Нұр-Сұлтанда вакцинация паспортын қолдан жасаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтанда вакцинация паспортын қолдан жасаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, ер адам кез келген құжатты дайындай алатынын айтқан.
"Ол елорда тұрғындарына 20 күн ішінде вакцинация паспортын жасап беруді ұсынған. Бұл жағдайда клиенттер алдын ала ақша төлеуі керек болған. Ол мерзіммен ешқандай қиындық болмайтынын айтып уәде берген. Ер адам жұмыс орнының жанында 50 мың теңге көлемінде ақша алып тұрған жерінен ұсталды. 28 жастағы күдіктінің айтуынша, вакцинация паспорттарының өзектілігін ескере отырып, қосымша ақша табуды ұйғарған", - делінген хабарламада
Полиция қылмыстық іс қозғап, жалған вакцинация паспорттарын аламыз деп алданған және оған жүгінген адамдар санын анықтап жатыр.
Бұған дейін 9 тамызда 20 медицина қызметкерінің ұсталғаны туралы хабарланған болатын. Оларды полицейлер жалған вакцинация паспорты және ПТР-анықтамасын қолдан жасау бойынша әшкерелеген.
Еске салайық, мұндай әрекет үшін жауапкершілік ҚР ҚК-ның 385-бабында ("Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу") көзделген.
Бап санкциялары 2 000 АЕК-ке (5,8 миллион теңге. - ескерт.) дейінгі айыппұл түрінде не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі айға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды көздейді.
Егер заң бұзу дерегі бір жыл ішінде қайталанса, сондай-ақ вакцинация паспортын қолдан жасау әрекетін адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы жүзеге асырса, айыппұл 4 000 АЕК-ке дейін өседі, ал бұл 11,6 миллион теңге. Сондай-ақ, тәртіп бұзушыларды 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға болады.
Жалған вакцинация паспортын қолданушыларға 160 АЕК (шамамен 467 мың теңге. - ескерт.) көлемінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға құқығы бар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!