Қостанайда қаңтар айындағы тәртіпсіздіктерде СОБР қызметкерлері митингіге шықты деген жалған хабарламаның авторы ұсталды. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қостанайда қаңтар айындағы тәртіпсіздіктерде СОБР қызметкерлері митингіге шықты деген жалған хабарламаның авторы ұсталды. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әділов қаңтардағы оқиғалардан кейін желіде азаматтардың қоғамдық санасын бақылау үшін ақпараттық соғыс басталғанын мәлімдеді.
"Әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті. Жалған хабарламалардың негізгі бөлігі елден тыс жерлерден таратылды. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде осындай 50-ден аса аккаунт анықталды", - деді ол.
ІІМ деректері бойынша, бүгінде көрінеу жалған ақпарат таратты деген дерекпен 13 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр.
"Екі адам қамауға алынды, тағы екеуі үй қамауына алынды. Мысалы, Қостанайдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Telegram мессенджерінде СОБР қызметкерлерінің митингіге шыққаны туралы жалған ақпарат таратқан тұрғын ұсталды", - деді Санжар Әділов.
Сонымен қатар, ІІМ Тергеу департаменті бастығының айтуынша, фейк авторы полиция қызметкерінің атынан "ешкімді ұстамайды" деген екі хабарлама жариялап, қазақстандықтарды митингке шығуға шақырған.
"Тағы бір жағдайда, Ақмола облысының тұрғыны 10 қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін елдегі жағдайды тұрақсыздандыру үшін өзінің Facebook-тегі парақшасында полиция қызметкерлерін өлтіруге үгіттейтін пост жариялады", - деп толықтырды Әділов.
Еске салайық, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газы қымбаттауына байланысты митингіге шыққан болатын. 3 қаңтарда бірден бірнеше облыста митингілер басталды. Наразылық шарасына мұнай өндіруші кәсіпорындардың жұмысшылары да қосылды. 4 қаңтарда өзге де қалаларда бірден жаппай тәртіпсіздік басталды.
Тұрғымбаев Қазақстанда жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиғалар хронологиясын баяндады
Кейінірек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізілді.
Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді
5 қаңтарда үкімет отставкаға кетті, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, сұйытылған газ, бензин және дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу енгізілді. Алайда толқу күшейе түсті. Алматы қаласы қатты зардап шекті. Бүлікшілер әкімдік ғимаратын өртеп жіберді, Президент резиденциясын басып алды, дүкендерді, сауда орталықтарын, банк кеңселері мен банкоматтарды қиратып, тонады.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының өсуіне байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, "Қазмұнайгаз" бен "Қазақгаз" кәсіпорындары кінәлі екенін айтты.
6 қаңтарда Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. ҰҚК-нің жаңа басшысы болып Ермек Сағымбаев тағайындалды. Дәл осы күні ҰҚК Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша "Мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша соталды тергеу амалдары басталды. Қылмыс жасады деген күдікпен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа да тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал 10 қаңтар Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қазақстандағы тәртіпсіздіктерден бизнеске келтірілген шығын 12 қаңтарда 100 миллиард теңгеден асты. Қаза болғандар мен зардап шеккендер саны анықталып жатыр, әлі белгісіз.
11 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа үкімет мүшелерін тағайындады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!