12 маусым 2019 23:01

Massaget.kz порталында "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқау өтіп жатыр

ПОДЕЛИТЬСЯ

Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. 


Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. 

Назарларыңызға байқау қатысушылары мен олардың шығармаларынан үзінді ұсынамыз.

"Жетісуым жұмақ мекен"

Ерден Нұрахмет Алматы облысы Ақсу ауданы Қарашілік ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде филология факультетінің 2-курс студенті. Ол байқауға "Жетісуым жұмақ мекен" атты шығармасын ұсынды.

"Алматыны Қонаевтың қолтаңбасы десек те болады. Қазіргі таңда жайқалып тұрған мәуелі бақ, аспанмен таласқан ғимараттар, сымдай түзу көшелер барлығы да аты аталған тұлғаның ерен еңбегінің арқасы. Бір кездері Қазақстанның орталық астанасы болған қала бұл күні рухани әрі мәдени астанамызға айналды. Көз тартар сұлулығы барлығында өзіне еріксіз баурап алады. Қонақ келсе қуанғаннан күтіп алатын екі бірдей вокзалы мен әуежайы бар. Алматының бұл күнгі келбеті мен айтпасамда барлығына белгілі екені анық. "Осы сиқыр қалада өскеніңмен, Таңданасын туристей кеше келген" деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай қаладан алған әсерлері мен таңданыстарын жеткізуге сөз таба алмай жүргендер қаншама?!...

...Менің туған жерім – Жетісу өлкесі тек сұлулығы және тарихымен ғана емес, елді-мекен атауларының шығу тарихы жағынан да барлығын қызықтырғаны анық. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа тарап, жетіп келген түрлі атаулар талай өмірдің қарт шежіресіндей. Кең байтақ даламызда жер жәннәті атанып кеткен Жетісу өлкесінің топонимикасы тұнып тұрған тарих", - деп жазады ол өз шығармасында.

Ерден Нұрахметтің шығармасының толық нұсқасын Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.

"Жаным таулы-тасты жерге құмар"

Байқаудың тағы бір қатысушысы - Нұргүл Жұмабаева. Ол 1993 жылы 28 қаңтарда Ақмола облысы, Көкшетау қаласында өмірге келген. Шоқан Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, филология факультетінің түлегі.

Ол өз эссесінде туған жері Көкшетау туралы жазған.

«Кейбіреулері "сенің қалаң кішкентай, ол жерде қызығатын ешнәрсе жоқ" дейді. Бірақ, біздің төңіректе әдемі табиғи жерлер өте көп: Зеренді, Орманды бұлақ, Бурабай, Имантау, Арықбалық, Шалқар, Қошқарбай таулары және т.б. Менің туған өлкемнің айналасы тұнып тұрған жап-жасыл пейзаж ғой. "Тау баласы тауға қарап өседі..." демекші, басқа қаладан келген таныстарымнан "туған еліңде тау бар ма?" деп сұраймын. Неге екенін білмеймін, жаным таулы-тасты жерге құмар...

...Таксиге отырып, Астанадан шыққан бетте бірінші Шортанды, одан кейін Ақкөл, Біржан сал, Бұланды аудандары, кейін Бурабайға жақындай бастаймыз. Осы жерден бастап қайталанбас сурет басталады... Өз туған жеріме жақындаған сайын "табиғаттың осындай сұлулығын жаратқан Алланың құдіретінде шек жоқ" деп іштей мақтанып қоямын. Солай Көкшетауыма да жетіп қаламын. Қалаға кірген кезде ішім бір түрлі жылып қоя береді... Міне, мен мектепке барған жол. Ал, анау колледж бен университетке апаратын көшелер. Мына саябақта құрбыларыммен балмұздақ жеп, қыдырғанбыз. Ал мына жермен марқұм апам (әжем) екеуміз серуендеген едік. Сол көше, сол үйлер, сол жолдар...Ал менің көз алдымда фотопленка тәріздес кішігірім сюжеттер жүріп жатыр. Тіпті қаламның ауасы да ерекше, өкпемді толтырып дем алатындай таза сияқты. Адамдары да сондай ыстық көрінеді", - деп жазады ол.

Эссенің толық нұсқасы Massaget.kz сайтында.

"Отан ішіндегі Отан"

Ал тағы бір қатысушы Қуат Ежембек өз шығармасын "Отан ішіндегі Отан" деп атаған. Қуат 1990 жылы ШҚО, Үшкөмей ауылында дүниеге келген. 2008-2011 жылы Семей қаласының М. Төлебаев атындағы музыкалық колледжінің "Бұқаралық театрландырылған қойылымдардың режиссері" мамандығын тәмамдады. 2011-2015 жылы Елордадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің "Театртану" мамандығын үздік бітірген. Қазіргі таңда Елорда филармониясы мен Қуыршақ театрында қызмет етеді.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын мен Отан ішінен Отан тіктім. Ол Отан күн санап менің сарқылмас қазынама, қымбат байлығыма айналып келеді. Оның ішінде береке бар, ырыс бар, құт бар. Бастысы татулық бар. Әлгі татулықты тудай биік ұстау үшін не керек? Менің ойым, бірінші сабыр керек. Сабыр жоқта ашу алқымыныңнан алады. Ашу барда ақыл жоқ. Ақыл жоқта нақыл жоқ. Екінші түсіністік керек. Иә, менің кішкентай ғана Отанымның шаңырағы шайқалмасы үшін сол бір адами қасиет әбден қажет. Бір-біріңді түсінбей, тіпті түсінуге тырыспай итше таласып жатсаң, сенің шалыс басар шағыңды аңдыған әркім болсын аяғыңнан шалып қалатыны сөзсіз емес пе?! Үшінші Отанымның болашағын болжау, жоспарлау керек-ті. Жүйелі іс жөн болар, жүйесіз қарекет не болар?..

... Айналайын менің кішкентай Отаным сенің тірі жүруің, өмір сүруің, шаттануың, жылауың, жығылуың, құлауың бәрі де Үлкен Отаннан. Үлкен Отансыз кішкентай Отанның күні бар ма? Күні жоқ? Мұңы бар ма? Олда жоқ! Үлкен Отансыз кішкентай ғана Отан кімнен пана сұрайды? Кімге мұңын шағады?", - деп жазады Қуат Ежембек.

Эссенің толық нұсқасы Massaget.kz сайтында.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети