Жасөспірім басқарған автокөліктің дөңгелектеріне оқ атқан Арқалық полицейі оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жасөспірім басқарған автокөліктің дөңгелектеріне оқ атқан Арқалық полицейі оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сол күні аға сержант Аман Оспанов әріптесімен бірге өрт сөндіруден келе жатқан. Жолда олар жол талғамайтын көліктің көшеде түсініксіз қозғалғанын байқаған. Автокөлік күрт тоқтап, кейін жылдамдықты тез арттырып келе жатқан.
"Көз алдымда жүргізуші қағып кетуі мүмкін адамдар болды. Сондықтан мен көлікті тоқтатуға бел будым. Кейін мен аспанға оқ атып, ескерту жасадым. Көлік тоқтамады. Содан кейін мен көлікті тоқтату үшін, әдейі артқы дөңгелегін көздедім. Бірақ ол тоқтаған жоқ. Дөңгелегі жарылған соң ол 500 метрдей жүріп, үйі алдында тоқтады. Сол кезде ғана мен рөлде жасөспірім болғанын көрдім, өйткені көлік биік болды, ал біз оның арт жағынан келе жаттық", - деді Аман Оспанов.
Оқиға куәгері де оның мән-жайын айтып берді. Арқалық тұрғыны Сабыржан Лекеров дөңгелекке оқ атқан полицейді өз көлігіне отырғызып, заң бұзған жүргізушінің үйіне дейін қуып барған.
"Қауіпті болды, ол тоқтамады. Көше бойында адамдар мен балалар болды, ол біреуді қағып кетуі мүмкін еді. Жол бойында көліктер тұрды. Адамдар көшеге шығып, не болып жатқанын қарай бастады. Ол Солтүстік бойымен жүріп өтіп, тоқтамады, Руднечная бойында да тоқтамады. Джип тағы бұрылған сәтте мен артта болып, бәрін көрдім. Қызметкер көліктен жүгіріп шығып, бір оқты аспанға атты, кейін артқы дөңгелекке атты. Сол сәтте көлік маған қарай келе жатты. Полицей менің көлігіме отырды. Екеуіміз оны үйіне дейін қуып бардық", - деп еске алды жергілікті тұрғын.
Кәмелетке толмаған "шабандоздың" 35 жастағы әкесі бұған дейін істі болған. Ол мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін 2015 жылдан 2018 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылған.
Полицейлер баланың әкесіне қатысты Әкімшілік кодекстің 612-бабы 3-бөлігі, 613-бабы 1-бөлігі бойынша екі хаттама толтырғанын хабарлады, жақын арада Арқалық соты Әкімшілік кодекстің 127-бабы 3-бөлігі ("Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау") бойынша процессуалдық шешім шығарады.
Ата-ананың әрекеті қала әкімдігінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиясында да қаралды, онда әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы ескерту мерзімі (3 ай) туралы шешім шығарылды. Қылмыстық немесе әкімшілік заң бұзушылықтар жасалса, әкесі ата-ана құқығынан айырылады.
Сондай-ақ, полиция Қылмыстық кодекстің 378-бабы ("Билік өкілін қорлау") бойынша соталды тергеу бастады. Қазіргі уақытта жасөспірімнің әкесіне 200 мың теңгеден аса айыппұл салынды, егер оның кінәсі барлық тармақ бойынша дәлелденсе, оған 600 мың теңге шамасында айыппұл салынуы мүмкін.
Бұған дейін Арқалықта полицейлер 14 жастағы жасөспірім басқарған көлікті қуып, дөңгелегіне оқ атқан болатын. Желіде жас жүргізушінің жолаушылары түсірген видео тараған. Кадрлардан баланың жанында нұсқаушы ретінде ер адам отырғанын көруге болады. Қостанай облыстық ПД хабарына қарағанда, оқиға 31 мамырда болған. Жүргізушісі қауіпті маневр жасаған көлікті тоқтату үшін тәртіп сақшылары қызметтік қаруды қолданып, жол талғамайтын көліктің артқы дөңгелектерін атқан.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!