17 наурыз 2022 | 15:39

"Ханзада Жумонг" қайда жүр? Сон Иль Кукпен сұхбат

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сон Иль Кук, Оңтүстік Корея актері Сон Иль Кук, Оңтүстік Корея актері

Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан теленарығына алғашқы тарихи дорама "Ханзада Жумонг" келді. Tengrinews.kz тілшісі сериалдағы басты рольде ойнаған Оңтүстік Кореяның танымал актері Сон Иль Кукпен сұхбаттасты. 


Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан теленарығына алғашқы тарихи дорама "Ханзада Жумонг" келді. Tengrinews.kz тілшісі сериалдағы басты рольде ойнаған Оңтүстік Кореяның танымал актері Сон Иль Кукпен сұхбаттасты. 

Сон Иль Кук кейінгі 4 жылда қайда болғанын айтып, жақында шығатын кітабына анонс жасады. 

"Иә, кино әлемінен біраз уақыт жырақта жүріп қалғаным рас. Бұған дейін көптеген сериал мен киноға түстім. Оған тележүргізушілікті де қосыңыз. Кішігірім тайм-аут алып, көптен бері ойда жүрген жоспарды жүзеге асыратын уақыт та келді деп ойлаймын. Әке атанғаннан кейін өмірге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Мұны бір емес, бірнеше рет те айтып келемін. Кейінгі жылдары отбасыммен бірге Еуропаның бірнеше елінде тұрып көрдім. Жасыратыны жоқ, ой-өрісіміз кеңейді, өз-өзімізді жаңа қырынан таныдық. Осыған байланысты үшеміміз Дэ Хан, Мин Гук және Ман Сэ туралы "Корейлердің Еуропадағы саяхаты" атты кітап жазып жатырмын. Бұл да бір үлкен еңбек. Оның үстіне, менің жазушы емес екенімді ескерсеңіздер, жұмыстың әділ бағасын бере аласыздар. Айтпақшы, Қазақстанда болған кездерімде ұлдарым әлі дүниеге келмеген еді, сондықтан ренжімеңіздер", - деп әзілдеп бастады әңгімесін актер.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от 1958 (@songilkook)

Корей актері Қазақстанға сапарын еске алып, елордада өзін қалай күтіп алғанын суреттеп берді. 

"Кез келген мемлекеттің бір ерекшелігі болады. Бұл заңды құбылыс шығар. Қазақстанды бұрыннан-ақ бейбітсүйгіш ел ретінде танитынмын. Оған қоса, Пусан мен Сеулде аз қазақтар тұрмайды, ең қызығы, олардың басым бөлігі университеттерде оқиды. Кезінде бірнеше қазақпен оқу орындарында танысқан болатынмын. Егер Қазақстан өз жастарын шетелде оқыту үшін жағдай жасаса, бұл шынымен де, үлгі тұтарлықтай екен. Әрине, бір-екі адам арқылы тұтастай елге баға беруге болмайды. Алайда менің баға беретіндей жөнім бар.

Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда Оңтүстік Корея жылы атап өтілді. Сол кезде отандық делегацияның қатарында болып, қазіргі Нұр-Сұлтандағы іс-шараға қатысқан едім. Сол кезде дәл мені қазақстандықтар аттай қалап, арнайы шақыртқан екен. Шынымды айтсам, мені Қазақстанда осыншалық құрметтейтінін білмеппін. Қолтаңба алуға келген әрбірінің көзінен от көрдім, тек от емес, ерекше махаббат пен сүйіспеншілік болды. Әртіс үшін бұл ерекше сезім. Әдетте, 15 минуттан арыға бармайтын автограф тарату 4 сағатқа созылды. Концерт залына жиналған халықтың санында шек болмады. Басқа шетелде мұндай қошеметке  бөленген емеспін. Сондай-ақ, 2008 жылы да Алматыда болған едім. Ол кезде де қазақстандықтар ыстық ықылас танытқан еді. Мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстандағы киносүйер қауымға алғыс айтқым келеді", - дейді ол. 

Оның айтуынша, "Ханзада Жумонг" сериалының арқасында тарихи дорамалар өзінің өміршеңдігін көрсетті. 

"Бұл сериалдағы роль арқылы тек Қазақстанда емес, басқа да көптеген елде кеңінен таныла бастадым. Оның үстіне, "Ханзада Жумонгтың" арқасында атақты MBC Drama Awards премиясын жеңіп алдым. Атап өту керек, бұл мансабымдағы тұңғыш ірі жүлде болды. Қазір есіме алсам, күлкім келетін естелік бар. Кезінде дәл осы рольден бас тартып, алай-дүлей болғаным бар. Неге екенін білмеймін, өзімді батыр Жумонгтың ролінде сезе алмадым. Дегенмен, мұның барлығы 1-2 күндік ойлар еді. Бүгінде осы сериалға түскенім үшін өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Неге десеңіз, мен өз елімнің ащы тарихы тура суреттелген шығармаға атсалыстым. Егер білетін болсаңыздар, "Корея" сөзінің түбірінде "Когуре" атауы жатыр, Жумонг батыр құрған Когуре елі. Негізі корейліктердің басынан өтпеген қиыншылық жоқ, жолы ауыр болды. Біздің сериал өскелең ұрпаққа осыны жеткізе алды. "Ханзада Жумонгтан" кейін көптеген жас және белсенді кітап дүкендерінен тарихи туындыларды сатып ала бастады, сонымен қатар, тарихи дорамаларға да сұраныс едәуір артты. Әрине, біз үшін бұл үлкен құрмет", - дейді Сон Иль Кук.

Сонымен қатар, актер кадр сыртындағы қызықтарға да тоқталып, тарихи дорама түсірудің ерекшелігін атап өтті.

"Сериалдың түсірілім жұмыстары өте мазмұнды әрі қызық өтті. Хан сарайындағы кадрлардың барлығы Нанчу қаласындағы Самханчжи саябағында түсірілді. Ең қызығы, бұл орталық "Ханзада Жумонг" үшін арнайы соғылған еді. Сериалда әр хандықтың, тіпті, тайпалардың ордасы бөлек көрсетіледі және олар бір-біріне ұқсамайды. Ал шын мәнінде, оның барлығы бір локацияда түсірілген. Кейде өзіміз де бір сарайдың ішінде жүргенімізді аңғармай қалатынбыз. Тағы бір қызық жайт есіме түсіп отыр. Егер сериалды көрген болсаңыздар, көптеген бөлімде мен болат сауыт кидім. Шынымды айтсам, сол костюдер өте ыңғайсыз әрі ауыр болды. Кейде пысынап та кететінбіз. Айтпақшы, сериалда Жумонг сұр мерген, бірақ маған садақты қолға үйрету оңай болмады. Бірде атқан оғым дұрыс ұшпай, продюсердің көлігін тесіп жіберген едім. Осы бір оқиға есімнен кетпейді", - дейді шетелдік актер.

Сон Иль Кук ұсыныс түссе, алдағы уақытта тағы да тарихи сериалға түсуге дайын екенін айтты. 

"Актер өзін жан-жақты аша білуі керек. Бүгінге дейін түрлі жанрдағы туындыда ойнадым. Десе де, тарихи дорамалардың жөні бөлек. "Құйынды мекен" сериалында Жумонг ханның немересі болып та ойнаған едім. Шынымды айтайын, бір минут та осы рөлдерден жалыққан емеспін. Әдетте, түсірілім кезінде екі ойлы болып қалатын кездер болады. Оның үстіне, корейліктердің тарихи дорамаларына шетелде де сұраныс көп. Ал біздің әлі түсіретін тақырыбымыз көп, себебі тарихымыз тұлға мен оқиғаға бай. Тіпті, Жумонг ханның өмірбаянын 20 пайызға да толық түсірген жоқпыз. Сондықтан бұл жанр әлі де өзекті. Ұзақ үзілістен кейін дорама әлеміне қайта оралатын сәт келген сияқты", - деді ол.

Сон Иль Кук ұлдарымен. Фото: Yesasia.ru 

Әңгіме соңында актер өзінің мансабына қатысты қауесетті жоққа шығарып, шығармашылық жоспарын бөлісті.

"Мен шығармашылықтан бас тартқан жоқпын. Мен өнер арқылы ғана ауа жұта аламын, сондықтан жалған ақпаратқа иланбауға шақырамын. Кейінгі уақытта "Мен деген сен" қойылымына қатысып жүрмін. Одан бөлек, мюзикл жанрындағы еңбегімді де тоқтатқан жоқпын. Болашақта басты рольдегі жағымсыз кейіпкерді сомдағым келеді. Бұл бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр", - деп сөзін аяқтады Сон Иль Кук. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 486.86   530.42   5.05 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети