"Артем" базарының маңында болған оқиға туралы Facebook әлеуметтік желісі арқылы жалған ақпарат таратқан Құнанбай Тілеуовтің бас бостандығына екі жарым жылға шектеу қойылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Артем" базарының маңында болған оқиға туралы Facebook әлеуметтік желісі арқылы жалған ақпарат таратқан Құнанбай Тілеуовтің бас бостандығына екі жарым жылға шектеу қойылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айта кетейік, ол "Артем" базарының маңындағы оқиғаның куәгері болды. Кейін ол әлеуметтік желіде ақпарат таратып, оқиға кезінде көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқтың қолданылғанын жазды. Іс Алматы аудандық №2 сотында қаралды.
"Тілеуовті ҚР ҚК 274-бабы 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасады деп танып, осы бап бойынша екі жыл алты айға бас бостандығына шектеу қою түріндегі жаза тағайындалсын. Шектеу қойылған кезеңде Тілеуовке қатаң бақылау мен мыналар белгіленсін - тұрғылықты жерін мемлекеттік мамандандырылған органдарға ескертпей тұрып ауыстыруға (...), көңіл көтеретін және ойын-сауық, демалыс орындарына баруға тыйым салынсын (...)", - деп мәлімдеді судья Айжан Көлбаева.
Тілеуов ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үкім заңды күшіне енгенге дейін қамаудан босатылды. Ол қамауда отырған уақыт (1 шілде - 4 тамыз) бас бостандығына шектеу қойылған мерзімге есептеледі.
Бұған дейін "Артем" базарының маңында болған жаппай төбелес туралы дақпырт әңгіме таратқандардың бірінің ұсталғаны хабарлаған болатын. Елордалық полицейлер 1 шілде күні 16 маусымда "Артем" базары маңында төбелес туралы жалған ақпарат таратқан 1964 жылы туған ер адамды ұстады.
Еске сала кетейік, жаппай төбелес 16 маусым күні кешке сағат 17.00 шамасында болды. Куәгерлердің айтуынша, оған ондаған адам қатысқан. Полицейлер бұл оқиғаға қатысы бар 18 қатысушыны мән-жайды анықтау үшін ұстады.