Прокурор Мүіслім Өмірияевті 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Астана қаласында бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияевке қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот тергеуі аяқталды.
Прокурор Мүіслім Өмірияевті 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Астана қаласында бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияевке қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот тергеуі аяқталды.
"Айыптау тарапы жазаны жеңілдетуге болатын мынадай жайттарды назарға алды: сотталушының отбасылық жағдайы, асырауында төрт жас баласының болуы, қылмыстық жауапкершілікке бірінші рет тартылуы, жақсы мінездеме, пікірлер. Осының негізінде Өмірияев Мүсілім Тайырұлын ҚР ҚК 311-бабының 5-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасауға айыпты деп тануды және мүлкін тәркілеумен бірге қатаң режимдегі колонияда 12 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынамын", - деді мемлекеттік айыптаушы Қанатжан Қамалбек. Прокурор сотталушының кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді.
2013 жылдың 21 желтоқсанында Мүсілім Өмірияев аса қомақты мөлшерде, 100 мың доллар сомасында пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Сол уақытта тергеу жоғары лауазымды шенеуніктің Ауыл шаруашылығы министрлігі өткізген мемлекеттік сатып алу конкурсында алматылық кәсіпкерге көмектескен деген нұсқаны ұсынды. Кейін тергеу кезінде алты миллион теңге көлемінде пара беру ісі де бары анықталды. Одан соң куәгер Олег Ермолаев сотта Алматы қаласынан Астанаға Мүслім Өмірияевке екі мәрте ақша салынған қап әкеліп бергенін айтты. Бірақ Ермолаев бұл қаржының қандай мақсатта және қайдан алынып жатқанын білмейтінін жеткізді. Ал сотталушы болса 100 мың доллар ақшаның пара емес, қарызға алынған қаржы екенін айтқан еді.
Бұған дейін судья Ербол Рахымбеков Мүсілім Өмірияев қорғаушыларының пара берушілерді де жауапкершілікке тарту туралы қосымша тергеуге қайтару жайындағы өтінішін кері қайтарған. Айыпталушы болса процес кезінде өзіне тағылған айыпқа келіспейтінін және кінәсін мойындамайтынын мәлім етті.
Бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министріне қатысты сот ісі осы жылдың қыркүйек айында басталған. Ол қазір қамауда отыр. Мүсілім Өмірияев айыпталып отырған ҚР Қылмыстық кодексінің аса ірі көлемде пара алу туралы 311-бабы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Айта кетейік, сот отырысында куәгер ретінде оның әріптестері қатысқан, олар ведомство үшін оның қамауға алынғаны күтпеген жағдай болғанын мойындады. Тіпті ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің өзі де өз құзырындағы адамның кінәлі екеніне сенбеген. Қаржы полициясы Мүсілім Өмірияевті қамауға алған соң Асылжан Мамытбеков әлеуметтік желідегі жеке парақшасына болған жайтты арандату деп санайтынын жазған. Бірақ егер сот Өмірьяевтің ісін дәлелдесе отставкаға кететінін айтты.
Еске сала кетейік, Мүсілім Өмірияев 2011 жылы Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалған. Оған дейін ол әр жылдары "Русские фермы" халықаралық қорында бас директор, Алматыдағы "Южный центр" серіктестігінде қаржы директоры, "Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясында" РМҚК директоры және Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы қызметтерінде болған.