және нәзік тақырыптар бойынша да өз ойын айту мүмкіндігін қарастыруы тиіс.
Мәселе нақ фактілерге келгенде басталады.
- Біріншіден, фактілер шынайы болуы тиіс. Егер пайдаланушы қандай да бір нәрсені факт ретінде алға тартса, ол оның ақиқаттығына сенімді болуы міндетті.
- Екіншіден, ниеттің маңызы бар. Егер адам саналы түрде жалған ақпаратты таратса - бұл қылмыстық құқық бұзушылық.
- Үшіншіден, пікір мен тұжырымды ажырата білу маңызды. Бағалау пайымдаулары (мысалы, пікір немесе сын) ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін шынайы емес фактілерді тарату деңгейіне өткенге дейін рұқсат етіледі.
Сонымен қатар, заң тек мазмұнды ғана емес, таралу ауқымын да ескереді.
Мемлекеттік органдар ескертеді: цифрлық дәуірде әрбір пайдаланушы медиа кеңістіктің қатысушысына айналады. Бұл интернеттегі кез келген әрекет, жарияланымнан бастап хабарламаны қайта жіберуге дейін кез келген адам үшін құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін дегенді білдіреді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) ақпараттық кеңістікте заңсыз контенттің бар-жоғын тексеру ережелерін әзірлеген болатын.
"Ашық НҚА" порталында бұйрық жобасы жарияланды, оған сәйкес ведомство өз өкілеттігі шеңберінде ашық дереккөздерді: интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, БАҚ-ты және басқа да цифрлық платформаларды бақылайтын болады. Сонымен қатар мониторинг дербес деректер туралы заңнаманы сақтай отырып жүргізілетіні айтылған.
Заңсыз контент анықталған жағдайда ҚМА жағдайға байланысты әрекет етеді: қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар материалдар құқық қорғау органдарына беріледі, ал мұндай белгілер болмаған жағдайда - ықтимал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберіледі. Заңмен немесе сотпен тыйым салынған контент уәкілетті органдар арқылы бұғаттауға бағытталуы мүмкін.
"Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заңға сәйкес мыналар заңсыз контент болып табылады:
конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни,таптық және рулық артықшылыққа, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуға, суицидке, дәстүрлі емес сексуалдық бағдарға, педофилияға, порнографияға, есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, олардың аналогтары мен прекурсорларына шақыру, оларды насихаттау немесе үгіттеу, сепаратизм идеялары, алаяқтық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бұзылуына ықпал ететін ақпарат, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелер, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны ашатын ақпарат және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған өзге де ақпарат.
Тағы оқыңыз:
Әжеңіздің досы - Брэд Питт. Қазақстандықтар ЖИ-алаяқтықтың жаңа түрлерінен қалай қорғана алады?
Дайындаған: Дина Шәріпхан