Қазақстанда жалған нөмір таққан жүргізушілерді түрмеге отырғызу ұсынылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанда жалған нөмір таққан жүргізушілерді түрмеге отырғызу ұсынылды Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін. Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты, - деп хабарлайды Tengri Auto.


Қазақстанда жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін. Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты, - деп хабарлайды Tengri Auto.

Депутат не ұсынды?

Депутаттың айтуынша, жалған нөмірлерді пайдалану мәселесі жаппай сипатқа ие болып, соңы ауыр салдарға соқтырып отыр.

"Бұдан көптеген адам зардап шегіп жатыр, тергеу барысында жол-көлік оқиғасын жасаған тұлғаның жалған мемлекеттік нөмір пайдаланғаны анықталатын жағдайлар өте көп", - деді Базарбек Мәжіліс отырысында.

Ол мұндай деректер тек Алматыда ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де тіркеліп жатқанын атап өтті.

"Ұзақ уақыт бойы көптеген адам, соның ішінде ауқатты жандар мен олардың балалары жалған нөмірлерді пайдаланып келеді. Салдарынан қарапайым азаматтар зардап шегіп, бюджет қомақты қаржыдан айырылып жатыр", - деп қадап айтты депутат.

Неге жазаны қатаңдату ұсынылды?

Базарбектің түсіндіруі бойынша, қолданыстағы заңнама бұл мәселені толық қамтымай отыр.

"Қылмыстық кодекстің жол жүру ережелерін бұзуға қатысты 345–351-баптары бұл қатынастарды реттемейді. Ал 386-бапта тек мемлекеттік нөмірлерді қолдан жасау және өткізу үшін ғана жауапкершілік қарастырылған", - деді ол.

Бұл ретте, депутаттың сөзінше, қазіргі уақытта жалған нөмірлерді пайдалану әкімшілік құқық бұзушылықтарға жатады.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы бойынша тұлғаға 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл не деген сөз? Адам айыппұлды төлейді де құтылады. Ал мұндай жағдайлардың кесірінен адамдар қаза тауып жатыр", - деді мәжілісмен.

Қайталап бұзған жағдайда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған.

"Мүмкін, бұл құқық бұзушылықты әкімшілік саладан қылмыстық салаға ауыстыратын уақыт келген шығар?" - деп сұрақ қойды Бақытжан Базарбек.

ІІМ не дейді?

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов депутат көтерген мәселелерді қолдады.

"Расында да, бұл өзекті мәселе. Көп жағдайда жалған мемлекеттік нөмірлерді күдіктілер пайдакүнемдік-мүліктік құқық бұзушылықтар жасау кезінде пайдаланады", - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай деректер жол-көлік оқиғалары кезінде де кездеседі.

"Жол-көлік оқиғасы кезінде жалған нөмірлерді пайдалану деректері бар. Бүгінде қолдан жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, алайда пайдалану мәселесі қосымша қарауды қажет етеді", - деп түсіндірді Әділов.

Министр орынбасары депутаттың ұсынысы пысықталатынын айтты.

"Сіздің ұсынысыңыз жұмысқа қабылданады. Қылмыстық заңнаманы қайта қарау аясында біз заңгер-ғалымдармен және мемлекеттік органдармен жұмысты бастап кеттік. Тиісті өзгерістер бірлесе отырып пысықталады", - деп толықтырды Санжар Әділов.

TengriAuto