Алматы қалалық ІІД басшысы Серік Күдебаев Денис Теннің өлімінен кейін қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздікпен қамтамасыз ету жөнінде өткен қоғамдық тыңдалымға келмеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі
Алматы қалалық ІІД басшысы Серік Күдебаев Денис Теннің өлімінен кейін қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздікпен қамтамасыз ету жөнінде өткен қоғамдық тыңдалымға келмеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі
Қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, ІІД басшысына отырыс жайлы жұма күні хабарланып қойған. Бірақ сол күні-ақ оның отырысқа қатыса алмайтыны белгілі болған еді.
"Ол іссапарда болды. Іссапардан келді ме, жоқ па - әлі білмеймін. Күдебаевқа шақырту бердік. Жұма күні ол болған жоқ. Іссапарда екенін айтты", - деді Алматы қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов.
Отырыста ІІД басшысы орнына оның орынбасары Ғазиз Нұрқаев сөз сөйледі. ІІД басшысының орынбасары өз сөзінде жыл сайын ұрлық деректерінің азайып жатқанын және қасақана жасалған қылмыстарға қатысты жазаны қатаңдату қажет екенін айтып өтті.
"Бұл менің жеке ойым, бізде заңнама бар. Менің ойымша, қасақана жасалған қылмыс үшін тағайындалатын жазаны қатаңдату қажет. Әсіресе, бірнеше рет ұрлық жасаған адамдарған. Бірақ, өкінішке қарай, жаңа заңнамада бізде ол туралы айтылмайды", - деді Серік Күдебаевтің орынбасары Ғазиз Нұрқаев.
Сондай-ақ, Нұрқаев полицейлердің ұрланған қосалқы бөлшектерді тексеру үшін базарларда немесе сауда орталықтарында тексеріс жүргізуге құқығы жоқ екенін айтып өтті.
Еске сала кетейік, 19 шілдеде Алматыда екі адам Денис Тенді пышақтап кеткен болатын. Оқиға шамамен 15.00-де Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. Кейін қалалық ІІД өкілдері Денис Тенге автоұрылар шабуыл жасағанын мәлімдеді. Сөйтсек, спортшы ұрылардың үстінен түскен болып шықты. Жанжал кезінде спортшының аяғына пышақ тиіп, көп қан жоғалтқан. Ол ауруханада көз жұмды.
Денисті өлтірді деген күдікпен екі жігіт ұсталды. Олар: Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов. Екеуі де қылмысты мойындады және оқиға кезінде Денис Тен екенін білмегендерін айтты.
Денис Теннің өлімі ұлттық трагедия болды. Әлемнің әр бұрышынан адамдар хабарласып, спортшының отбасына көңіл айтып жатыр. Кеше, 21 шілдеде Алматы мен Астанада спортшымен қоштасу рәсімі өтті.