“Салонда тұрған клиенттердің көлігін сатқан“: Таразда менеджер 334 миллион теңгені қолды қылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Салонда тұрған клиенттердің көлігін сатқан“: Таразда менеджер 334 миллион теңгені қолды қылды Сурет:depositphotos.com

Тараздағы автосалонның топ-менеджері компания мен клиенттерге тиесілі 334 миллион теңгені иемденіп алған, - деп хабарлайды Tengri Auto Бас прокуратураға сілтеме жасап.


Тараздағы автосалонның топ-менеджері компания мен клиенттерге тиесілі 334 миллион теңгені иемденіп алған, - деп хабарлайды Tengri Auto Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Не болды?

Бас прокуратура мәліметінше, автосалонда сату бөлімінің басшысы қызметін атқарған Тараздың 25 жастағы тұрғыны клиентке құны 90 миллион теңге тұратын жол талғамайтын көлігін жаңа автокөлікке айырбастап беруге уәде берген.

Алайда уәде етілген айырбастың орнына ол клиенттің көлігін сатып жіберіп, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Оның орнына басшылықтың келісімінсіз клиентке салоннан құны 83 миллион теңге тұратын жаңа көлік берген.

Сонымен қатар, ол автосалонға сату үшін қалдырылған құны 68 және 34 миллион теңгелік жол талғамайтын көліктерді сатып, түскен табысты иемденіп кеткен. Сондай-ақ салонға тиесілі жаңа Toyota Land Cruiser көлігін 59 миллион теңгеге, яғни төмендетілген бағамен сатып жіберген.

Сот шешімі

Сот менеджерді аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны және сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алғаны үшін кінәлі деп таныды. Оның жасы мен кінәсін ішінара мойындағаны ескеріліп, оған 5 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, ал негізінде бұл бап бойынша ең төменгі жаза мерзімі 7 жыл болады.

Кейінірек прокурордың наразылығы бойынша кассациялық сот істі қайта қарап, жазаны 8 жылға дейін ұзартты. Өйткені келтірілген шығын сол күйі өтелмеген.

Естеріңізге сала кетейік, автосалоннан көлік сатып алғанда барлық құжаттарды мұқият тексеріп, мөрлерді салыстырып, ақшаның компания шотына нақты түскеніне жеке көз жеткізу маңызды.

TengriAuto