1. Басты
  2. Біл
  3. Оқиға
  4. Қылмыс

Ақтөбеде QNET компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды30 қыркүйек 2020, 12:16

Видеодан алынған кадр Видеодан алынған кадр

Ақтөбеде қаржы пирамидасын құру және басқару дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті QNET компаниясына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабының 1-бөлігі негізінде қылмыстық істі тергеп жатыр.

"Компанияның тіркеуді тәуелсіз өкіл ретінде сағаттар, алқалар, сақиналар және т.б. түріндегі зергерлік бұйымдарды, сондай-ақ шетелге тегін саяхат сапарлары мен құны шамамен 2000 доллар тұратын басқа да тұрмыстық тауарларды сатып алу арқылы ұсынатыны анықталды.

Пайда табу үшін клиентке өзімен бірге 2 жаңа адамды алып келу ұсынылады. Олар жоғарыда аталған өнімдерді сатып алуы қажет, бұл жағдайда Компания оларға аптасына 1000 доллар көлемінде пайда табуға уәде етеді. QNET компаниясы сонымен бірге жаңа клиенттерді тарту мақсатында әлеуметтік желілерде, интернет-ресурстарда белсенді жарнама жүргізеді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жаңа клиенттерді тарту, адамдарды манипуляциялау және оларды ақша қаражаттарын салуға сендіру тәсілдерін үйрету үшін тәуелсіз өкілдермен үнемі тренингтер өткізетіні белгілі болды.

Комитет мәліметінше, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!