Ақтөбедегі көпқабатты үй ауласында болған ерекше әрі қауіпті жағдай туралы көлік иесі айтты, деп хабарлайды Tengri Auto.
Видео авторының сөзінше, бұған үй терезесінен шағылысқан күн сәулесі себеп болған. Сәуле тұрақта тұрған көлікке түсіп, салдарынан машина тез қыза бастаған.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Ер адамның айтуынша, бір кезде температураның жоғарылағаны соншалық, көліктің кейбір бөлшектері майыса бастаған. Өртке дейін жетпеді - жүргізуші көлікті дер кезінде көлеңке бар жерге ауыстырып қойған.
Көрнекілік үшін ол сынақ жасап көрді: шағылысқан сәуле түсіп тұрған жерге орындық бас тіреуішінің қаптамасын қойды. Біраз уақыттан кейін одан түтін шыға бастаған.
Мұндай жағдайлар бұған дейін басқа елдерде де болды. Мысалы, Лондондағы Walkie Talkie деген атпен белгілі 20 Fenchurch Street зәулім ғимараты күн сәулесін шағылыстырғаны соншалық, тұрақта тұрған көліктердің бөлшектері еріп, тіпті ғимараттардың қасбеті зақымдалған.
Ұқсас оқиға АҚШ-та да тіркелген - Лас-Вегас пен Далласта ғимараттардың әйнек қасбеттері күн линзасы әсерін тудырып, нысандарды қауіпті температураға дейін қыздырған.