Бір топ жігіт жабылып зорлаған қыздың ағасы КТК телеарнасының тілшілеріне қарындасын қалай тапқанын айтып берді.
Бір топ жігіт жабылып зорлаған қыздың ағасы КТК телеарнасының тілшілеріне қарындасын қалай тапқанын айтып берді.
Еске салайық, қоғамды дүрліктіріп жіберген бұл оқиға осыдан бір апта бұрын болған. 14 тамызда туыстарының туған күнін атап өту үшін Есік қаласындағы мейрамханалардың біріне келген Жібек Мусинованы төрт жігіт ұрлап әкеткен. Яғни соқталдай азаматтар отыз жастағы әйелдің ағасын ұрып-соғып, өзін көлікпен алып кетіпті. Содан күдіктілер қорғансыз келіншекті жабылып зорлап, білгендерін істеген. Ең сорақысы - бұл оқиғаның бәрі аудандық ішікі істер бөлімінің түбінде болыпты. Яғни төрт жігіттен жәбір көрген қарындасын Болат Мусинов полиция бөлімшесінен таяқ тастам жердегі көлік ішінен тауып алған.
"Көліктен үш кісі шықты. "Қарындасым қайда?" деп сұрап едім, "артқы орындықта отыр" деді. Ашып қарасам жалаңаш отырған қарындасым: "Олар мені зорлады" деп айтты", - дейді Жібек Мусинованың ағасы Болат Мусинов.
Жәбірленуші Жібек Мусинованың ағасы Болат Мусинов. © КТК кадры
Осы сәтте екі күдікті қашып кеткен. Ал қалған екеуін Жібектің ағалары ұстап, полицейлердің қолына тапсырыпты. Бірақ тәртіп сақшылары оларды жібере салған. Сондықтан жәбірленушінің анасы жанайқайын айтып, ғаламтор арқылы видеоүндеу жариялаған еді. Гүлбадар Мусинованың бейнежазбасы желіде қызу талқыланып, бұл іс облыстық Ішкі істер департаментінің басшылығына дейін жеткен. Осыдан кейін тәртіп сақшылары дереу үш күдіктіні қамауға алып, тағы біреуіне іздеу жариялады.
Ал зорланған келіншек қазір ауруханада жатыр екен. Қызым қатты шошынып қалған дейді анасы. "Жібекті бірден дәрігерге көрсетіп, медициналық тексерістен өткіздік. Жүйке-жүйесі бұзылған екен. Сондықтан оны Алматыдағы емханалардың біріне жатқызып, емдетіп жатырмын", - деді Жібек Мусинованың анасы Гүлбадар Мусинова.
Оқиға осы ІІБ ғимаратының маңында болған. © КТК кадры
Телеарна тілшілерінің мәліметінше, осы оқиғадан кейін бұл үйге шақыртусыз келетін қонақтардың қатары көбейген. Яғни күдікті жігіттердің ата-аналары күн сайын кешірім сұрап, істі жабу үшін қомақты қаржы да ұсынған екен. Алайда Гүлбадар Мусинова қызын қорлағандарды кешірмеймін дейді. Сондықтан ашынған ана төрт жігіттің де қатаң жазалануын талап етіп отыр (Дереккөз: КТК).
Өз кезегінде ІІД өкілдері бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша тергеудің жүріп жатқанын хабарлады. "Қазіргі уақытта осы дерек бойынша барлық төрт бап бір өндіріске біріктірілді. Басшылықтың ерекше бақылауындағы қылмыстық істің тергеуімен облыстық департамент аппаратының тергеушілері айналысып жатыр", - деп хабарлады Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Полициядағылардың айтуынша, қылмыстық іс материалдарында күдікті ретінде 22-29 жас аралығындағы төрт адам бар. Олардың бірі Алматы қаласының тұрғыны. Олардың үшеуі ұсталып, Еңбекшіқазақ аудандық ІІБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамалған. Төртіншісі әлі іздеуде жүр.