Ресейде үш жыл бойы іздеуде болған қылмыскер Көкшетауда ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресейде үш жыл бойы іздеуде болған қылмыскер Көкшетауда ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Ресейдің 48 жастағы азаматы, Солтүстік Қазақстан облысының тумасына Ресейдің ІІМ Омбы қаласы бойынша басқармасы 2012 жылы іздеу жариялаған.
"Ер адам 2012 жылы қазан айында қылмыс жасап, РФ ҚК 161-бабы 2-бөлігі "Тонау" бойынша іздеуде болған. Үш жыл бойы ресейлік полицейлер оны іздестіру жұмыстарын жүргізді", - делінген ІІД хабарламасында.
Айта кетейік, ұсталған азамат Көкшетау қалалық ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалды, оған іздеу жариялағандарға хабар берілді, енді оны Ресейге экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр.
Еске сала кетейік, осыдан тура бір жыл бұрын Ресей іздеу жариялаған алаяқ 17 жылдан кейін Қазақстанда ұсталған болатын. Полиция қызметкерлері анықтағандай, іздеуде жүрген азамат 17 жыл бұрын РФ Қылмыстық кодексінің 159-бабы 3-тармағы бойынша (алаяқтық) қылмыс жасап, үш вагон балықты иемденіп кеткен. Осындай қомақты тауармен бірге ол елден ғайып болып, осы уақытқа дейін Теміртау қаласында тұрған және құрылыспен, үй жөндеумен айналысқан.