Алматы қаласы бойынша кедендік бақылау департаменті Қырғызстаннан әкелінген оң рульді көліктерді қосалқы бөлшектер ретінде сатуды ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қаласы бойынша кедендік бақылау департаменті Қырғызстаннан әкелінген оң рульді көліктерді қосалқы бөлшектер ретінде сатуды ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Еліміздің заңы бойынша Қырғызстаннан әкелінген оң рульді көліктер полицияның есебіне алынбайды, оны басқаруға да рұқсат етілмейді. Департамент бастығының орынбасары Игорь Тен азаматтарға мұндай жағдайда көлікті елде бөлшектеп сатуға немесе басқа республикалардың аумағына апарып сатуға кеңес береді.
Қырғызстаннан көрші ел азаматтары мініп әкелетін көліктердің ел аумағына кіруіне бір жылдан аспайтын мерзімге рұқсат беріледі. Бірақ мұндай жағдайда кедендік баж төленгеннен кейін ғана автокөлікті басқа тұлғаның пайдалануына немесе жүргізуіне беруге болады. "Ұсталған автокөліктердің көбі шекараны заңды негізде кесіп өткен. Бірақ оларды автокөлікті басқа тұлғаларға кедендік төлем төлеусіз сатуға құқығы жоқ Қырғызстан азаматтары алып келген", - дейді Тен.
Қырғызстан автокөліктерін Қазақстанның немесе Кеден одағының өзге елдерінің азаматтары алты айдан аспайтын мерзімге әкеле алады. Алайда олар кедендік төлемдерді төлеуі тиіс. "Қазір заңды бұзғандар үшін жағдайдан шығудың жолы - кедендік төлемдерді төлеу. Оны автокөлікті пайдаланып жүргендер немесе көліктерді Қазақстанға әкелген қырғызстандықтар төлеуі керек", - дейді спикер. Бұлай болмаған жағдайда іс сотта қаралып, көліктің тәркіленуі де мүмкін.
Ал заңсыз әкелінген көліктерді келген жағына қайтару мәселесі қаралып отырған жоқ. "Аталған кедендік төлемдер мен салық төленбейінше депортация мәселесі туралы ешқандай сөз қозғалмайды", - дейді департаменттің контрабандамен күрес жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары Болатқан Рахымов.
Департамент мамандары "Қырғызстан Кеден одағына қосылғаннан кейін әлгі автокөліктерді қудалау мәселесі басылады" деген пікірге сенбеу керектігін ескертті. "Олар көлікті әкелген кезде елде болу уақытын бір жылдан асырмауға міндеттеме алды, егер мерзім аяқталса, олар кеден ережелерін бұзушылар болып шыға келеді. Қырғызстан Кеден одағына кіре ме, жоқ па - олар кеден төлемін өтеуі тиіс. Сондықтан олардың мерзімді бұзбай, көліктерді кері қарай шығарғаны жөн", - дейді Игорь Тен.
Айта кетейік, биыл Алматыда қырғызстандық нөмірі бар 215 бар автокөлік ұсталған болатын. 130 автокөліктің иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды.