Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Оқы

Үнемі жеңдім десең қателесесің

Тақырыбындағы сұхбат ✅ Үнемі жеңдім десең қателесесің ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында маңызды сұхбаттар мен өзекті тақырыптағы конференцияларды оқыңыз.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Қате таптыңыз ба?

Биыл көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұлағатты ұстаз, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Халықаралық фестивальдердің бірнеше мәрте жүлдегері, "Отан" орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Театрлар Ассоциациясының төрағасы, ұлттық сахна өнерінің өркендеуіне мол тәжірибесі, абырой-беделімен елеулі үлес қосқан Асанәлі Әшімов 80 жасқа толып отыр. Мерейтойы қарсаңында тірісінде қазақ өнерінің аңызына айналған тұлғадан сұхбат алған едік.

TENGRINEWS:

Асанәлі аға, балалық шағыңыздан қалған естеліктеріңізбен бөліссеңіз... Қандай сюжеттер есіңізде ерекше сақталып қалды?

Асанәлі Әшімов

Балалық шағым сонау соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Қырқыншы жылдары ел жағдайы қиын кезеңде еді. Колхоздастыру кезі, соғыстың зардабы бәрімізге әсер етті ғой. Тапқан таянғанымыздың бәрі соғысқа аттандырылды. Әкеміз - соғыста. Барлығын сол кісілерге жіберіп жатырмыз деп түсіндік. Біз қара су, қара нанмен күн көрдік. Бала болсақ та соған көндік.  Осы қиын кезеңде оқыдық, білім алдық.  Ештеңеге қарамастан, тәртіп қатал болды. Қазір күн қатты суып кетсе, балаларды сабағына жібермейміз ғой. Ол кезде дауыл тұрса да баратынбыз. Мұғалімдеріміздің білімі жоғары болмады. Мектеп бітірген балалар, соғыстан келген кісілер неміс тілінен сабақ берді. Оның бір жақсысы, тәртіп мықты болды. Адамға ең бірінші тәртіп керек. Тәртібі жақсы кісі, түбінде бір жерден шығады.

TENGRINEWS:

Өз ғұмырыңызда көптеген тұлғалармен, ұлылармен әріптес болдыңыз, көзін көрдіңіз. Ол кісілерден не үйрендіңіз?

Асанәлі Әшімов

Қаллекилер, Шәкеңдер, Сәбира Майқановалар - біздің мектебіміз. Өнер институтынан алғанымыз бір бөлек, ал  негізгі білімді, актерлік өнердің қыр-сырын осы кісілерден үйрендік. Олардың тәртібі мықты еді. Өтірік айтуды білмейтін. Өнерге адал, кәсібіне жауапкершілікпен қарап, құрмет тұтатын азаматтардан үлгі-өнеге алуға тырыстық. Осы кісілермен бірге жүрдік, бірге сахнаға шықтық, дастархандас болдық. Менің бақытым - осы. Тұлғалық деңгейге көтерілген осындай адамдардың тәрбиесін алғанның да әсері, өзім үнемі театр жастарына спектакль біткеннен кейін жиналып, қойылым қалай болды, кім қалай ойнады деген сауалдарды бір-біріңе қойып, талқылап, кеңесіп отырыңдар дегенді жиі айтып отырамын. Әркімнің жан-жаққа тартқанынан ештеңе шықпайды. Бірігіп жасаған дүние жемісті болады деп есептеймін. Бар білгенімізбен қолымыздан келгенше бөлісіп отыруға тырысамыз.

TENGRINEWS:

"Ұрпақ - өмір жалғасы" дейді. Бала Асанәліден не күтесіз?

Асанәлі Әшімов

Тек жақсылық күтеміз. Мектепте болсын, үйде болсын жан-жақты, білімді, тәртіпті болуға тәрбиелейміз. Жақсы жігіт болып өссе екен деп армандаймын. Бала деген жан-жүрегің ғой, осы жүрегімді ауыртпай, қуантып отырса екен дейміз. Бұл да бір арманымның түрі.

TENGRINEWS:

Сіздің шахматты жақсы ойнайтыныңызды білеміз. Шахмат - өмір тақтасы ғой. Неден ұттыңыз, неден ұтылдыңыз?

Асанәлі Әшімов

Үнемі жеңдім десең қателесесің. Әр жеңілістен қорытынды шығарып, еңбек ету жеңіске әкеледі. Әр жеңіліс - жеңіске бастайды. Шахмат деген - стратегия. Бұл актерге мизансцена. Бұл жерде жүрістер бір-біріне ұқсамайды.

TENGRINEWS:

Алдағы 80 жылдық мерейтойыңызбен сізді барлығы құттықтайды, құттықтап та жатыр. Сіздің халыққа деген тілегіңіз?

Асанәлі Әшімов

Менің өмірім, барым халықтың көз алдында. Халыққа алғыстан басқа айтарым жоқ. Барлығыңызға рақмет!




Join Telegram