Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова Алматыдағы орталық қалалық аурухананың бас дәрігеріне қатысты істің мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Ұлттық бюроның Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілдері қалалық № 12 аурухананың бас дәрігерінің пара алғанын анықтады. Ол жеке кәсіпкерден оның аурухана ғимараты маңында кәсіпкерлікпен айналысуына кедергі келтірмеуі үшін 200 мың теңге көлемінде жүйелі түрде пара алған", - деді Бастарова Астанада өткен брифинг барысында.
Сондай-ақ, оның айтуынша, бас дәрігер ЖШС өкілінен 340 мың теңге мен 1 950 доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, мұның алдында Алматыда орталық қалалық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Тұрдалиннің қамауға алынғаны хабарланған болатын. "Қамауда ұстау мерзімі 2019 жылдың 13 наурызынан бастап есептеледі. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі бойынша (Пара алу") қылмыс жасады деген күдікке ілінді", - деп хабарлаған еді қалалық соттың өкілдері.