Экс-полицей Манарбек Өтеуов пен Атырау қалалық Ішкі істер басқармасының бірнеше қызметкеріне қатысты қозғалған қылмыстық істі Бас прокуратура бақылауға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Атырау облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экс-полицей Манарбек Өтеуов пен Атырау қалалық Ішкі істер басқармасының бірнеше қызметкеріне қатысты қозғалған қылмыстық істі Бас прокуратура бақылауға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Атырау облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Прокуратураның мәліметінше, Өтеуовке қатысты қозғалған қылмыстық іс 29 ақпанда Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотына жолданды. Сот отырысы 28 наурызға тағайындалды.
"Тергеу барысында күдікті Манарбек Өтеуов барлық эпизодтар бойынша кінәсін мойындады. Сонымен бірге, ол Атырау қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерінің қала аумағында әртүрлі қылмыстарды ұйымдастырғанын, бірқатар қылмыстық істерді қолдан жасағанын көрсетті. Осы ретте, Арнайы прокурорлар басқармасы ҚР ҚК 361-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық істер материалдарын бұрмалау фактілері бойынша Атырау қалалық ІІБ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Атырау облысының прокурорының басшылығымен жедел-тергеу тобы құрылып, оның құрамына облыстық ІІД-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушілері мен жедел қызметкерлері енгені хабарланған еді.
"Қазіргі уақытта қылмыстық істердің тергелуі шеңберінде Манарбек Өтеуовтің дәлелдері тексеріліп жатыр, оларға тиісті процессуалдық баға беріледі", - деді прокуратура өкілдері.
Айта кетейік, экс-полицей Манарбек Өтеуовке ҚР Қылмыстық Кодексінің 385-бабының 2-бөлігі (жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу), 361-бабының 2, 4-өліктері (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану), 28-бабының 3-бөлігі - 191-бабының 2-бөлігі 3-тармағы (бөтеннің мүлкін ашық жымқыруын ұйымдастыру), 191-бабының 2-бөлігі 1,2-тармақ (күш қолданып тонау), 125-бабының 2-бөлігі 8-тармағы (пайдакүнемдік ниетпен адамды ұрлау), 99-бабының 2-бөлігі 3, 5, 8, 10-тармақтары (адам өлтіру), 362-бабының 4-бөлігі 1, 2, 3-бөлігі (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану), 188-бабының 3-тармағы (аса көп мөлшерде жасалған ұрлық), 380-бабының 1-бөлігі (билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша айып тағылды.
Еске салайық, әлеуметтік желілерде атыраулық экс-полицей Манарбек Өтеуовтің ашық хаты жарияланып, кеңінен таралған болатын. Нақтырақ айтсақ, Атырау қаласы Ішкі істер басқармасының бұрынғы қызметкері, 23 жастағы Манарбек Өтеуов 2015 жылдың тамызында басшыларының бұйрығымен адам өлтіргенін мойындап, хат жазған. Ол хатында адамдардың нақты аты-жөндерін атап, қалалық полиция қызметкерлерінің бірнеше кәсіпкерлерге "жәрдемдесетінін" айтады.