Қазақстан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша Numbeo денсаулық сақтау деңгейі рейтингінде әлемнің 100 елі арасында 60-орынға үшінші жыл қатарынан тұрақтап тұр, - деп хабарлайды TengriHealth.
Рейтинг нені көрсетеді?
Health Care Index - бұл әртүрлі елдер мен қала тұрғындарының денсаулық сақтау жүйесінің сапасына берген бағасын көрсететін халықаралық көрсеткіш. Яғни, индекс ресми медициналық немесе мемлекеттік статистика негізінде емес, краудсорсинг әдісімен - пайдаланушылардың пікірлері мен бағалаулары негізінде қалыптасады.
Есептеу кезінде бірнеше фактор ескеріледі:
- медициналық қызмет көрсету сапасы;
- дәрігерлер мен медициналық персоналдың кәсібилігі;
- медициналық мекемелердің жабдықталуы;
- медициналық көмек алу жылдамдығы;
- емдеудің қолжетімділігі;
- медициналық қызметтердің құны;
- пациенттердің денсаулық сақтау жүйесіне көңілі толуы.
Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, тұрғындар денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын соғұрлым жақсы бағалайды.
Қолданылатын шкалаға сәйкес:
- 80-нен 100 балға дейін - денсаулық сақтаудың өте жоғары деңгейі;
- 70-тен 80 балға дейін - жоғары;
- 60-тан 70 балға дейін - жақсы;
- 50-ден 60 балға дейін - орташа;
- 50 балдан төмен - төмен.
Осылайша, еліміз денсаулық сақтау деңгейі жақсы мемлекеттер санатына жатады.
ЕАЭО елдері арасындағы Қазақстанның жағдайы
Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орында тұр.
ЕАЭО елдерінің рейтингтегі орындары келесідей бөлінді:
- Ресей - 57-орын, индекс 61,6;
- Қазақстан - 60-орын, индекс 60,7;
- Армения - 61-орын, индекс 59,5;
- Беларусь - 90-орын, индекс 49,6.
Қазақстанның позициясы қалай өзгерді?
Қазақстан 2024 жылдан бері рейтингте 60-орынды сақтап келеді.
2023 жылы еліміз 94 мемлекеттің ішінде 58-орында болған. Ол кезде денсаулық сақтау индексі 59,9 балл болған еді.
Ұқсас көрсеткіштер алдыңғы жылдары да тіркелген:
- 2022 жылы - 95 елдің ішінде 58-орын, индекс 60,0;
- 2021 жылы - 93 елдің ішінде 58-орын, индекс 60,1.
Соңғы 14 жылдағы ең төмен нәтижені Қазақстан коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде көрсетті. 2020 жылы еліміз 93 мемлекеттің ішінде 86-орынға түсіп, индекс 50,7 балл болды.
Қарастырылып отырған бүкіл кезеңдегі ең үздік нәтиже 2014 жылы тіркелді. Ол кезде Қазақстан 82 елдің арасында 48-орынға ие болып, 62,2 балл жинаған еді.
Көшбасшылар қатарына кімдер енді?
Рейтингте 87,1 балл көрсеткішімен Тайвань бірінші орынды иеленді.
Сондай-ақ үздік үштікке мына елдер кірді:
- Оңтүстік Корея - 82,9 балл;
- Нидерланды - 81,5 балл.
Ең төмен көрсеткіштер мына елдерде тіркелді:
- Бангладеш - 42,0 балл;
- Венесуэла - 39,9 балл;
- Сирия - 35,4 балл.
Бұған дейін Қазақстанда медициналық көмекке жүгінбей, өз бетінше емделетін азаматтардың үлесі артқаны туралы жазған болатынбыз. Себептердің қатарында олар емханалардағы кезек пен "жазылып кетеді" деген сенімді атайды.