28 наурыз 2022 10:10

"Қазақстандық жұлдыздар жарнамалады". Safari Mebel алматылықтарды қалай алдады?

Жансая Қадыржанова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Көрнекі сурет: elements.envato.com Көрнекі сурет: elements.envato.com

Алматыда эстрададағы танымал дуэт жарнамалаған Safari Mebel компаниясының басшысы ұсталды. Клиенттер компанияны алаяқтық жасады деп айыптаған. Олар компания ақша алып, уәде етілген жиһазды жасап бермеді деп шағымданған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Алматыда эстрададағы танымал дуэт жарнамалаған Safari Mebel компаниясының басшысы ұсталды. Клиенттер компанияны алаяқтық жасады деп айыптаған. Олар компания ақша алып, уәде етілген жиһазды жасап бермеді деп шағымданған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Алматылық Айгүл Алдаярова былтыр көктемде Алмалы ауданындағы жаңа үш бөлмелі пәтеріне жиһаз алғысы келген. Ол Safari Mebel-ден төрт шкаф, екі кереует, диван, ас үйге және кіреберіске арналған жиһазға тапсырыс берген. Әйелдің айтуынша, бұл компанияны отандық жұлдыздар жақсы пікір білдіргенін көргеннен кейін таңдаған.

"Олар Instagram-да осы компанияның жиһазын мақтады. Біз де сапалы жиһаз іздедік және мұндай адамдар жарнамаласа, жақсы компания шығар деп ойладық. Сөйтіп, сендік. Өйткені біздің жұлдыздар кім болса соны жарнамалайды деп ойламадық. Осы жарнамаға алдандық", - деді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от B E R K U T (@berkut_aibekjan)

Алдаярова 12 затқа тапсырыс беріп, олар алдын ала өлшеп алғаннан кейін компаниямен арада бес миллион теңгеге келісімшарт жасаған. Safari Mebel басшысы құжатта тапсырыс 45 күн ішінде орындалатынын айтқан. Содан кейін әйел 100 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасаған. Ол бес күн ішінде алдын ала төлем ретінде жалпы көлемі 2,5 миллион теңге берген.

"22 наурызда Safari Mebel директоры Аманжол Смағұловпен келісім жасадық. Оның кеңсесі "Кәусар" бизнес орталығында орналасқан. Маған тауар чегі берілді, бірақ мен фискалды чек беруін өтіндім. Ол кейінірек беретінін айтты, бірақ ақыр аяғында бермеді.

Сәуірдің басында оның компаниясының қызметкерлері бөлмелерді өлшеуге келді. Олар кейін қайта өлшеді. Ал 20 сәуірде соңғы жиһаздың эскизін бекіттік. Асүй жиһазының құны - 1,8 миллион теңге, шкафтар - 250 мың, кіреберіс жиһазы - 700 мың теңге. Алдын ала төлемді мобильді қосымша арқылы Ысмағұловтың әйелінің шотына аудардым", - деп қосты ол.

Алматылық жиһазды 5 мамырда алуы керек еді. Алайда оның пәтеріндегі жөндеу жұмыстары бұл күнге дейін аяқталмаған, сондықтан Айгүл жиһаздарды бірнеше күннен кейін әкелуін өтінген.

"Келісімшарт жасаған кезінде Safari Mebel директоры белгіленген мерзім ішінде дайын тұрған пәтерге жиһаз орната алмаса, біз айыппұл төлеуге мәжбүр болатынымызды ескертті. Ол осылай қорқытты. Бірақ кейін ол өтінішіме қуана-қуана келісті. 13 мамырда пәтер дайын болды, бірақ жиһазды әкелмеді. Ол келесі күні бәрі жасалатынын айтты, бірақ уәделері созыла бастады. Содан кейін қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермей қалды. Аяғында ашуланып, жоқ дегенде дайын жиһаздың суреттерін жіберуін сұрадым. Жауап алмағасын, әйеліне хабарластым. Ол не болып жатқанын білмейтінін және анықтауға тырысатынын айтты", - деді ол.

Алдаярованың айтуынша, ол жиһазды тек маусымның басында ала бастаған. Жиһаз жинайтын мамандар оны бөліктерге бөліп әкелген: алдымен жақтау, содан кейін есіктер және т.б.

"Келісім бойынша, ең алдымен олар ас үй жиынтығын әкелуі керек еді. Бірақ шкафтардан бастады. Бірінші жақтауын әкеліп орнатты. Сонымен қатар, бірнеше бөлікке бөліп әкелді: бір келгенде - шкафтың жартысы, тағы бір аптада немесе 10 күнде басқа бөлігін деген секілді. Сапасы туралы үндемеймін, жиһаздың жағдайы өте нашар: бүлінген, дұрыс кесілмеген. Мен оған да көндім. Тек жиһазды жинап берсе болды дедім. Бірақ жиһаз жинайтындар оны да істемеді.

Әрине, осы уақыт ішінде Safari Mebel директоры жүйкемізді жұқартты. Ол біздің жиһаз дайын екенін айтты, бірақ жиһаз жинайтын мамандар жоқ екенін, олар басқа нысанда жұмыс істеп жатқанын, босағаннан кейін бізге келетінін жеткізді. Менің ойымша, ол осылайша уақыт созды. Сірә, бұл көп адамды тарту үшін жасалды. Себебі бірдеңе дұрыс емес екенін сездім", - деді әйел.

Айгүл Алдаярованың аяқталмаған асүй жиһазы

Осыдан кейін алматылық келіншек күйеуімен бірге осы компанияның жиһаз цехына барған. Бұл былтыр шілдеде болған. Бірақ олар күтпеген жағдайға тап болған.

"Аманжол Смағұловтың цехында біздің жиһаздардан мүлдем ештеңе болған жоқ. Ол өзі ол жерге келмеді. Содан кейін бұл Safari Mebel-дің меншігіндегі нысан емес екенін білдік. Бұл тек жалға алынған жер екен. Бұл шеберхана емес, жиһаздың кейбір бөлшектері сақталған қойма болып шықты. Шошып кеттік", - деді ол.

Содан кейін Алдаярова Safari Mebel директорына шарт бұзылғандықтан сотқа жүгіну туралы жазбаша ескерту жіберген. Ол осы қағаздан кейін тағы 10 күн сұраған.

"Ол 30 шілдеде қағазға қол қойып, осы мерзімге дейін жиһазды әкелетінін айтты. Ол тіпті тапсырысымызды аяқтау үшін ақша жоқ екенін ашық айтты, сондықтан қазір ол жаңа тапсырыс алып, клиенттер алдын ала төлегеннен кейін біздікін аяқтайтынын жеткізді. Мен таңғалдым.

Бірақ тамызда да, қыркүйекте де жиһаз дайын болмады. Сол кезде батыл шешім қабылдадым. Алайда Смағұловтың әйелі біздің үйге келіп, өнімнің сапасын көріп, оның жағдайы нашар екеніне келісті. Ол жүкті екенін айтты және күйеуі тапсырысымызды аяқтауы үшін тағы бір жарым ай сұрады. Адами тұрғыдан оның жағдайын түсіндім", - деп атап өтті ол.

Айгүл Алдаярованың аяқталмаған асүй жиһазы

Алматылық 8 қазанға дейін өз тапсырысын ала алмай, сотқа арыз берген.

"Смағұлов та, әйелі де қоңырауларға жауап бермеді. Ол тіпті қайда барсам да, ештеңе істей алмайтынымды айтты. Алайда менің өтінішімнен кейін осы алаяқтардың құрбандары маған хабарласа бастады. Менің нөмерімді Safari Mebel-дің жиһаз жинайтын мамандары берген. Директоры оларға кейінгі жарты жылда жалақы төлемеген: біреуге 800 мың, біреуге 900 мың теңге", - деп қосты Алдаярова.

Басқа зардап шеккендердің айтуынша, Аманжол Смағұлов олармен 2021 жылдың наурызына дейін келісім жасаған. Сондай-ақ, оларға да жиһазды аяғына дейін жасап бермеген. Барлығы 30-дан аса адам жиналған.

"Біреу 11 миллион теңге, біреу-бес миллион теңге көлемінде алдын ала төлем жасады. Менде жиһаздың бір бөлігі бар, бірақ екі миллион төлеп, ал алты айдан аса уақыт өтсе де, ештеңе алмаған адам бар. Кейбіреулерінде менікі сияқты жағдай: жиһаздың бір бөлігі ғана орнатылған, сапасы нашар", - деп қорытындылады Айгүл Алдаярова.

Айгүл Алдаярованың аяқталмаған асүй жиһазы

Әнші Бүркіт те (шын есімі Айбек Жансейітов) оқиғаға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, Safari Mebel-мен серіктес болуды компания директоры Аманжол Смағұлов ұсынған.

"Бір жарым жыл бұрын Instagram арқылы өтініш жасады. Тапсырысқа жиһаз жасап бере алатынын айтты. Үйге жиһаз қажет болғандықтан келістік. Бартер ретінде келістік: олар бізге балалар бөлмесіне жиһаз жасап береді, ал біз Instagram арқылы жарнама жасап береміз. Артынша Аманжол есімді жігіт үйге келіп, бәрін өлшеп, бір айдан кейін дайын болатынын айтты", - дейді әнші.

Оның сөзінше, келіскен уақытта жиһаз дайын болған. Бүркіт пен Аишаға жиһаз сапасы ұнаған, сондықтан Safari Mebel туралы Instagram-парақшаларында жарнама жасаған. Бірнеше айдан кейін әнші тағы да сол жиһаз компаниясына жүгінген.

"Басқа бөлмеге жиһаз жасап берулерін сұрадым. Ол тапсырыс көп болғандықтан кейінірек жасап беретінін, қолы босағаннан кейін келіп өлшеп кететінін айтты. Біраз уақыттан кейін жігіттер келді, біз не қалайтынымызды көрсеттік. Келісімге келгеннен кейін олар кетті. Сол уақыттан бері жиһазымызды жасап жатыр. Одан бері бір жылдан аса уақыт өтті.

Оларға хат жазсам, жақында жасап береміз деп жауап береді. Бірақ қазір олардан үміт аз. Не болып жатқаны және неге бәрін кешіктіріп жатқанын түсінбейміз. Бәлкім, біз жақсы жарнама жасағаннан кейін оларда клиент көп шығар. Меніңше, олар көп тапсырыс алып, бәрін орындай бермейді. Бірақ жұмыс пен сапа жағынан Safari Mebel компаниясына ешқандай шағым жоқ. Жиһаздар тамаша, балалар риза", - деп қосты ол.

Айгүл Алдаярованың аяқталмаған жиһазы

Полиция Safari Mebel басшысы қамауға алынғанын айтты. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы "Бірнеше рет жасалған алаяқтық" бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамға бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.

"Safari Mebel директорының және басқа да тұлғалардың алаяқтық дерегі - олардың әлеуметтік желіде өз қызметін жарнамалау арқылы тұтынушыларды тартуы. Жарнаманы көрген азаматтар қызметтің ашықтығына күмән келтірмей, олармен байланысқа шыққан. Сенімге ие болу үшін күдіктілер нақты тапсырыс бойынша өлшем жүргізіп, алдын ала төлем алған, тіпті жиһаздарды жасау және орнату бойынша келісімшарттар жасаған. Нәтижесінде, алданған азаматтар жиһаз алмаған. Ал олар төлеген соманы қайтармаған",- деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов.

Оның айтуынша, 30-дан аса азамат өтінішпен жүгінген. Қазір жалпы материалдық шығын 32 миллион теңгеден асады.

"Осы тұлғалардың қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтарды 8-777-250-68-37 - Ерғали Ибраимов және 8-701-624-28-24 - Қайрат Қасымбаев телефондары арқылы хабарласуды сұраймыз", - деді Әбдірахманов.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети