Сәуір мен мамырда террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 13 адам сотталды. Қылмыстық істерді ҰҚК тергеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, сотталғандардың бірі, Астана тұрғыны әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттап, айналасындағыларды террористік белсенділік аймақтарына шығуға үгіттеген. Сот шешімімен ол 8 жыл бас бостандығынан айырылды.
"Екіншісі, Шымкент тумасы айналасындағыларды Қазақстанда теократиялық мемлекет құруға шақырып, терроризм идеяларын таратқан. Сот оны 7 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды", - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Осы кезеңде Астана, Алматы, Шымкент пен Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Абай облыстарында осындай қылмыстар жасады деген күдікпен 11 адам, оның ішінде екі шетелдік және шетелден экстрадицияланған үш Қазақстан азаматы ұсталды. Олар интернетте және өз айналасында экстремистік материалдарды таратты, террористік белсенділік аймақтарына шығуға және өздерінің ұстанымдарымен келіспейтін адамдарға қатысты зорлық-зомбылыққа шақырды деген күдікке ілінген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін ҰҚК жыл басынан бері террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 17 адам сотталғанын хабарлаған болатын.