Астанадағы жанармай құю бекетінде кассир қызға қоқан-лоқы көрсеткен ер адам екі күнге қамалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астананың ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанадағы жанармай құю бекетінде кассир қызға қоқан-лоқы көрсеткен ер адам екі күнге қамалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астананың ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанананың мамандандырылған ауданаралық соты жанармай кассиріне сағыз лақтырып, былапыт сөз айтқан адамға жаза кесті. Соттың шешіміне сәйкес, 29 жастағы ер адамға екі тәулікке қамау туралы әкімшілік жаза кесілді. Ол ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 434-бабы - "Ұсақ бұзақылық" бойынша жазаланды. Сотталушының еш жерде жұмыс істемейтіні хабарланып отыр.
Астана қалалық сотының баспасөз қызметінің өкілдері жәбірленушіден арыз түспесе де бұл істің сотқа жеткенін хабарлады.
Бұған дейін Астанада ер адамның жанармай құю бекетіндегі кассир қызға қоқан-лоқы көрсеткен сәтінің видеоға түсіп қалғаны хабарланған болатын. Оқиға Астана қаласында 22 қыркүйек күні таңғы бесте болды. Бейнебақылау камерасына түсірілген видеоны Instagram желісіне кассир келіншектің құрбысы салыпты. Сөйтсе, ер адам кассадан сағыз сатып алу арқылы ақшасын майдалатқысы келген екен. Алайда майда ақша болмағандықтан кассир оған майдалап бере алмайтынын айтады. Бұл уақытта ер адам қызға сағызды лақтырып жіберіп, былапыт сөз айтады. Осы кезде олардың қақтығысына оператор араласады.
Оқиғадан кейін кассир полиция жасағын шақырды. Алайда тәртіп сақшылары қыздың берген арызын қабылдамаған. Куәгерлердің айтуынша, олар ашулы клиенттің жанармай құю бекетінен қандай көлікпен кетіп қалғанын есінде сақтаған.