Нұр-Сұлтандағы тұрғын үй кешендерінде лифтіні бүлдірген бірнеше бұзақы жазаға тартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Нұр-Сұлтандағы тұрғын үй кешендерінде лифтіні бүлдірген бірнеше бұзақы жазаға тартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Елордалық ПД баспасөз қызметі ақпараты бойынша, Нұр-Сұлтанда кейінгі күндері жалпы үй мүлкіне зиян келтіру бойынша бірнеше дерек тіркелген. Солардың бірі, 36 жастағы ер адам шамамен түнгі 02:27-де мас күйде Мәңгілік ел көшесіндегі тұрғын үй комплекстерінің біріне кіріп бара жатып, лифтідегі бақылау камерасы орнатылған жарнама мониторын бұзып, қабырғасын тепкен.
Бұзақыға қатысты бірден екі әкімшілік іс қозғалған: қоғамдық орында мас күйде болғаны үшін және "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша. Соттың шешімімен ол әкімшілік қамауға алынып, арнайы әкімшілік тұтқындарға арналған қабылдау орнына орналастырылған.
Осыған ұқсас жағдай қаланың тағы бір ауданында болған. Оқиға 26 маусымда 20:00-де, оң жағалауда болғаны анықталды.
"Бұл дерек бойынша 32 жастағы көпқабатты үй тұрғыны анықталды. Оның айтуынша, ұялы телефонын лифт шахтасына түсіріп алған соң, темір сыммен есікті бұзып, ашуға тырысқан. Сонымен қатар, ол бейнебақылау камерасы түсіріп тұрғанын көріп, оны ұрып сындырған. Нұр-Сұлтан ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысына сәйкес бұзақыға айыппұл салынып, әкімішілік қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда тұрғын үй комплексіндегі лифтіні бұзу дерегі бұған дейін де тіркелген. 19 маусымда полиция қызметкерлері лифтідегі мониторды сындырған ер адамды ұстаған еді. Соттың шешімімен оған 5 АЕК айыппұл салынды.
Кейінірек бұл жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірген еді.
"Күні кеше ер адам лифтідегі мониторды бұзып, 14 мың теңге айыппұл алды. Бұлай болмайды. Мұндай әрекет үшін кем дегенге 15 тәулікке қамауға алу керек немесе 1 жыл түзету жұмыстарын істеуі қажет. Осы тектес жағдайларға көз жұмып қарауға болмайды. Жеңіл жаза мен жазасыз қалу құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың санын арттырады. Сондықтан осы сұраққа қатысты заң жобасын күшейту керек", - деді Тоқаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!